Атырау, 25 сәуір 05:47
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Алаяқ па, ГазАймақ па?

5 094 просмотра


Атырау облысындағы табиғи газ жеткізушіге қызмет көрсететін (және жай төңірегіндегі) фирмалар жеткілікті. Газды қауіпсіз пайдалану үшін іс жүзінде кімге және неге міндетті екенімізді «Ақ Жайық» газетінің тілшісі анықтаған еді. Жаңылысу болмас үшін кейбір фирмалардың тек мұржалармен жұмыс істей алатынын, ал басқаларының – анағұрлым күрделі жабдықтарға техникалық қызмет көрсетумен және газ үшін ақша жинаумен айналысатынын бірден есте ұстаған жөн.

ЕСІК СОҚҚАН КІМ?

Өткен аптада «АЖ» кеңсесіне өзін «АймақГаз-Инвест» ЖШС қызметкерімін деп таныстырған адам келді. Көк куәлігін көрсетіп, мұржалар мен желдеткіш арналарын тексеру туралы келісімшарт жасауды ұсынды. Олардың тарапынан келісімшарт, неліктен екені белгісіз, ЖШС-ға емес, жеке тұлғаға ресімделген. Директорымыз орнында болмағандықтан келушіге басқа уақытта келуін сұрадық. Бірақ ол бірден кеңсе ғимаратындағы мұржалардың саны бойынша олар есептеген соманы төлеуді талап етіп, келісімшартқа қол қойып, шот-фактураны алу үшін кейінірек кеңсесіне келуді талап етті. Сөйтіп, мәміле жасалмады, бірақ көңілде соңғы жылдары газ бақылау-газ қадағалау төңірегінде көбейіп кеткен тағы бір алаяқ болуы мүмкін-ау деген күдік қалды.

Қолданыстағы заңдар газ жеткізушіні тұтынушының құбырлары мен газ жабдығының жай-күйін өзі қадағалаудан босатты. «ҚазТрансГаз Аймақ» (ҚТГА) енді тек көгілдір отынды сатады, ал тұтынушыдан ақшаны осы үшін арнайы жалданған мекеме жинайды. Тұтынушының қаржысы есебінен басқа бір мекеме құбырларды, жылу қазандықтары мен газ плиталарына техникалық қызмет көрсетеді. Тіпті, сіз бен біздің есебімізден пештен шығатын мұржаларды да басқалар қарайды. Сондықтан, шатастырып, ақшаны басқа жерге беріп қоюыңыз мүмкін. Мысалы, бірнеше жыл бұрын менің үйіме РЦКУ (Коммуналдық қызметтердің есеп-айырысу орталығы) белгісі бар арнайы киім киген жігіттер тобы келді. Олар техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасап, барлық жабдықты тексеріп, шақыртқан жағдайда келуге уәде берді. Көп ұзамай біздің жалған келісімшартымыз да, менің 5 мың теңгем де РЦКУ базасына жетпегені анықталды. РЦКУ-дағылар оларды қолдарында кәсіпорын мөрімен расталған түпнұсқалық келісімшарттардың бір бөлігі қалған өздерінің бұрынғы қызметкерлері шығар деп топшылады.

- 2015 жылдың қараша айында мен компанияға келген кезде, штатта 70-тен астам слесарь жұмыс істеді, ал компанияға ондаған шағымдар, соның ішінде алаяқтық әрекеттерге қатысты шағымдар түсетін. Біз тазарту жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі күні штатта 35 слесарь жұмыс істейді, бұл тәжірибе барынша азайтылды. Слесарь біздің дисчетчер тапсырылған актілер мен тұтынушылармен жасалған техникалық қызмет келісімшарттарын жеке тексеруден өткізгеннен кейін ғана жалақыларын алады, - дейді «РЦКУ-Атырау» ЖШС директоры Асхат ЖУЛАТОВ. 


КЕЛУШІДЕН КЕЙІН

Кейінірек анықтағанымыздай, бізге келген адам шынымен де «АймақГаз-Инвест» компаниясының қызметкері екен.

- Ол сіздермен келісімшарт жасауға және жыл сайын мұржалардың әрқайсысы үшін 4 мың теңгеден ақы төлеуге тиіс екенімізді айтты. Орнына олардың дұрыс жұмыс жасап тұрғаны туралы акт ұсынды.

- Ол қателескен. Табиғи газды пайдаланатын әр абоненттің қолында мұржаны және желдеткіш арнасын тексеру актісі болуы тиіс. Бірақ ешкім де бізбен шарт жасасуға міндетті емес. Қызмет бәсекелестік ортада ұсынылады және абонент кез-келген компанияны таңдауға құқылы, - деді «АймақГаз-Инвест» ЖШС директоры Қобыланды РИЗУАНОВ.

- Сіздің қызметкеріңіз дереу төлем жасауды талап етпей, ұсыныс жасап, бұған қатысты ойлануға уақыт беруі тиіс қой?

