Атырау, 29 наурыз 10:14
 ашықВ Атырау +10
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырау суретшілері: Нұрсұлтан Қалиев

Сурет Бейнежазба
11 232 просмотра


Ол ағаштың құдіретін бала күнінен сезініп өсті. Қашан көрсең де үйінің ауласындағы бір бұрышта ағаштардан түрлі мүсіндер, тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап отырғаны. Ағашты өңдеу, әшекейлеу өнері оған әкесінен дарыса керек.

ШЕБЕРЛЕРДІҢ АРМАНЫ

- Бәрі де сол 12 жасымда ағаш жарып, үйге отын тасып жүрген кезімде басталды. Шабылған ағаштардың пішініне қарап отырып көзбен түрлі мүсін салатынмын. Бірде пышақпен қыран құстың мүсінін жасадым, бұл «туындымды» еңбек сабағыңда жақсы бағалады, - дейді қолөнерші әрі суретші Нұрсұлтан Қалиев. 

Ол бүгінде облысымызға ерекше композициялы мағыналы кәдесыйлар жасаумен белгілі қолөнерші. Соңғы жылдары ұлттық музыкалық аспап түрлерін де жасап жүр. Қобыз, домбыра, ұрмалы аспаптар... Мәселен, оның арнайы тапсырыспен жасаған бірнеше осындай аспаптары қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрмеде тұр. Қалиевтің жұмыстары Ш. Сәриев атындағы музейге де қойылған.

Оның ерекше туындыларының бірі - өзі бұйтұмары санайтын «Шебер қолдар» атты композиция. 

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Нұрсұлтан Қалиев 1978 жылы 20 ақпанда Атырау қаласы Балықшы кентінде дүниеге келген. 1993 жылы мектепті тәмамдап, 1995 жылы қалалық №2 училищені электрик мамандығы бойынша бітіріп шығады. Осы жылы Атырау агротехникалық колледжіне түсіп, 1998 жылы техник-механик мамандығын игерді. Кейін 2001 жылы әскердегі борышын өтеп келген соң сол жылы жүрегі қалаған суретші-безендіруші мамандығын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде меңгеріп шығады.

- Бір күні даладан ерекше пішінді ағаш тамырын тауып алдым. Маған жұмыс үстіндегі шебердің қолын жасау туралы идея келді. Сөйтіп, өзімнің қолымды қалыпқа салып, саусақтарыма дейін пішінін дәл келтіруге тырыстым, - дейді қолөнерші.

Оның шеберханасы Тасқала ауылындағы өз үйіне жалғасып салынған орынжайда орналасқан. Шебер өз жұмыстарын қоятын орын тапшы екенін айтады. Осыған орай қаланың ішінен жеке галереям болса дейді:

Атырау кішкентай қала, бірақ, соның өзінде көбі бізді біле білмейді. Біздің жасап жатқан дүниелерімізден бейхабар. Үкімет тарапынан әр суретшіге шеберхана немесе галерея ашып беру қиын шығар, мен кіруі тегін ортақ көрме залдары болса деймін.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырауда да кей өңірлердегідей «Шеберлер ауылы, шеберлер үйі» болса деген бастама көтерген суретші, қолөнершілердің қатарында болдыңыз. Нәтижесі қалай?

- Біз шеберлердің басы қосылып, сол жерде жұмыс істеп, жұмыстарын галереяға қоя алатындай мүмкіндік беретін орынжай сұрағанбыз. Бір мекенжайдан орын табылды, енді тек музейдің балансына беру керек деген, бірақ, кейін әкімдер ауысып,бұл мәселе ашық күйінде қалды.

"Рухты қазақ".


ШЕБЕРЛЕР ҮЙІ КЕРЕК

- Кәдесый өнімінің өндірісіне тоқталсақ. Алдағы уақытта Махамбет ауданындағы Сарайшық музей кешені кеңейтіліп, сол жерден туристер үшін этноауыл салынады деген жоспар бар. Осы жерге жергілікті шеберлердің емес, қырғыз, өзбек елінен әкелінген арзан кәдесыйлар толып кетпесін деген қауіпіңіз бар екен...

Иә, әрі сапалы әрі арзан, тым қымбат болмауын қадағалайсың ғой. Туризм саласы бойынша облыс әкімінің қатысуымен өткен жиналыс болғанда бір қолөнерші Сарайшықта қолөнершілерге шеберхана салына ма деп тікелей сұрақ қойды. Сол кезде әлі жоба әзірленуде деп нақты жауап бере алмады.

