Атырау, 25 сәуір 12:20
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Зағипа Балиева: Баланың қорғаушысымын деген азамат қайда жүр?

2 804 просмотра


Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева Орталық коммуникациялар орталығында журналистерге арнап брифинг өткізді. Осы пресс-конференция барысында омбудсмен 7 жасар баланың қазіргі жағдайы туралы толығырақ айтып берді. Сондай-ақ, уәкіл өзін баланың қорғаушысымын деп таныстырған азаматтың жұмысына еш кедергі келтірмегенін, керісінше бірнеше сағат бойы оны қорнақүйде күтіп отырғанын айтып өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Зағипа Балиева бала мен оның әжесін пойыздан түсіріп алуға бұйрық бермегенін айтты. Сондай-ақ, ол керісінше іске атсалысамын деген қорғаушылардың әрекетін тек құптайтынын жеткізді.

«Заңға сәйкес қорғаушы өтінішхат жіберуге құқылы. Заң шеңберінде өзі дұрыс деп тапқан сараптамалардың жасалуын талап ете алады. Бірақ сараптамалардың тағайындалуы туралы соңғы шешімді тергеуші өзі қабылдайды. Әрине, олар тәуелсіз, жеке сараптама жасауға құқылы. Бірақ, мұндай сараптаманың жасалуы екінші тарапты қанағаттандырмайтыны айтпаса да түсінікті. Сол себепті, бірінші кезекте баланың денсаулығын ойлайық. Бір толыққанды әрі кешенді сараптама ғана жүргізейік. Үздік мамандарды тауып қатыстырайық. Ең бастысы, олар екі тарапты да қанағаттандыратын тәуелсіз сарапшылар болуы тиіс. Кей адам бір сараптама жеткіліксіз деп, оны бірнеше рет жасатпақ. Менің басты міндетім – баланы қорғау. Бәріміз бірінші кезекте баланы ойлауымыз керек. Ересек адам ретінде мұндай сараптама кезінде баланың өзін жайсыз сезінетінін түсініп тұрған шығарсыздар. Кешіріңіздер, бірақ мұндайдан кейін баланың психикасы бұзылатыны сөзсіз. Мен еш тарапты жақтап отырғаным жоқ, тек бала үшін алаңдаймын», - дейді Зағипа Балиева.

Тергеуші мамандарды жинап, бір ғана сараптама жүргізу туралы шешім қабылдады. Әзірге сараптаманың нақты қай күні жүргізілетіні және оның нәтижесі қашан дайын болатыны белгісіз.

Омбудсмен 14 наурыз күні бірнеше сағат бойы баланың қорғаушысы мен өзін заңды өкілімін деп таныстырған азаматтарды қонақүйде күткенін айтты.

«Кешіріңіздер, баланың қорғаушысы қайда жүр? Осы жерде телефонмен онымен байланысқа шыққанымызды дәлелдейтін адам бар болуы мүмкін. Біз одан Шымкентке таңғы сағат сегізде келуін өтіндік. Оны күттік. Егер сіздер мен ойлаған қорғаушы туралы (Бауыржан Азанов - авт.) айтып жатқан болсаңыздар. Себебі, бірнеше адам өзін баланың қорғаушысы ретінде таныстырып жатыр. Мен барлық қорғаушыны баланың, әпкесі мен әжесінің, менің жанымда жүруге шақырамын. Құқықтар заң шеңберінде қорғалсын. Егер қолдарында сенімхат болса, осында келсін, мархабат. Барлығымыз балаға бірге қамқорлық танытайық. Оны сараптамадан өтуге бірге дайындайық. Дайындықтың қаншалықты объективті өтіп жатқанын бірге бақылайық. Менің бір сұрағым бар. Қорғаушысы болса, қайда жүр ол? Егер мәселе осы қорғаушы туралы болып жатса. Баланың жанында жүрген қолында сенімхаты бар бірде-бір қорғаушыны көрмедім. Өзін баланың заңды өкілімін деп таныстырған азаматты қонақүйде сағат 8-ден 10-ға дейін күтіп отырдық. Жанымда бала, оның әжесі және әпкесі болды. Ол сол жерге келмеді. Мен бәрімен байланыста болдым. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Маған барлығы хабарласты. Сіздер маған хабарласа алғанда, ол неге хабарласа алмады екен?!» - дейді Зағипа Балиева.