- Біздің қызметкер объектіге барған кезде өзін таныстырып, жұмыс құжаттарын көрсетіп, осы объектінің рұқсатымен және өкілдерімен бірге жылыту құралдарын қарап шығып, содан кейін біздің қызметтерімізді ұсынып, келісімшарттың мәтінін көрсетуі тиіс. Қажет болған жағдайда мәтінді электронды немесе қағаз түрінде көрсетуі керек. Танысып шығу үшін қалдырып, егер абонент біздің шарттарымызбен келісетін болса, қол қою уақытын белгілеуі қажет. Тек келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ғана мұржаларды тексеру және орындалған жұмыстар актілері, шот-фактура, төлем есепшоты ұсынылады. Мұндай тексеру жылына бір рет келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Бірақ осындай актілер міндетті түрде болуы тиіс, РЦКУ соның негізінде ҮІГҚК (үй ішіндегі газ жабдықтарына қызмет) келісімшартын жасайды.


ИНСПЕКЦИЯ ҚАЖЕТ ПЕ?

РЦКУ - ҚТГА монополисіне аутсорсинг қызметін, атап айтқанда, техникалық қызмет көрсету және биллинг - жеткізілген газ үшін төлемдер жинау қызметтерін ұсынатын компания.

- «ҚазТрансГаз Аймақ» газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуден толықтай бас тартты. Біздің компания штат жинақтап, қажетті рұқсаттар алды және үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсетеді», - дейді Жулатов.

- Тұтынушы сізбен техникалық қызмет көрсету келісімшартын жасауға міндетті ме, әлде ол да таңдай алады ма?

- Әрине, оның таңдау құқығы бар, бұл нарық. Мен мүлдем сенімді емеспін, бірақ менің ақпаратым бойынша, қазіргі кезде аймақта осындай қызмет көрсететін екі фирма бар – біз (РЦКУ-Атырау) және «Атыраугазинвест».

- Егер менің қазандығымның, газ плитамның және мұржамның жай-күйі менің жеке шаруам деп есептейтін болсам, сондай-ақ ешкіммен ешқандай келісім жасап, артық ақша төлегім келмесе ше? Шынымды айтсам, газ тұтынушының қауіпсіздігі енді тек оның өз жауапкершілік аймағы, мен солай деп есептеймін.

- Заң бойынша жазатайым оқиғалар үшін барлық жауапкершілік үй иесіне жүктелген. Бүгінде қойылған қолдары мен келісімдері болса да, тексерушілерді жауапкершілікке тартқан бірде-бір  жағдай жоқ. Мен мұны біздің облысымызда осы қызметке қатысы бар барлық ұйымдардың қызметін үйлестірумен, газ жеткізушіге, қызмет көрсетуші компанияларға, соның ішінде, РЦКУ-ға қатысты шағымдарды қарайтын газ-техникалық инспекция жоқ болғандықтан орын алып отыр деп есептеймін.

Маған, РЦКУ басшысы ретінде, біздің жұмысымызды жақсарту үшін кері байланыс жеткіліксіз. Мұндай инспекция, қарапайым тілмен айтқанда, бақылау функцияларын атқарар еді. Жергілікті атқарушы органдарға өңірлерде осындай инспекция ұйымдастыру туралы ұсыныс Ішкі істер министрі Қалмұханбет ҚАСЫМОВТАН 2017 жылғы қаңтардағы үкіметтік отырысында түскен еді. Бірақ, менің білуімше, бұл әзірге тек Қостанай облысында ғана құрылған. Сонымен қатар, осы салада көптеген проблемалар мен нақты қауіп-қатер шоғырланып қалған. Нағыз жәй жарылатын бомба - біздің көпқабатты үйлер. Бүгінде 25 жылдан астам уақыттан бері үйішілік инженерлік газ желілері мен стояктар ешкімнің қарауында жоқ. ПИК сырт қалып, ҚТГА-ға меңзейді, ал жеткізуші, өз кезегінде, уәкілетті орган ретінде кондоминиумға сілтейді. Бұл ешкім өзіне жауапкершілік алғысы келмейтін апатты жағдайға дейін жетіп, айналғанда тұтынушылар зардап шегеді.

Абоненттердің бізбен келісімшарт жасағылары келмейтініне тоқталайық. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңның 19-бабына сәйкес, әрбір абонентте үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге келісімшарты болуы тиіс. Ол тексеру, нұсқаулық, техникалық қызмет көрсетуді қамтиды. Өрт қауіпсіздігі үшін желдету арналары мен мұржаларды тексеру туралы да осы бапта айтылған. Олай болмаған жағдайда, коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушыларға газ тұтынатын жүйелер мен газ жабдығын пайдалануға тыйым салынады.

- Мұржаларды тексеру актісі болмаса, тұтынушыға техникалық қызмет көрсетпейтіндеріңіз рас па?

- Олай емес. Техникалық қызмет көрсетуге келісімшарт жасау кезінде біз абонентке мұржаға бақылау жасау келісімшартын жасау қажеттігін хабарлаймыз, яғни, бұл біздің тараптан міндетті талап емес, ұсыныс қана.

... Осылайша, мұржасының қауіпсіздігі үшін  белгілі бір компанияға сенім арта ма, жоқ па, тек тұтынушыға байланысты. «АймақГазҚұрылыс», «БатысГазАймақ», «АймақГазСервис», «АймақГаз-Инвест» деген атауларды шатастырмаңыз... Бұл фирмалардың ешқайсысы – көгілдір отын жеткізуші - «ҚазТрансГаз Аймақ» бөлімшесі емес. Атауларында ортақ фонемалардың бар болуы дәл солардың қызметтерін алуға міндетті екенімізді білдірмейді. Тек сапа мен баға ғана маңызды. 

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

27 наурыз 2018, 10:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.