- Қазір қолөнершілер өз жұмысын бизнеске айналдыруға ұмтылып жүр ғой. Сіз де бір әңгімеңізде шағын кәдесыйлар жасап, бағасы арзан етіп өтімді етіп жасасам деп айтып едіңіз. Сол ойыңыз қалай жүзеге асырылып жатыр? 

Иә, бутик ашып, сонда жұмыстарымды қойсам деген ой болған. Бірақ, жалға алу құны тым қымбат. Қаладағы үлкен сауда орталықтарында 1-қабаттағы бутик үшін айына 1 миллион теңге сұрайды. Тұрақты сатылып кетіп тұрса жақсы, бұл ай сайын өтетін жұмыстар емес. Сондықтан, халыққа жұмыстарыңды көрсететін жер - галерея залы керек.

- Көбіне қандай бұйымдарға тапсырыс түседі?

Қобдиша, қосжүзік, картиналарға. Тапсырыстан гөрі өз идеям бойынша жасалған жұмыстарды көп алып жатады. Бағасына қарамай алатындар сирек.

- Аулаңызда жуан ағаш жатыр екен. Қайдан келді бұл? Жалпы материалдарды қайдан аласыз?

- Мына ағашты біреулер кесіп жатқан жерден сұрап, үйге алып келдім. Жақсы ағаш көрсем, сатып та аламын. Ағашты сүйекпен, былғарымен қаптайтын кездер болады. Сүйек, былғарыларды жан-жақтан сұрастырам, көбіне ауыл жақтан. Қазақ болған соң ет жемей, мал соймай тұрмайсың ғой.

- Ал металдарды қайдан аласыз?

Алматыдан күміс, мелхиор тастарын алдыртамын. Мелхиор қымбат, таптырмайтын, таттанбайтын металл.



"Той басталды".


ӨЗІНЕ ЖАСАЛҒАН СЫЙЛЫҚ


- Сіз бала күннен бері ағашпен жұмыс істеп келіп, майлы бояумен картина жазуға көштіңіз.

Иә, бертін келе қызықтым. Багетін өзім жасап, кескіндеме саламын. Плэнерге шығамыз. Пейзаждар саламын көбіне. Қазақ ауылының көрініс салуды ұнатамын. Атыраудың көріністерін салып берші деп сұрайды адамдар. Сосын көпірді, Жайықты салып бер деп жатады.

- Әкеңіз ағаш шебері, сіз ағаш шеберісіз, ұлдарыңыздың да ағашпен жұмыс істеуге қызығушылығы бар ма?

Жоқ, екі ұл, бір қызым бар. Екі ұлым да менің өнеріме қызықпайды. Десе де, айтыс өнеріне жақын біреуі. Қазір Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясында ақындық өнер сыныбында оқиды. Өлең шығарады. Кішісінің қолөнерге аздап ебі бар, тапсырма берсең, мұқият орындайды. Алайда әзірге көп ынтасы жоқ.

- Тек қана мағыналы композиция, сувенирлер емес, ұлттық аспаптар - қобыз, домбыра, түрлі ұрмалы аспаптар да жасайсыз. Бәрі қалай басталды?

Дина Нұрпейісова атындағы халық аспаптар оркестрінен, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияда жұмыс істейтін қобызшы қыздардан қобызға тапсырыс түсті. Содан қобыз туралы зерттеп, мағлұмат жинап барып жасап көрдім. Қобыз шектерінің бірі 60 ат қылынан, екіншісі 70 қылдан жасалуы керектігін жақсы білесіз. Олар бір-біріне шатаспай, әр қайсысын бөлек тарту қажет. Әйтпесе, дыбысы дұрыс болмайды. Қобызшылар жақсы баға берді. Қобыз бар жерде домбыра бар. Жақында тұтас ағаштан домбыра жасадым.

Сіз қомақты қаржы, айталық, 1 миллион теңге ұсынса, сіз қай шығармашылық жұмысыңызды сатуға үзілді-кесілді қарсы боласыз?

- «Шебер қолдарды». Басқасын ойланбастан сатсам да, «Шебер қолдарды» сату маған қиын болады, - деп жауап берді Нұрсұлтан.

Біз де солай жауап берерін сезіп едік, өйткені бұл шебердің өзіне арнап жасаған сыйы ғой. Өзіне, өнеріне деген құрметінен туған қайталанбас туындысы.


"Шебер қолдар".


Айнұр САПАРОВА

Фото/видео: Ғани САҒЫНДЫҚОВ

16 наурыз 2018, 10:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.