Атырау, 19 сәуір 10:42
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Шатыр жиегінде

Сурет Бейнежазба
3 858 просмотра


Атыраудағы осы шағын шаруашылық-тұрмыстық жанжал «Құлагер Жайық» ЖК үйінің ортақ чатынан тысқары шығып кетті. Оған қатысушылардың бірі жұртшылық алдында өз-өзіне қол жұмсаймын деп қоқан-лоққы көрсетіп, айыптау хатын әлеуметтік желіге таратып жіберген еді.

БІРГЕ БАРДЫҚ

Хат авторының ауыр сырқаты да бұл хикаяны шиеленістіріп жібереді. Қайрат ЕСБЕРГЕНОВ 10 жылдан бері бүйрегін ауыстырып салу кезегінде тұр және жасанды бүйрек аппаратының арқасында тірі жүр. Аптасына үш рет гемодиализ қабылдайды. «Құлагер Жайық элиталық үйінің ауқатты тұрғындары арбаға таңылған бірінші топтағы мүгедектің мүлкін алып қойып отыр» деген атышулы тақырыптағы хатында Алматыдағы емхананы тастап, өзінің айтуынша, өз дегеніне жету үшін немесе өлу үшін Атырауға келу ниеті туралы мәлімдеді. Шынымен де, ол 26 сәуірде таңертең өзі тұратын 17-қабаттан арбамен үй фойесіне төменге түсті. Журналистер, облыстық прокуратура мен қалалық әкімдік қызметкерлері лифт ішінде бірге болды. Біз «Құлагер Жайық» ПИК-і орналасқан кабинетке беттедік. Негізінен осы ПИК-тің қазіргі төрағасы Сергей ПАВЛОВҚА бұрынғы төраға Есбергеновтің талабы бар еді.


ШАТЫРДЫҢ ШЫРҒАЛАҢЫ

Үйдің 17-ші (техникалық) қабатындағы пәтер мен кеңсенің иесі ретінде Есбергенов көп жылдар бойы шатырға қатысты қиындықтар болғанын растайды. Шатырдан су ағып тұрған, бірақ ПИК жөндеу жүргізбеген.

- Әр жауын жауған сайын өз мүлкіме жөндеу жүргізуге тура келеді. Шығыным өтелмеді. ПИК-тің әрекетсіздігі мен аққан судан шаршағандықтан тұрғындар жиналысында шатырдың алаңын маған берген жағдайда, шатырды ұстауды және жөндеуді өз мойныма алуға ұсыныс жасадым. Шатырды ұстаудан бөлек үйді өз есебіммен күзетпен қамтамасыз етуге (Есбергеновтің жеке күзет агенттігі бар - З.Б.), аумақты абаттандыруға және қауіпсіздік жүйесін - өртке қарсы дабыл жүйесін, бақылау камерасын орнатуға міндеттелдім. Тұрғындардың көпшілігі менің ұсынысымды қолдады, бірақ ПИК-ті басқаруды да қоса алуды өтінді. Өйткені бұрынғы төраға ұрлықпен ұсталып, жұмыстан шығарылған еді. Маған келісуге тура келді. 2017 жылдың маусым айында міндеттерімді атқаруға кірістім.

Әрі қарай ол төраға болған қысқа уақыт ішінде атқарған жұмыстарының ұзын-сонар тізімін санамалап шықты. Бұл жұмыстар тұрғындардың қызу қолдауымен жасалды, деп сендіреді Қайрат. Балалар алаңы, газон, жаңа бақылау-өткізу будкасы, көлік қою алаңын кеңейту, жаңа кеспе тастар, сәнді мүсіндер, отырғыштар, қабаттардағы өрт сөндіргіштер... Коммерциялық үй ғимаратының ауласы шынымен де жып-жинақы, әдемі көрінеді. Бірақ бір жарым ай өткен соң шатырды жаңа төрағаның меншігіне беруге келісім бермеген бірнеше пәтер иесі өз пікірлерін өзгертпеді. Бүкіл үй қолдағанмен, үш адам – қарсы. Ал бұл үшін 100 пайыз келісім керек.

