Атырау, 25 сәуір 20:58
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Аялдама бар, автобус жоқ

Сурет Бейнежазба
4 433 просмотра


Атырау облысындағы 13 мыңнан астам халқы бар аудан орталығы Индербор кентінде қоғамдық көлік қызметі жұмыс жасамайды. Аялдамалар бар, автобустар жоқ. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындар қанша көтергенімен, шешімі табылар емес.

- Бұл мәселені шешу оңай болып тұрған жоқ,- дейді Кент әкімі Рулан ТУРАБАЕВ. - Ал оқушылар үшін мектептерге арнайы автобустар алынды.

Зейнеткер Мұстахима АТАУОВА:

- Қоғамдық көлік керек. Ол туралы айтып-айтып жағымыз ауырды. Жыл сайын қолға аламыз дейді де, әкімнің есебінен кейін естен шығарады. Балалар мен қарттарға обал. Үнемі таксиге отыруға жұртшылықтың жағдайы көтермейді ғой..

«АЖ» тілшісі кент көшесіне шығып, таксилердің бағасын біліп көрді.

- «Барлаушылар» көшесіне қанша?

-150 теңге.

-Қасымда құрбым бар еді...

- Екі адамға 300 теңге.

Біздің қолымыздағы фотоаппаратты көріп, әлгі адам көлігінің есігін тарс жауып, тез қозғалып кетті. Екінші көлік иесі такси емес екенін, біреуді күтіп тұрғанын айтып сылтауратты. Алғаш сұрағанда жолақы 100 теңге екенін айтқан болатын.

Келесі кездескен такси заңды жүр екен:

Менің патентім бар. Зейнеткерлік жасқа әлі екі қалды. Ал егде жастағы адамдарға жұмыс табу қиын, алысқа барып еңбек етуге денсаулық та көтермей қалады. Төрт жылдан бері адамдар тасып, күнкөріс жасап жүрмін. Менде бір баға - кісі басына 100 теңге. Одан әрі бағаны көтерген емеспін,-дейді Серік ТОҒАНАСОВ.


- Аудан бойынша патенттелген 259 такси бар. Патенсіз, заңсыз жүрген көліктер көп,- дейді Индер аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы  Әлім ҚОНЫСОВ. - Біз жергілікті полициямен бірігіп рейд жүргізіп тұрамыз. Көбіне іс сотқа барғанда бұзылып жатады. Себебі жолаушылар жүргізушіге ақша төлемегін айтып, ақтап шығады.

«Барлаушылар» жақтан жаяу келе жатқан балалармен сөйлестік. Айтуларынша, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің бір топ оқушылары екен. Төрт сабақтан тараған балалар мектеп автобусы ауысым біткен соң шығатынын айтты.


- Автобус біреу, сондықтан графикке сай - таңертең, түсте, кешке жүреді,- дейді мектеп директорының м.а. Мереке ЖУМАШЕВА - Кейде балалар ерте тарап жатса, онда өздері кетеді. Үнемі автобуспен барлық баланы қамту мүмкін болмай тұр. Кешкі алты және жетінші сабақтан шыққан балаларды тасымалдау үзілген емес.

- Жыл сайын конкурс ұйымдастырылғанымен бәсекелестік тұрғыда ынта білдіруші кәсіпкерлер жоқ,- дейді аудандық ЖКХ басшысы Абзал РАМАЗАНОВ.  - Өткен жылы «Газель» шыққандай болып еді, шығынымызды жаппайды деп бір апта жүріп, тоқтап қалды.



Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен видеоны түсірген автор

27 ақпан 2018, 11:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.