Атырау, 29 наурыз 18:09
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Теңіз қайда барады?

4 318 просмотра

Сурет "АЖ" мұрағатынан алынды


1993 жылғы Жайық өзеніндегі мол өр  суы Каспий теңізі (жер шарының ең ірі көлі ретінде танымал) жақтан соққан желқума толқындарды күшейтіп, бұл жағалаудағы елді мекендердің суға кетуіне апарып соқтырған еді. Соңғы жылдары теңіз бен Жайықтың тайызданып бара жатқаны байқалады. Неліктен бұлай? «АЖ» тілшісі байырғы тұрғындар мен мамандардан сұраған еді.

Михаил М. – Мен 40 жылдан бері аңшымын. 90-жылдардан бастап теңіз шамамен 15 шақырымға тартылып кетті. Бұрын су шалпылдап жатқан жерлермен қазір машиналар өтіп жүр. 70- жылдардың орталарында теңіз деңгейі қазіргідей болды. Шамасы, Каспий әлдебір 40 жылдық циклды аяқтап, бұрынғы қалпына оралды-ау.

Болат есімді аңшы осы себепті Итбалық және Ремонтная Шалыга аралдарының үлкен жермен қосылып кеткенін атап өтті. Бұл аралдардың фауна өкілдері, атап айтқанда, итбалықтар – құрлық жыртқыштарынан зардап шеккен.

Каспийге қатысты ахуал туралы «АЖ» сауалына жауап ретінде «Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің гидрометеорологиялық зерттеу басқармасының басшысы Наталья ИВКИНА комментарий берді:

«Каспий теңізінің деңгейін бақылау 1830 жылдан бері жүргізілуде. 1900 жылы Махачкала, Красноводск (қазіргі Түркменбашы), Форт-Шевченко және Баку қалаларында посттардың ашылуына байланысты анағұрлым сенімді ақпараттар келіп түсе бастады.

ХХ ғасырдың басында теңіз деңгейі минус 25,8 метрге дейінгі белгіде ауытқыды. Әрі қарай ол негізінен өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңына дейін төмендеді. 1930-1977 жылдары байқалған үздіксіз төмендеу жалпы алғанда 3,2 метрді құрады. 1977 жылы теңіз ең төменгі нүктеге - минус 29,01 метрге жетті.

Бұл 30-шы жылдардың ортасынан бастап Каспий бассейнінің өзендерінде қарқынды су шаруашылығы құрылысының басталуымен байланысты, оның әсері 50-ші жылдары анағұрлым сезілді. 70-жылдардың басында бассейндегі ірі өзендердің барлығы дерлік реттеліп, нәтижесінде өзен ағынының көлемі азайып, жыл ішіндегі бөлінісі өзгерді.

1978 жылдан Каспий теңізі деңгейінің қарқынды көтерілуі басталып, 18 жылға созылды. Осы уақыт ішінде ол 2,5 метрге көтеріліп, 1995 жылға қарай ол минус 26,62 метр деңгейге жетті.

1995 жылы теңіз деңгейінің көтерілуі баяулап, келесі жылы ол – негізінен Еділ бассейніндегі судың таяздануынан төмендеді. Содан кейін қайтадан өсу қарқыны байқалды, ал 2006 жылдан бастап қайтадан төмендеді. 2015 жылы құрғақшылық болды - Көшім ауылындағы Жайық постында соңғы 30 жыл ішіндегі судың ең аз мөлшері тіркелген.

2016-2017 жылдары теңіздің орташа жылдық деңгейі минус 28 метр белгіге дейін көтерілді. Деңгейдің тұрақтануына Еділ өзеніндегі мол су тасқыны да себеп болды.

Егер соңғы 37 жылды қарастырсақ, онда Каспий теңізі деңгейіндегі өзгерістерге байланысты біз екі кезеңді бөліп көрсете аламыз: 1) жылдам көтерілу - 1978-1995 жылдар; 2) баяу төмендеу - 1996-2017 жылдар. 2006 жылдан бастап төмендеу қарқыны айтарлықтай өскенін атап өту керек».

2018 жылғы су тасқыны болжамы туралы Атырау облыстық «Қазгидромет» РМК филиалының жетекші инженер-гидрологы Валентина ПОХОРСКАЯ әңгімелейді:

- Жайықта мамыр айының ортасында келетін өр суының шегі айқын көрінеді. Өр суы орташа алғанда 3 айға созылады.

Жайықтағы судың ең жоғары деңгейі (601 см) 1994 жылғы су тасқынында орын алды. Сол жылы Каспийде «үлкен су» тіркелді. Бүкіл бақылау тарихындағы ең биік (619 см) деңгейдегі су тасқыны 1922 жылы болды.

Атырау шеңберіндегі Жайық өзенінің су деңгейі шамамен 550 см. Бұл көрсеткіштен жоғары деңгейде Жайық алқаптарға жайылып, ескі арналар, арна тармақтарын толтырып, жолдар мен көпірлер бүлініп, бөгеттермен қорғалмаған жағалаудағы елді мекендерді су басу қаупі төнеді. Бірақ Жайық тек қар суымен ғана көбейетін типтік өзендерге жатады. Биылғы жылы су деңгейі 380-440 см болады деп болжанып отыр. Салыстырар болсақ, өткен жылы ол 480 см болатын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

13 сәуір 2018, 12:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.