Брифинг барысында омбудсмен қазір баланың денсаулығы жақсы екенін жеткізді. Түстен кейін жақындарымен бірге Бәйтеректі аралауға барады. Сондай-ақ, ол журналистер мен қоғам белсенділеріне баламен және оның әжесімен кездесуге жағдай жасайтынын айтып өтті. Бірақ, бұл үшін бір шарты бар. Ешкім балаға болған оқиға туралы сұрақ қоймайды.

Бұған дейін қазақстандық қоғам белсенділері мен еріктелер жиналып, жеті жасар баланы Алматыға апарып, тәуелсіз сараптама жасауды ұйымдастырды. Бұл үшін Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы адвокат келіп, жәбірленушіні қорғауына алды. Осылайша 14 наурыз күні кешкісін сағат 20:17-де жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесі, ресми өкілі – төртеуі Шымкент теміржол вокзалынан Алматыға пойызбен жүруі тиіс болатын. Бірақ сағат 20:00 шамасында баланың әпкесі мен ресми өкілі журналистерге хабарласып, оларды пойызға мінгізбей, ұстап қалып, бір топ полицейдің ОҚО ішкі істер департаментіне күштеп әкетіп бара жатқанын хабарлады.

Содан кейін ОҚО ішкі істер департаментінің ғимаратында ұсталып отырған жәбірленуші бала, әжесі мен әпкесіне оның ресми өкілі Дінмұхаммед Артықов пен қорғаушысы Бауыржан Азанов кіргізілді. Іштен шыққан ресми өкіл баланың Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілгелі жатқанын хабарлады.

Сағат түнгі он жарымдар шамасында жеті жасар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданғаны жөнінде хабарлама таратты.

Ресми хабарламада «Шымкент темір жол вокзалында баланың әжесімен әңгіме жүргізілді. Оларға мемлекет тарапынан берілетін қорғауға алу құқығы бойынша тергеуші қаулысының қажеттілігі туралы түсіндірілді. Содан кейін баланың әжесі мемлекет тарапынан берілетін қорғауды пайдалану құқығын қолдану туралы шешім қабылдады», - деп жазылған.

Ізінше ОҚО ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова баланың «кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілгенін мәлімдеді».

Жәбірленушілердің ресми өкілі Құрманғазы Мүсір кәмелет жасына толмағандарды бейімдеу орталығына барып, баланың онда жоқ екенін хабарлады.

«Баланың әпкесімен сөйлестім. Оларды бізден жасырып ұстап отыр. Сол факт бойынша енді полицейлерге барып, бізден оларды алып кетіп, жасырғаны үшін арыз өткіземіз», - деді Құрманғазы Мүсір.

Бала құқығы жөніндегі Зағипа Балиева баланың және оның жанындағы әжесі мен әпкесінің психологпен бірге жалдамалы пәтерге орналастырылғанын айтты.

Еске салсақ, 12 наурыз күні қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында «Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлаған» деген ақпар тарады. Жеті жасар баланың әжесі бұл туралы аудандық ішкі істер органдарына хабарланғанын, бірақ тергеу шараларының жеткілікті жүргізілмей келе жатқанын айтты.

Содан кейін кешкісін ОҚО Ішкі істер департаменті «Сарыағаш ауданындағы кәмелеттік жасқа толмаған 7 жасар балаға қатысты мектеп оқушыларының оны ұрғаны және зорлағаны жөніндегі дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігімен Сарыағаш аудандық ІІБ ПБ қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Қылмыстық істің тергеуіне қатысты қалған мәліметтер тергеу құпиясы болғандықтан, жарияланбайды. Істің тергелуі ОҚО ІІД басшылығының жеке бақылауында», - деп хабар таратты.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасының хабарлауынша, тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалды.

«Олардың қорытындылары әлі дайын емес. Нәтижесі бойынша Астана қаласында арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі», - делінген хабарламада.

Бұл оқиға Қазақстан қоғамында үлкен дау туғызып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр.

Сондай-ақ, Зағипа Балиева 15 наурыз күні сарыағаштық баланы әжесі және әпкесімен бірге Астанаға алып келді. Осыдан кейін 7 жасар баланың әжесі видео үндеу жолдап, көмек қолын созған жандарға алғыс білдірді.

16 наурыз күні Астана қаласында өткен брифинг барысында Зағипа Балиева баланың отбасына бас қаладан үйдің тек мемлекеттік бағдарлама шеңберінде берілетінін айтты. Мұнымен қатар, бала оқыған мектептің директорымен ешқандай жақындығы жоқ екенін, беделді туыстарын етене жақын танымайтынын жеткізді.

Дереккөз: Baq.kz

16 наурыз 2018, 14:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.