Атырау, 19 сәуір 12:33
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Шетелде дүниеңіз бар ма?

3 587 просмотра


Шетелдегі банктерде шоттары және жылжымайтын мүліктері бар қазақстандықтар салық органдарына есеп беруі тиіс. Атырау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінде жеке табыс салығы туралы декларацияны қалай тапсыруға болатындығын және оны тапсырмаса не күтіп тұрғанын әңгімелеп берді.

Декларацияны кім тапсыруы тиіс?

Шетелде банктік есепшоттары  немесе жылжымайтын мүлкі бар барлық қазақстандықтар мемлекетке өз табысы туралы есеп беруі тиіс. Бұл шетелде оқитын және шәкіртақыны шетелдік банк шоты немесе карточкасы арқылы алатын студенттерге де қатысты. Егер студент қазақстандық картаны пайдаланса және шетелдік банктерде шоттары болмаса, оған декларация тапсырудың қажеті жоқ.

Оны қандай мерзімде ұсыну керек?

2017 жылдың жеке табыс салығы бойынша декларация 2018 жылдың 31 наурызына дейін ұсынылуы керек.

Декларацияны қалай тапсыруға болады?

Салық қызметі сізге үш тәсілді ұсынады:

1. «Салық төлеушінің кабинеті» мобильді қосымшасы немесе электрондық үкімет порталы арқылы. Сонымен бірге, салық төлеушінің қолданыстағы электронды цифрлық қолтаңбасы болуы тиіс. Айта кету керек, шетелде болып, ЭЦҚ алу мүмкін емес, оны отанында жасау қажет.

2. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің www.kgd.gov.kz сайтынан декларация формасын (240.00-нысан) жүктеуге болады. Толтырылған форманы азаматтың тұрақты тіркеу орны бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне хабарламалы тапсырыс хатпен жібереді.

3. Декларацияны жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне табыс ететін басқа адамға нотариалды куәландырылған сенімхат ресімдеуге болады.

Декларацияны уақытында тапсырмағаны үшін жауапкершілік.

Салық органдары бірінші рет ескерту жасайды. Бір жыл ішінде қайтадан бұзылған жағдайда - 15 АЕК (36 075 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Мемлекеттік кірістер департаментінде, егер азамат ҚР-дан тысқары жерде меншігіндегі мүлігі немесе шетелдік банк шоттарындағы ақша қаражаттары туралы жалған ақпарат берсе, онда оған 100 АЕК (240 500 теңге) айыппұл салынатындығын түсіндірді. Мәліметтерді қайтадан жасырса, бұл 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Шетелден табыс алатын азаматтар Қазақстанда табыс салығын төлейді ме?

ҚР Салық кодексінің 359-бабына сәйкес, басқа елде алынған табысқа сол жерде төленген табыс салығы ҚР-да жеке табыс салығын төлеу есебіне жатқызылады. Бұл Қазақстанмен тиісті келісімшарты бар елдерге қатысты (52 ел). Егер азаматтың мұндай келісімі жоқ елде табысы болса, онда шетелде де, отанында да - екі мәрте төлеуіне тура келеді.

Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА

«АЖ» анықтамасы: Страсбург конвенциясына қатысушы елдер шоттар туралы ақпарат алмасады. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті шет мемлекеттен Қазақстан азаматтарына ресімделген банк шоттарының бар-жоғы туралы ақпарат сұрайды. Сондықтан, ақшаларын жасыру мүмкін емес,- деп растайды салық органдары.


20 наурыз 2018, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.