Атырау, 19 сәуір 03:30
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Министр Астананың мерейтойына жоспарланған ең қымбат шараны атады

2 278 просмотра


Астананың мерейтойына жоспарланған 85 іс-шараға 19 млрд теңге бөлу көзделген. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Астананың 20 жылдық мерейтойына неге осынша қаражат қарастырылып отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Бұл халықаралық тәжірибе, сондықтан біз ел беделін көтеретін шараларды өткізуге міндеттіміз. Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың бір бөлігі. Барлық ел халықты тарту үшін өнер арқылы өз жетістіктерін көрсетуі тиіс. Имидждік шаралар осы үшін де ұйымдастырылады. Өздеріңіз көріп отырғандай, біз барлық шараны ірі әлемдік театрлармен немесе концерттік ұйымдармен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Бұл қажет", — деді министр. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы осы орайда қомақты қаржыны қажет етіп отырған мәдени іс-шараны атады.

"15-16 маусымда Voice of Astana" халықаралық эстрада әндері фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Мәдени іс-шаралардың ішінде осы фестивальге басқаларына қарағанда көп қаржы жұмсалады. Фестивальдің бірінші күнін Байғали Серкебаевтың 60 жылдығына арнағымыз келеді. Екінші күні Батырхан Шүкеновті еске алу кеші болады. Оның достары Валерий Меладзе, Агутин, Кристина Орбакайте әншіні еске алуға арналған концертке қатысу біздің борышымыз деп отыр", — деді министр. 

Сондай-ақ, ведомство басшысының айтуынша, "Астана Опера" театры Бейжің ұлттық опера театрымен бірлесіп Дж.Пуччинидің  "Турандот" операсын сахналайды. 

"Бұл біздің алғашқы бірлескен қойылымымыз. Бейжің театрымен бірлескен қойылымға қол жеткізу оңай болған жоқ. Бейжің ұлттық опера театрының шығындарын өтеу бойынша қытайлық компаниямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз",- деді ол. 

Айта кетсек, Астананың 20 жылдығына 85 мәдени және спорттық шара жоспарланған, оған бюджеттен 19 млрд теңге қарастырылып отыр.

Сонымен қатар, елорданың 20 жылдық мерейтойына орай  "Ән мен әнші" шоу концерті, 1-5 шілде аралығында "Еуразия" 14-ші халықаралық кинофестивалі, Американ балет театрының гастрольдері, қыркүйекте "Құрманғазы және Ұлы дала музыкасы" халықаралық фестивалі, қазан айында "Шертпе күй" республикалық фестивалі мен Дж.Россинидің "Севильский цирюльник" операсының премьерасы өтеді жоспарланған.  

Бұған қоса, маусым-қыркүйек аралығында "Этноауыл" кешені жұмыс істейді. Шілде айында халықаралық ақындар айтысын өткізу жоспарланған. Айтысқа Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Еуропа елдері, Ресей, Қытай, Моңғолия елдерінің айтыскерлері қатыспақ. Республикалық ақындар айтысы желтоқсанда өтеді. 

Сондай-ақ, ведомство елорда тұрғындары мен қонақтарын спорттық шаралармен де қуантады. Атап өтсек, "Қазақстан барысы", "Ұлы дала аламаны", "Астана" халықаралық марафоны, қазақ күресінен "Әлем барысы" халықаралық турнирі жоспарланып отыр.

Дереккөз: sputniknews.kz

19 сәуір 2018, 17:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.