Атырау, 20 сәуір 15:45
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Еліміздің тұрғындары ұялы телефонының IMEI-кодын тіркеуге міндеттелді

2 538 просмотра


Бұдан былай әр азамат ұялы телефонының IMEI-кодын ресми тіркеуге міндетті. Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрлігі осындай бастаманы қолға алды. Өйткені «терроризмге қарсы күресте және әртүрлі қылмыстың жолын кесуде бұл аса қажет» деп түсіндірді жауапты мамандар. 

Ал талапқа бағынбағандардың байланыс құралдары алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұғатталады.  IMEI-код бұл ұялы телефонның ішінде немесе қорабының бетінде жазылып тұрған сандар жиынтығы. 

Яғни ол байланыс құралының зауыттан шыққанда бекітіп берген жеке нөмірі. Бұған дейін еліміздегі азаматтар ұялы байланысты қолдану үшін SIM картасы мен куәліктегі ЖСН, яғни жеке сәйкестендіру номерін тіркеп келген еді. Енді олардың қатарына IMEI-кодты да қосу міндетті болып отыр. 

Бауыржан Қажыбаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі басқармасының басшысы: 

- Аталған талаптардың бірден бір қойылу себебі ол ұрлыққа қатысты және құқық қорғау органдары жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында қажет болып табылады. Бұл заң талабын толық көлемде орындау үшін және жұмыс жасау үшін өткен жылы 28 желтоқсанда байланыс туралы заңның 36-бабына қайта өзгерістер енгізілді. Яғни қазір ұялы телефонды тіркеу үшін ЖСН және ұялы телефонның IMEI-коды қажет.

Енді көпшілікті оның жүзеге асу механизмі алаңдары анық. Бұл тұрғыда жауапты мамандар IMEI-кодты байланыс операторлары арқылы тіркеуге болатындығын айтады. 

Яғни жаңа телефон алсаңыз оны кеңсесіне барып тіркету керек. Ал облыс немесе аудан орталығынан шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін басқа балама жолдар қарастырылып жатыр. Жалпы мақсат айқын. Енді оны іске асырудың оңтайлы әдістерін енгізу қалды дейді бастаманың бас-қасында жүрген Виталий Ярошенко. 

Виталий Ярошенко, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі комитеті төрағасының орынбасары: 

- Қазір біздің министрлік IMEI-кодтарды тіркеудің ережесі мен тәртібін жасап жатыр. Бұл жұмысқа ұялы байланыс операторлары және қоғамдық кеңес те белсенді атсалсуда. Ең бастысы бұл процестің барынша жеңіл өтуін қамтамасыз етуіміз керек. Осы мақсатта тіпті абоненттің ешқайда бармастан IMEI-кодты тіркейтін жолдарын қарастырып көреміз.

Ұялы байланыс операторлары кодтарының бірыңғай базасын құрудағы мақсат әртүрлі қауіп-қатер мен қылмыстың алдын алудан бөлек, контрафактілі тауар айналымына шектеу қою дейді мамандар. Өйткені нарықта жасырын цехтарда жасалған телефондар қаптап жүр. 

Ал біркелкі IMEI-кодтар арқылы оның көшірме екенін анықтауға мүмкіндік бар. Сәйкесінше, мұндай телефондар бұғатталып тасталады. Дәл осындай шара өз байланыс құралын мүлде тіркемгендерге де қолданылуы мүмкін. Жалпы бұл тәжірибе Түркия мен Әзірбайжан елдерінде кеңінен қолданысқа еніп, өз жемісін беріп үлгірді. Ал біздегі бастаманың нәтижесін алдағы уақыт көрсетеді.

Дереккөз: 24.kz

31 наурыз 2018, 21:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.