Атырау, 24 сәуір 00:25
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

"Таршылықтағы" ой

Бейнежазба
6 540 просмотра


2016 жылғы сәуірдегі «жер» митингісіне қатысқаннан кейін Макс БОҚАЕВПЕН бірге бес жылға бас бостандығынан айырылған Талғат АЯН бостандыққа шығып, 29 сәуірде Атырауға үйіне келгені белгілі. Жақында ол шағын сұхбат беремін деген уәдесін орындау үшін «АЖ» редакциясына келді.  

Естеріңізге салайық, 2016 жылы 29 қарашада Атырау қалалық №2 соты Талғат пен Максты  Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім еткен болатын. Екеуі де Петропавлға жақын жердегі түзету мекемесіне жіберілді.

Өткен жылдың тамызында Талғатты Ақтөбедегі колонияға ауыстырды. Биыл сәуір айында Ақтөбе қалалық соты оған жазаның бас бостандығынан айыру түріндегі өтелмеген бөлігі - 3 жыл 1 ай 17 күнді шектеумен алмастырды. 

- Талғат, үйге аман-есен оралуыңызбен. Қазіргі жағдайыңыз, көңіл күйіңіз қалай?

- Рахмет, еліме оралып жатырмын. Жанұяма қосылып, қуанып жатырмын. Әрине, бостандыққа шыққаныма қуаныштымын.

- Түрмедегі уақытыңызды қалай өткіздіңіз? Немен айналыстыңыз?

- Бос уақытымды көбіне кітап оқумен өткіздім. Соңғы жарты жылда жаңа тілдер үйренуге ден қойдым. Достарым ағылшын тіліндегі кітаптарды салып жіберіп отырды.

- Сонда бірге отырған адамдармен қарым-қатынасыңыз қандай болды?

- Қарым-қатынасым нашар болған жоқ, өзім заңгер болғандықтан барынша құқықтарын түсіндіріп, заң жағынан көмектесуге тырыстым.

- Түрме қабырғасында қандай ойлар мазалады?

- Негізі шындығын айтқанда, мен көп ойламауға тырыстым. Себебі, жүйке жүйесіне кері әсерін тигізетінін түсіндім. Көп ойлап, ауырып қалып жатқан адамдарды да көрдім. Дегенмен, кейде «жазықсыз отырдым, мына жақта не істеп жүрмін» деген ойлар да келді

"АЖ" ақпараты: Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару кодексі, 66-бап.                                                         Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу шарттары:  1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазасын өтеп жүрген сотталған адам: 1) сот жүктеген міндеттерді орындауға; 2) пробация қызметінің талаптарын орындауға; 3) пробация қызметінің ұсынуы бойынша сот айқындаған жерлерге бармауға; 4) пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жерін, жұмыс, оқу орнын ауыстырмауға; 5) пробация қызметін хабардар етпей әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге кетпеуге;  6) пробация қызметіне белгіленген күндері тіркелу және өзімен тәрбие жұмысын жүргізу үшін келіп тұруға міндетті. Келмеуінің дәлелді жағдайлары осы Кодекстің 53-бабының екінші бөлігінде көрсетілген; 7) жеке басын куәландыратын құжатты өзімен бірге алып жүруге міндетті.


- ҚР ҚК-ның 73-бабы бойынша сіздің жазаңыздың бас бостандығынан айыру түріндегі өтелмеген бөлігін бостандығын шектеумен ауыстырылды. Осы туралы айтыңызшы.

- Иә, жазаның өтелмеген бөлігі жеңіл түріне ауыстырылды. Ол енді қылмыстық кодексте көрсетілген жағдай. Кез келген сотталған адам белгілі бір уақыт жазасын өтегеннен кейін осы аталған 73-бап негізінде жазасын жеңілдету туралы өтінішті сотқа түсіре алады. Мен солай істедім. Қалған 3 жыл 1 ай 17 күнді шектеуге ауыстырды. Бұл процесте кінәңды мойындайсың ба немесе өкінесің бе деген сияқты сұрақтар қойылмайды. Жоғары соттың №6 қаулысы бар, сонда да өтелмеген жаза бөлігін ауыстыру кезінде немесе шартты-мерзімінен бұрын босату кезінде мойындау-мойындамау, жазаның қатаңдығы немесе жеңілдігі туралы жағдайлар ескерілмеу керек делінген. Бұл қаулы менің жеке тәртібіме байланысты шығып отыр. Жаза өтеу кезінде сотталғандардың міндеттеріне дұрыс  көзқараспен қарап, қоғамдық, тәрбиелік, спорттық-мәдени шараларға қатысқаным үшін тәртібіме оң көзқараспен қарағаны үшін өтініш пен қолхат жазып, сотқа беру мүмкіндігімді пайдаландым.

- Жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

- Үйге келгеніме тек екі күн болды, әлі ешқандай жоспарым жоқ. Алдағы уақытта көре жатармыз. Сол заңгерлік қызметпен айналысатын болармын. Соттың үкімімен қоғамдық жұмыспен айналысуға үш жылға тыйым салынған. Сонымен қатар, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзімді қолдағандарға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің газеттеріңізге алғысым ерекше. Қашан да осындай объективті басылым болып қалыңыздар.

P.S. Басқа бейресми көздерден алған ақпараттарымыз бойынша, Талғат шартты-мерзімінен бұрын босату туралы өтініш жазар алдында Макспен кеңесіпті және ол «Заң жүзінде ШМБ алу құқығың бар, балаларың бар, өтініш жаз. Ал мен жазбаймын...» деп досын қолдаған екен. (Бұл жерде Астана қалалық соты осы жылдың қаңтарында Макстың үйіне жақын жерге ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмағанын атап өткен жөн). Жоғарыда айтылған жайттарды ескерсек, әлеуметтік желіде жеке тұлғалардың Талғат кінәсін мойындап, белгілі бір процессуалдық келісімге қол қойды деген әңгімелері шындыққа жанаспайды.


Айнұр САПАРОВА

Сурет және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

4 мамыр 2018, 10:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.