Атырау, 23 сәуір 18:27
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Қазақстандағы Ресей азаматтары президент сайлауына дауыс беріп жатыр

2 540 просмотра


Ресейде өтіп жатқан президент сайлауына Қазақстанда тұратын ресейліктер де дауыс беріп жатыр. Алматыдағы Ресей консулдығы алдында бүгін таңертең ұзын-сонар кезек пайда болды.

Мұндағы сайлау учаскесіне Қазақстанның оңтүстігіндегі төрт облыста тұратын Ресей азаматтары дауыс береді. Консулдық ғимараты алдында ит жетектеген полиция қызметкерлері, медициналық жедел жәрдем көлігі тұр. Полиция сайлаушыларды дауыс беретін орынға жеке құжаттары мен сөмкелерін тексеріп кіргізді.

Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулы Алексей Деминнің сөзінше, дауыс беруге келгендердің дені 40 жастан асқандар.

"Сайлау учаскесіне өздігінен келіп дауыс бере алмайтын сайлаушылардың алдын ала берген өтініші бойынша консулдық өкілдері олардың үйіне барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасайды" дейді ол. Бас консулдың айтуынша, Алматыда мұндай өтініш 8 адамнан түскен.

Қазақстан бойынша Ресей президенті сайлауына ресейліктердің дауыс беруі үшін 18 сайлау учаскесі ұйымдастырылған, соның ішінде Ресей қарамағындағы Байқоңыр қаласында 7 сайлау учаскесі ашылған. Ресей сыртқы істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда тұратын 73 мың ресейлік азамат тіркелген. Министрліктің ресми өкілінің сөзінше, Қазақстан Ресей азаматтары ең көп тұратын он елдің қатарына енеді.

Ресейде президент сайлауы осымен жетінші рет өтіп жатыр. Конституцияға сәйкес Ресей президенті алты жыл мерзімге сайланады. Бұл жолғы сайлауға түсіп жатқан сегіз кандидаттың аты-жөні сайлау бюллетеніне алфавиттік тәртіп бойынша енгізілген: Сергей Бабурин ("Российский общенародный союз" партиясы), Павел Грудинин (Ресей Федерациясы коммунистік партиясы), Владимир Жириновский (Ресей либерал-демократиялық партиясы), Владимир Путин (өзін өзі ұсынған), Ксения Собчак ("Гражданская инициатива" партиясы), Максим Сурайкин ("Коммунисты России" партиясы), Борис Титов ("Партия роста" саяси ұйымы) және Григорий Явлинский ("Яблоко" партиясы).

Дереккөз: azattyq.org 

18 наурыз 2018, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.