Атырау, 29 наурыз 12:59
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Спорт жаңалықтары

Сурет
4 262 просмотра

КАРАТЕ


Алматыда WKF карате (Олимпиада нұсқасы) бойынша халықаралық «Kazakhstan Open»-2018 рейтингтік турнирі өтті. Сайыстарға 7 елден: Қазақстан, АҚШ, Түркия, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Өзбекстан және Ресейден 342 спортшы қатысты.

Біздің облысымыздан «Қайсар» СК-нан, ЖСШМ және БЖСМ-2-ден 6 спортшы аттанды. Барлығы да лайықты өнер көрсетті, ал екеуі алтын алқа иеленді. Руслан Бекзат (52 келіге дейін) финалға барар жолда 4 жеңісті жекпе-жек өткізіп, финалда өзбекстандық бәсекелесін басып озды. Жаңбыр Бейбарыс (68 келіге дейін) 5 бәсекелесінен үстем түсіп, финалда Түркия өкілін жеңіп шықты.

Бұл рейтингтік турнир, ұпай сандары Дүниежүзілік карате федерациясы жүйесіне тіркеледі. Ол, сонымен қатар, 7-14 мамырда Окинаве каратесінің отанында (Жапония) өтетін кадеттер мен юниорлар арасындағы Азия чемпионатында іріктеу турнирі болып табылады.

«Қайсар» спорт клубының баспасөз хатшысы Ерлан Қабдуалиевтің айтуынша, біздің спортшылар өте табысты өнер көрсетті. Алайда, тренерлік штаб (Айбат Рахман, Сансызбай Торғаев, Болат Ізбасханов, Ольга Айтжанова, Алексей Любин  және Светлана Сұлтанова) бұдан да жоғары жетістіктер болатындығына сенімді. Атыраулық каратешілер жоғарғы сынамадағы бірнеше алқаны қоржындарына салып, республикалық және халықаралық турнирлердің қорытындысы бойынша үнемі үздік жауынгерлер қатарынан табылады.  Мәселен, атыраулық карате мектебінің шәкірті Батырғали Әбілмансұр Буэнос-Айресте 1-12 қазанда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына үміткер.

Спортшылар облыстық спорт басқармасының басшысы Азамат Бекетке, облыстық спорт және дәстүрлі карате федерациясының құрметті президенті М.Б.Мұрзиевке, барлық бапкерлерге, сондай-ақ, «Қайсар» СК ата-аналар комитетіне алғыс білдіреді.


КҮРЕС

Астанада ересектер арасында белдесіп күресуден ҚР чемпионаты өтті.

Атыраулық спортшылардан Дастан Қарасаев, Думан Мүтиш, Қалжан Тайжанова, Назгүл Құбашева мен  Ақжол Қайыпқан ел чемпиондары атанды, Амандық Абылай мен Нұрболат Ізімғалиев күміс алқа, Айбек Ахметов, Ринат Лұқпанов, Аманбек Аруов, Мұхамбетәлі Самиғоллаев пен Әділжан Елемесов қола алқа иеленді. Нәтижесінде команда алқа есебі бойынша 1-орын алды. Алдағы Қазан қаласында өтетін әлем чемпионатында Атырау барлық салмақ дәрежесі бойынша қатысады. 


БОКС

Софияда 2002-03 жылғы жасөспірімдер арасында Д. Джетчевті еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.

Сайысқа бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен үміт күткен саңлақтар қатысты. Атырау өкілі Аманат Сабырғали ауыр салмақта Украина мен Грекия өкілдерінен үстем түсіп, финалда командалық серігі Кирилл Абросимовті жеңіп, алтын алқа иеленді.

***

Павлодарда «Автомобилист» спорт кешенінде өткен КазКСР еңбек сіңірген бапкері Рафаэль Вахитовтің жүлдесіне арналған VII халықаралық турнирде атыраулық былғары қолғап шеберлері екі қола алқа алды.

Биыл ұлы бапкер 90 жасқа толады. Турнирде оның құрметіне Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Моңғолиядан, Сербиядан, Өзбекстан мен Украинадан 100-ден астам боксшы қатысты. Атыраулық спортшылар Рашид Салауатов (52 келіге дейін) пен Сұңқар Тельманов (81 келіге дейін) қола алқаға қол жеткізді.


КАРАТЕ

Қызылордада карате киокушинкай-каннан ҚР Кубогы өтті.

Атыраулық қатысушылардан Әли Махметов, Игорь Шахов, Карина Калистру, Нұржан Елемес, Аллаберген Сақауов, Кирсан Құлмағамбетов, Айдар Махмет пен Кирилл Ким алтын алқа, Омар Ахмадиев, Нұрасыл Қожахмет, Дамир Арман,  Ахмеджан Мақсотов, Матвей Гущин, Алексей Юн және Ярослав Гончаров күміс алқа иеленді. Спортшыларды бапкерлер Т. Нұрымов, М. Жолдасов, А. Котов, Р. Байбосынов пен А. Грузинцев дайындады.


САМБО

Атырау құрамасы Жезқазғанда жауынгерлік самбодан өткен ел чемпионатында керемет нәтижелер көрсетті.

Команда қоржынында - 4 алтын мен 2 қола алқа бар. Жоғарғы сынама марапаты  Жұмабай Парасаттың, Қалжан Тайжанованың, Саида Қапсалықова мен Серікжан Түсіповтің, қола алқа Әбу Аманжан мен Наурызбек Майлашевтің еншісіне тиді. Жеңімпаздар Ұлан-Баторда өтетін Азия чемпионаты мен Бухаресте өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.


КҮРЕС


Ақтөбеде еркін күрестен «Әйтеке би» республикалық турнирі өтті. Бұл турнир көптеген қазақстандық палуандардың спорттық мансабына жол ашқан болатын.

Атырау құрамасы турнирде спорт интернаттарында оқитын «резервтерді» қосқанда, толық құраммен өнер көрсетті. Сөйтіп, мынадай нәтижелерді көрсетті: 1 орын - Жасұлан Рахымжанов, 2-орын - Нұрхан Амангелдиев пен Ерсұлтан Ерболатұлы, 3-орын - Нұрлыхан Аманғалиев, Нариман Серікбаев және Талап Жолдасов. Спортшыларды А.Лекеров, С.Баймұратов, А.Омарғазиев, А.Аманов және К.Кенжеғалиев жаттықтырды.


КИКБОКСИНГ


Анталияда «Turkish open» халықаралық турнирі өтті.

Данияр Юсупов бастаған Атырау облысының құрамасы сәтті өнер көрсетті. Дәурен Керімов күміс жүлдеге ие болды, Жанәлі Сәлімгерей мен Сержан Құсайынов қола алқаға қол жеткізді.

Дайындаған Мұрат Сұлтанғалиев




12 сәуір 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.