- Қыркүйекте чатта оларға егер бұл мәселе шешілмесе, әрі қарай жұмыс жасаудан бас тартамын, басқа ПИК төрағасын табыңдар деп мәлімдедім. Бірінші ескертуді тамыз айында жасадым, содан кейін қыркүйектің басында және ортасында ескерттім, осы айдың аяғында ПИК-тен кетіп қалдым. Тұрғындарға шатырды бермейтін болсаңдар, менің шығындарымды өтеңдер немесе маған өз мүлкімді ең болмаса, бақылау-өткізу будкасын, балалар алаңын, отырғыштарды, мүсіндерді бұзып, алып кетуге мүмкіндік беріңдер дедім. Ауланы кеңейтуге, бетон төсеуге жұмсалған шығындарды қайтармайтындықтарын айтты, ал олардың бәрін алып кету де мүмкін емес.

- Сіз бұл үшін неге өз қаржыңызды салдыңыз?

- Ең басында тұрғындар маған «шатырды өз атыңа жаздырып алған соң, уәдеңді орындамай қалсаң ше?» деген сөздер айта бастады. Мен «жақсы, шатыр алаңын бергенін күтпей-ақ, бәрін аванспен жасайын» дедім. Сосын «кейін мені дымсыз қалдырып жүрмеңіздер» деп айтқаным есімде. Қыркүйекте денсаулығыма байланысты Алматыға емханаға кетіп қалдым. ПИК-те бүкіл есеп құжаттары: төлем тапсырмалары, орындалған жұмыс актілері, келісімшарттар, жөнелтпе құжаттар, қабылдау-беру актілері бар. Биылғы жылдың наурыз айына дейін менің мүлкім бойынша жауап берілмеді. Осы уақыт бойына ПИК-тің жаңа төрағасы Павлов менің хатымды елемеді, өздеріне ештеңе керек еместігін, бәрін бұзып алып кетуіме болатынын ауызша айтумен болды. Бірақ сәуір айында бар мүлкімді сатып алушыларды тапқанымда, Павлов күтпеген жерден маған ештеңе бермейтінін айтты. Сөйтіп, ПИК-тің ақшасын ысырап қылды деп, дәлелсіз айыптай бастады. Алайда менде барлық қатынасхаттар сақталған, бар жұмыс бүкіл үйдің көз алдында жүргізілді (тұрғындардың ортақ чатында есептер берілді). Менің не үшін кінәлі екенімді және қай жерде ысырап қылғанымды көрсетсін? Әрбір тиын үшін қайтадан есеп беруге дайынмын. Онлайн-банк, төлем құжаттары бар, ол арқылы бүкіл ақшаның қайда кеткенін анықтауға болады.

ӨЛУ ҮШІН ҰШЫП КЕЛДІ МЕ?

- ПИК төрағасы Павлов бүкіл тұрғындардың атынан мүліктің енді маған тиесілі еместігін және оны кері қайтармайтынын мәлімдеді. Сондықтан дәрігерлердің қарсылығына қарамай емханадан шығып, Атырауға ұшып келіп, аштық жарияладым. Бүгін ас-су ішпей, тек  таблетка ішіп жүргеніме үшінші күн болды. Бірақ камера алдында – о дүниеге жалғыз кетпейтінімді мәлім еткім келеді.

- Ағзаңыз гемодиализдің қаншасын қабылдамауға шыдайды?

- Екеуін өткізіп алсам, одан кейін комаға түсуім мүмкін.

Бұл болжамға комментарий беруді біздің облыстағы нефрология және гемодиализдің негізін қалаушы, «Зейн» гемодиализ орталығының бас дәрігері, нефролог Құмар ИМАНҒАЛИДАН өтінген едім:

- Екі рет тазартуды өткізіп алған адам 4 күннен кейін комаға түсіп кетеді немесе өледі деп ойламаймын. Бірақ жағдайы күрт нашарлайтыны сөзсіз. Ағзадан тазартылуы тиіс заттар, токсиндер шоғырланып қалады. Әлсіздік, жалпы жағдайы, қанның, несептің бүкіл көрсеткіштері нашарлап қалуы мүмкін. Диализдер арасындағы осы екі күн ішінде оның ағзасы қанша жинайтындығына байланысты. Егер 3 келіден қоссақ, бір аптада 9 келі, нақтырақ айтқанда – ағзадағы артық сұйықтықтың 9 литрі жиналады. Ал бұл ағзаға үлкен күш.

