Атырау, 19 сәуір 22:22
 ашықВ Атырау +19
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Темір жолдан бақытын тапқан

PR
3 996 просмотра


Темірдей тәртіп орнаған бұл салада ер адамдармен бірге иық тіресіп жұмыс жасап жүрген нәзік жандылар жетерлік. Соның бірі – Хамзақызы Дина ИБАТОВА. Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Атырау магистральды желі бөлімшесінде 18 жылдан бері жұмыс жасайды. Қазір өткел кезекшісі қызметін күндізгі және түнгі ауысыммен атқарып жүр.

Динамен біз жұмыс орнында «Ақжайық» станциясының №519 шақырымдағы теміржол өткелінде кездестік. Ол осы жердегі автокөліктер мен теміржолдың қиылысатын жеріндегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл жерден негізінен цистерналар тиеген пойыздар өтеді. Ол станция кезекшісінен хабарлама алғаннан кейін шлагбауымды түсіріп, пойызды кедергісіз өткізіп жіберуі керек.

Жалпы, Динаның негізгі мамандығы - кітапханашы. Ол 1988 жылы Гурьев мәдени-ағарту училищесін тәмамдаған соң, Мақат ауданындағы мәдениет бөліміне әдіскер болып жұмыс жасайды. Құлсары мен Мақатқа дейінгі аралықты қамтитын Бекбике разъезінде жол шебері болып қызмет ететін Жәнібек КӨБЕЕВПЕН де оның іссапармен осы ауданға келгенінде танысады. Кейін екеуі отбасын құрып, бірнеше үйі ғана бар сол разьезде тұрады. Бірақ, бұл жерде теміржолдан басқа жұмыс жоқ. Сол себепті Дина жолдасы Жәнібектің қол астына жол жөндеуші болып жұмысқа тұрады.

- Әрине, бастапқыда ауыр болғаны рас. Ауа температурасы 45 градусты көрсететін ыстық күндері қызған темірдің ыссылығы бет шыдатпайды. Соған қарамастан қауіпсіздік шарасы үшін теміржолдың бойына өскен шөптерді жұламыз, ер адамдарға ескі шпалдарды ауыстыруға көмектесеміз,- дейді Дина.  - Қыстың қар қалың жауған күндерінде рельстің үстін және бағыттаманы қардан тазалаймыз. Сол сияқты балшық та болмауы керек. Есімде, өзімнің аяғым ауыр, осындай жұмыстардан қиналып кеткесін, бір айдан соң жұмыстан өз еркіммен босату туралы арыз жазып, жолдасымның үстеліне қойдым. Ол маған: «Қасыңдағы екі келіншектен сенің қай жерің кем!? Жасайсың!» деп ұрсып, арызымды жыртып тастады. Бастығым қол қоймағасын, сол жұмыста қала бердім (күлді). Тек жүктіліктің соңғы кезеңдерінде бастығым «Станцияның басында бол, бағыттағыштарды майлап, айналаны қоқыстардан тазартумен айналыс» деп қамқорлық жасағанына қарамастан қарамастан, жанымдағы екі келіншектен қалғым келмей, трактордың тіркемесіне мініп алып, перегонға кетіп қалып жүрген күндерім болды. Одан бері де он сегіз жыл өтті ғой...

Кейіпкеріміз өткел кезекшісі болумен қатар, темір жол жөндеуші міндетін де қоса атқарып келеді. Мұндай жұмыста бәріне дайын болу керек. Мысалы, егер өткелде автокөлік тұрып қалса, жүйткіген пойызды тоқтатып үлгеру қажет.

- Құдайға шүкір, менің жұмысымда мұндай жағдай болып көрген жоқ. Дегенмен, жартылай әскери тәртіп болғаннан кейін, кез-келген теміржолшы оған моральдық және физикалық дайындықта болуы керек,- дейді ол.

Десек те, кейіпкеріміз бір қызықты жайтты есіне алды:

- Наурыз айы болатын. Құлсарыда мен кезекшілік ететін өткел Теңіз кенішіне баратын жалғыз өткел болғандықтан, барлық көліктер сол жермен өтеді. Сол күні кезекшілігімде өз бағытыма келетін кезекті пойызды күтіп алуға дайындалып, айналаны шолып тұрмын. Кенет автобус тиеген ауыр жүк көлігінің бекітпе жіптері босап кетті ме, автобус темір жолдың үстіне ауып кетті.  Өткелге қарай пойызды жібермеу үшін жағдайды дер кезінде станция және дөңес кезекшілеріне хабарладым. Содан басшыларымыз келді, көп ұзамай реттедік.

Кейде бағдаршамда қызыл жанғанын көре тұра, өтіп кетуге асығатын автокөлік иелері болады. Сондай кезде көлігі өткелде бұзылып қалатындары да бар. Осыған ұқсас жағдайлар тәжірибемде екі-үш рет қайталанды,- еске алды өткел кезекшісі.

Дина Қызылқоға ауданының Қызылту ауылында дүниеге келген. Мал бағумен айналысқан әке-шешесі балаларын жастайынан еңбекке баулыған. Содан да болар, Дина қай жұмысқа да шымыр, төзімді болып өскен екен.

Дина мен жолдасы Жәнібекпен бірге Жанна, Салтанат, Тұрарбек, Сұлтанбек есімді ұл-қыз өсіріп отырған бақытты отбасы. Балаларының үлкені биыл орта мектепті аяқтайтын болса, ең кішісі аяқтайтын болса, ең кішісі 3-сыныпта оқып жатыр.

- Теміржолдағыдай темірдей тәртіп біздің үйде де бар,-деп күлді теміржолшы Дина.- Тамақ ішіп отырғанда да жолдасым екеуміз жұмыста кездескен қызықтар мен қиындықтарды айтып, бөлісіп отырамыз. Биыл әкесі үлкен қызымызды теміржол мамандығына оқуға түсіргелі отыр. Негізі, қазір теміржолшыларға мемлекет және басшыларымыз тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп келетіндіктен, балаларымның болашағы үшін осы сала - ең ұтымды таңдау деп ойлаймын. Теміржолшылар әулетінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуы да осыдан шығар...

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Суретті түсірген автор

8 наурыз 2018, 10:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.