Атырау, 17 сәуір 02:20
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

«Мамандық алсам, осында қалғым келеді»

Сурет Бейнежазба
6 154 просмотра


Қазіргі таңда Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Қытайдан келген 70 студент оқиды. Оның 45-і даярлық курсында білім алса, қалған 15-і болашақ мамандар. Аспанасты елінен келген студенттердің қазіргі жағдайы туралы «АЖ» тілшісі  университет ректоры Абзал ТАЛТЕНОВПЕН сұхбаттасты, сондай-ақ кейбіреуімен кездесті.

- Университетіміздің жоғары оқу орнына дейінгі даярлық курсында Қытай елінен келген ұлты қазақ студенттер тегін білім алады. Тіпті оларға шәкіртақы мен жатақхана да беріледі. Ал университет қабырғасында білім алып жүрген студенттердің  оқу ақысын төлеулеріне  50% жеңілдік беріледі. Бұл жеңілдік тек қана Қытайдан ғана келгендерге емес, Өзбекстан, Моңғолия мен Ираннан  және т.б елдерден келген қазақтарға да арналған. Айта кететін жайт, талапкерлер дайындық курсын тек бір жыл ғана тегін оқиды. Егер осы уақытта сәйкесінше оқу бағдарламасын игере алмаса, екінші жылы ақылы болады.

- Оқуларына берілетін 50% жеңілдік кімнің есебінен бөлінеді?

- Бұл мақсатта университет есебінен жылына шамамен 30 млн-ға жуық қаражат бөлінеді.

- Басқа университеттерде Қытайдан келген студенттер кириллицадан қиналып, бірнеше жыл емтихандардан құлап жүр. Сіздерде осы жағы қалай болып жатыр?

- Әр университеттің ұстанатын бағыты бөлек, даму стратегиясы әрқалай, бұл көбіне ректордың ұстанымына байланысты болады. Менің ұстанатын бағытым – шетелдік қазақ студенттерге қолдан келгенше көмектесу. Сізге мысал айтайын, университеттің ішкі тәртібі бойынша жатақханалардың қатары факультет бойынша бөлінген. Бұрын шетелдік студенттер қазақстандықтардан бөлек тұрады екен. Мен оларды жергілікті студенттермен араласып тұрсын деп шештім. Бұл олардың елімізге тез бейімделуіне көмектеседі. Дегенмен, оқу процесінде бәріне қойылатын талап бірдей.

- Демалыста Қытайға кеткен студенттер қайтадан Қазақстанға қайта алмай қалып жатыр. Осы мәселе қашан және қалай шешіледі?

- Бұл университеттің шешетін мәселесі емес. Қазақстан тарапынан олардың құжаттарына байланысты ешқандай мәселе туындаған емес. Қытай мемлекеттінің ішіндегі саяси мәселеге байланысты туындап отыр. Бұл мәселе ҚР СІМ орынбасары келгендеде айтылды.


Университет ректоры Абзал ТАЛТЕНОВ

- Кейбір қытайлық студенттер оқуларын аяқтамай кетіп жатыр деген әңгіме бар. Бұл ақпарат қаншалықты рас?

- Оқудың ортасына келіп кетіп қалған студент жоқ. Бізде оқи алмай, оқу ұнамай кетіп қалды деген болған жоқ. Дегенмен де дайындық курсын аяқтап, басқа қалаларға кетіп жатқан студенттер бар. Олардан себебін сұрағанымызда «Алматы Қытайға жақын, отбасыларына барып-келу оңай немесе оңтүстікте туыстарымыз бар» деп жауап берді. Ешкімді күштеп ұстамаймыз ғой. Кейін Алматының белді университеттеріне түсіп жатса, тек қана қуанамыз.

Жолболды СЕЙДІҚАПАР, «Тарих» мамандығының ІІІ курс студенті:

- Мен Қытайда туып-өстім. Осы елде 11 жыл білім алғаннан кейін, 2014 жылы ОҚО Шымкент қаласындағы мемлекеттік университетіне келдік. Бірақ ол университетте ұлты қазақ, бірақ Қазақстан азаматтығы жоқ азаматтардың саны күрт өсіп кеткеннен кейін, әр елдерден жиналған студенттерді бөлді. Осылайша мен Атырау өңіріне келдім. Атырауда бір жыл дайындық курсында білім алып, «тарих» мамандығына оқуға түстім. Оқу қиын емес, тек орыс тілінде қиындықтар болады.

- Неге Қазақстанда оқығың келді?

- Қазақстанға келмес бұрын Қытайда орналасқан өзіміздің ата-бабамыз туралы кітаптар оқыдым. Ата-анамыз да «Сендердің атамекендерің - Қазақстан. Сол елге пайдаларың тиюі тиіс.  Ұрпағың қазақ болы қалуы тиіс» деп жиі айтатын болды. Осы өсиет әсер еткен болуы керек. Келгенде 50 пайыз жеңілдік уәде етілді, қазір осылай білім алып жатырмыз. Қолыма дипломымды алғаннан кейін Қазақстанда қалып, ұстаздық еткім келеді.

Ұлан СҮЙЕНІШБЕКҰЛЫ, «Математика» мамандығының ІІІ курс студенті:

- Мен Қытайдың Шыңжаң аймағы Іле-Қазақ автономиялық облысы, Күрес ауылында дүниеге келдім. 2014 жылы Атырауға келіп, дайындық курсында білім алуды бастадым. Дайындық курсы тегін болды, ай сайын шәкіртақы алдым. Кейін кешенді тест тапсырып, математика мамандығына түстім. Дипломымды алғаннан соң, қазақ балаларына математика пәнінен ұстаздық еткім келеді.

- Қазақстандық білім бағдарламасына қай пәндерден қиналасың?

- Орыс тілінен қатты қиналамын. Өйткені Қытайда орыс тілі пәні оқытылмайды. Басқа пәндерден еш қиындық жоқ.

Жасар НҰРДАНБЕК, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының І курс студенті:

-Мен Ұланның жерлесімін. Ауылда, қарапайым малшы отбасында дүниеге келдім. 2015 жылы Іле Университетіне «музыка» мамандығы бойынша оқуға түстім. Сол кезде Қазақстанда өткен Халықаралық Абай оқуларына қатысып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің грантын ұтып алдым. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты Қазақстанға келе алмадым. Кейін бір жылдан соң Ақтөбеде болған Халықаралық қазақ әдебиеті оқуларына қатыстым. Осы оқуда бас жүлдені иеленіп, Атырауға келдім.- Қытайда қытайша оқып, төте жазу қолданған соң, Қазақстанға келіп аздап қиналып қалғаным рас. Бірақ бірте- бірте меңгеріп жатырмын.


Фархат ӘБІЛОВ

Сурет пен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

21 наурыз 2018, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.