- Бұл кері үрдіс бе? Дүйсенбіде диализді алса, онда процестер қалпына келтіріле ме?

- Егер ол аман қалса. Бәрі болуы мүмкін, ағзаның қалай әрекет ететінін ешкім айта алмайды. Қан қысымы күрт көтеріліп, қан тамырларын жарып жіберуі ықтимал, міне, сол кезде инфаркт немесе инсульт алуы мүмкін.


ПАВЛОВТЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Есбергеновтің оппоненті, «Құлагер Жайық» ПИК-інің қазіргі төрағасы Сергей Павлов оның бұл мүлікке құқығы жоқ екендігіне сенімді немесе оныкі екені дәлелденбеген дейді.

- Жалпы жиналыста тұрғындардың 90 пайыздан астам оған шатырды беруге келіскен, тек 2-3-уі ғана беруден бас тартқан, содан соң ол төраға болып жұмыс жасай бастады. Кеспе тастар, көлік қоятын орындар, балалар алаңы. Бәрі, әрине, риза, бірақ Есбергенов ПИК-тің бақылау-тексеру комиссиясы мүшелерінің келісімінсіз 2 жылдай бірінші кезектегі шаралар үшін жинақталған 10,5 миллион теңгедей қаржысын жұмсаған (Үй алаңдарды жалға беріп, қосымша табыс табады – З.Б.). Лифтінің қосалқы бөлшектерін сатып алу, жылу маусымына дайындалу, жылу қосынының жабдықтарын және шатырды жөндеу секілді шараларына. Бұл бағытта Қайрат ішінара жұмыстар атқарған – ауланы абаттандырып, балалар қалашығын, өткізу қосынын салған, көлік қоятын орынды кеңейткен. Бірақ оның кеңсесі біздің үйде орналасқан. Бизнесі, яғни, персоналы, машиналары өзінікі. Оның меншігіндегі күзет фирмасында машиналар паркі бар, демек, ол өзі үшін кеңейткен. Өртке қарсы-күзет және бейнежабдықтар сататын оның екінші кеңсесі үйдің қақпасының алдында, Атамбаев көшесінде орналасқан. Техниканы алып келіп, ешкіммен, тіпті, мемлекеттік-сәулет құрылыс бақылау басқармасымен де келіспеген. Оны да өзі үшін жасаған боп шығады. Тағы сол сияқты. Қыркүйекте  денсаулығына байланысты өз міндетінен босап, ота жасатуға кетті. Тұрғындар одан шығындардың толық есебін сұрайды. Құжаттары жоқ. Қанша, қайда, қай жерде. Ведомоство, қабылдау-беру құжаттары жоқ. Қарашада сұрадық, бәрін балағаттап, жеткізушілерден құжаттар ұсынудан бас тартты.

- Оның айтуынша, ПИК бүкіл операцияларды онлайн-банкинг арқылы жүргізіп отырған және ол жерде толық ақпарат бар екен.

- Иә, бірақ онда тек транзакциялар мен төлемнің жалпы атауы көрініп тұр. Бірақ әрбір заттың сипаттамасы мен сомасы жазылған жөнелтпе құжаттар, салыстырып тексеру актісі, бастапқы бухгалтерлік құжаттамалар болуы тиіс қой.

ПИК атынан төлемдер жасалған, ал сома жабылмаған күйде «ілініп» тұр. Осы транзакция бойынша тексерген жағдайда жалған кәсіпкерлік туралы жаза белгіленуі мүмкін. Егер расталмаса – ақшаның ізін жасырды деуі мүмкін. Ол ПИК-тегі бухгалтерияға да өз адамын, Светлана ФАЛЬКОВАНЫ қойған. Ол сондай-ақ оның 2 жеке компаниясында да есепші болып жұмыс жасайды. Біздің аумағымыздағы нысандарды салуға қатысты барлық жұмыстарды жұбайы басқаратын компаниядан қабылдаған... ПИК оның жеке жұмсаған 11 миллионын өтеуге әзір, бірақ жұмыс құнының калькуляциясы жоқ. Ол дуал құрылысына 2,2 миллион теңге аванс төледі, бірақ тұрғындар дуал құрылысына қарсы. Лифт үшін қосалқы бөлшектер жеткізу келісімшарты бойынша төлем тек ішінара жүргізілген. 2,6 миллионның 700 мыңы төленген. 1 миллион 344 мыңды балалар қалашығы үшін аудардым дейді. Сұранымды Алматыға жіберетін шығармын. Оның бұл ақшалардың ізін жасырғанына сенімдімін...

