Атырау, 24 сәуір 03:26
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Тар жол, балшық кешу

Сурет
7 616 просмотра


Қызылқоға ауданының тұрғындары көптеген жылдар бойы жол азабын тартып келеді. Грейдермен тегістелген қара жол жауын болса, өткізбес өткелге айналады. Редакцияның «Нива» көлігі балшыққа шыға алмастай батқаннан кейін «АЖ» тілшісі мен жүргізуші сүйреп шығаратын көмек іздеп, суық өткір желмен алысып, 15 шақырым жаяу жүрді...

 ЖОЛ АЗАБЫН ЖҮРГЕН БІЛЕР

Индерден Қызылқоға ауданының орталығы Миялыға үш бағытпен: Атыраудан Мақат-Сағыз арқылы, Доссор кентімен Қарабау арқылы немесе құрлысы аяқталмаған Индер-Миялы тас жолы арқылы жетуге болады. Біз өз сапарымызды Индербор кенті арқылы Қызылқоғаның Батыс Қазақстанмен шектесіп жатқан Тасшағыл ауылынан бастауды ұйғарғанбыз. Әрі бұдан бұрын да осы жолдармен жүріп жүрген «тәжірбиеміз» де бар болатын. Индербор мен Тасшағыл арасы 100 шақырым. Тасшағылға дейінгі жолсыз жолдың ұзақтығы екі сағат, ал «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» грейдерімен жүрсең - төрт сағат.  

...Қызметтік «Нива» автокөлігі сүрлеуі шыққан ескі далалық жолмен орғып келеді. Шеті мен шегі көрінбейтін мидай дала. Жым-жырт. Индербордан шыға бере ұялы телефон байланысы үзілді. Жер толық кеуіп үлгермепті. Жол балшық. Қырық шақырым артта қалды. Дегенмен, қанша сақтансақ та, кезекті шалшыққа көлігіміз батты. Жүргізуші қанша күш салғанымен, балшыққа ілінген дөңгелек зыр айналумен болды. Байланыс жоқ. Не істеу керек? Біз күн жарығын пайдаланып, Батыс Қазақстан облысының Сарман ауылына жаяу жетуді ұйғардық. Ең қысқа жол осы еді. Бастапқы бес шақырым қиындықсыз өтті. Одан кейін шаршау біліне бастады. Бірақ біз алға ұмтылумен болдық. Қалай еткенде түнге қалмауды ұйғардық. Ұялы телефонның жол көрсету картасы бойынша қиялап жүріп келеміз.


Көз ұшында бұлдырлап қарайған көрінгендей. Біз солай қарай бағыт алдық. Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Қыстақ жеткізер емес. Шаршағандыкі ме аяғым шалына бастады. Сонда да тоқтаусыз жүріп келеміз. Енді анық көрінді. Үлкен қыстақ екен. Алдымыздан аттылы жас жігіт көрінді.

- Мал іздеп жүргенмін, сіздерді көріп, алдарыңыздан шықтым...

- Бізге көмек бере аласың ба?

- Әрине. Тракторым бар. Сүйреп шығарып берем.

Ол кейін қарай шаба жөнелді. Бұл жолы трактормен кері оралды. Жанармайдың аздығын ескерткен жас жігіт «көлікті сүйреп шығару - бес мың теңге» деді. Шаршаған, қажыған бізге бұл ұсынысқа бірден келістік. Оның айтуынша, біз шамамен 15 шақырым жол жүріппіз.

Трактормен сүйреп, көлікті шығардық. Жолдың қауіптілігін ескеріп, Индерборға кері оралуды жөн көрдік. Демде қараңғылық түсті. Жол жүрудің қиындығы қайта сезіле бастады. Тағы да баттық. Түн салқын. Оның үстіне қатты жел тұрған. Қонуға тура келді. Басқа амалымыз жоқ. Еселеп құйып алған жанармай кәдеге асты. Көлікке от алдырып тұрмасаң, салон іші тез суып кетіп тұр. Жарық түскен соң, жүргізуші дөңгелекті домкратпен көтеріп, астына шауып әкеліп, шөп төседі. Осылайша ырғап-ырғап, бұдан да шықтық.


ГРЕЙДЕР ДЕ КӨМЕКТЕСПЕЙДІ

- Индербор мен Қызылқоғаның Тасшағыл ауылы арасы Батыс Қазақстан облысының жері саналады. Бірақ бізге жолда көлікпен қалып қойғандар туралы дабыл түссе, көмек беруге ұмтыламыз. Талай рет адамдарды құтқардық,- дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ.

«Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» автомобиль жолының  жарамсыз болғанына бірнеше жыл болған. «Сағыз-Миялы» арасы 2009-2013 жылдары қайта жаңғыртудан өткенімен, ауыр жүк көліктердің жиі қатынауынан жол бұзылған.

- Бізге керегі Индер мен Тасшағыл арасындағы грейдер жолды тез қалыпқа келтірсе дейміз. Әзірге бұл жолмен тек УАЗ автомашинасы ғана қатынап тұр. Индер мен Қарабау арасы жүз шақырым. Осы аралыққа бірнеше сағат жүру деген сұмдық қой. Жаңбырлы күндері Атырауға дейін жарты күннен аса уақыт жүретініміз бар,- дейді қызылқоғалықтар.

- Қазіргі таңда «Индер-Қарабау» аралығындағы автомобиль жолын қайта жаңғыртуға жобалау құжаттамасы жасақталып жатыр,- дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат НҰРТАЕВ. - Ал ауылдардағы көшеішілік жолдарын қалпын келтіруді жобалау жұмыстары алдағы уақытта бюджет мүмкіндігіне қарай жалғастырылатын болады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

25 сәуір 2018, 09:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.