- Ол жазаңызды берем деп отыр.

- Оны білем, не істейін. Науқас адамға ренжу күнә.


ЕСЕПШОТТАР ІЗІМЕН

Әңгіме барысында өзінен бұрын болған төраға ысырапшылдыққа жол берді деп күдіктеніп отырған ПИК төрағасы Павловтан есепшот нөмірі мен осы қаржыны алушы туралы сұрадым. Ол мәліметтерді ілтипатпен ұсынды. Фирмада әртүрлі сауда атаулары болғандықтан, алғашқы бес минутта оның сайтын табу мүмкін болмады. Бірақ салық департаментіне арналған есептерді бір-екі рет шерткен кезде - жеткізуші компания табыла кетті. Оның парақшасында ізделген Monterey ағаш ойын алаңы бар екен. Бағасы 1,37 млн теңгеден басталады. Мен тіпті оның директорымен танысып, орынды сылтаумен мені қызықтыратын барлық ақпараттарды алдым. Олег өткен жылдың шілде айында атыраулық «Құлагер Жайық» ПИК-і алаңды сатып алуға 1,344 миллион теңге аударғанын есіне түсірді.

Светлана Фальковамен де сөйлестім. Ол осы ПИК-те 2011 жылдан бастап жұмыс істегенін, бірақ Есбергеновтің шақыртуымен келмегенін растап отыр. Алайда бүгінгі күні шынымен де оның қарамағында жұмыс істейді екен, ол жерге өткен жылы ауысыпты.

Дуал туралы. Осы үйдегі белсенділердің бірі құпиялылықты сақтау шартымен керісінше айтты:

- Бұл қателік шығар. Біздің үйдің тұрғындары да, менің өзім де көрші үй мен біздің үйіміздің арасына дуал тұрғызылғанын қолдаймыз. Есбергенов сауал жүргізіп, көпшіліктің шешімімен дуал салдырдық. Бұрынғы төрағаға менің басқа талабым бар. Тұрғындардың жиналысымен қалыптасқан тәртіп бойынша, 100 мың теңгеден асатын кез-келген шығындар басқарма мүшелерімен келісілуі тиіс. Бірақ 10,5 миллион теңге жоқ және оның қайда екені түсініксіз.

- Мен Павловтан, ол растап отырғандай, есебі бар, бірақ бухгалтерлік құжаттары жоқ осы 10 миллионның ара салмағына қатысты шамамен цифрлар беруін сұраған едім. Бірақ дұрыс түсінген болсам, мұндай ақпарат жоқ.

- Біз де бірнеше айдан бері сұрап келеміз, бірақ ол әлі қаржылық есептілікті реттей алмай отыр. Дегенмен, біздің үй қаржылық жағынан өте жақсы ұйымдастырылған жалғыз үй болатын. Ай сайын есеп беріліп, бәрі толықтай ашық жүргізілетін. Бірақ жарты жылдан астам уақыттан бері мұндай жиналыстар өткізілмейді. Есбергенов кеткеннен кейін біздің есебімізде қанша ақша болғаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Бұл хикаяның түпкі түйіні жоқ. Оның кейіпкерлерінің ымыраға келуге ниеттері жоқ екені анық. Соған қарағанда, бұл кейіпкерлер бірін-бірі тапқан. Журналистер мен прокурорларға емес, осы үйдің тұрғындарына осы шатақ іске араласып, мәселені мұқият зерделеудің уақыты келген сияқты. Өйткені, бұл өздерінің ақшасы мен өздерінің үйі ғой.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН 


P.S. Жарияланым шыққан кезде Есбергенов кейбір объектілерді бұзып алған. Павлов полиция жасағын шақыртыпты, бірақ Есбергенов жергілікті атқарушы органның қолдауына ие болған секілді. Ол жасаған әрекетіне қанағаттанған болса керек, ертең Алматыға ұшып, дүйсенбіде емін жалғастырады. Енді аулаға кіре берістегі бақылау-өткізу будкасының кезегі келіп тұр.

28 сәуір 2018, 15:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.