Атырау, 19 сәуір 14:36
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Жел, жел, сен кімнен күштісің?

Сурет Бейнежазба
4 931 просмотра


Бірнеше жыл бұрын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында Атырау облысы аудандарында (Жылыой мен Махамбет аудандарынан өзге) жел генераторлары қондырылды. Ал жақында «АЖ» Исатай ауданында осындай, бірақ көлемі жағынан ауқымды жоба жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. өңіріміздегі энергетика жүйесіндегі өзгерістер туралы мамандар не айтады?

Қызылқоға ауданында қытайда өндірілген жел генераторына екі шаруа қожалығы ие болыпты.

- 2013 жылы қуаты 3 киловаттық жел генераторын алдық. Содан бері үзбестен пайдаланып келеміз. Біз соның арқасында қыстақта электр тогы бар. Әрине, бәрі ауа райына байланысты. Егер желсіз күндер көп болса, ток қуаты аз жиналады, онда екі сағаттан аспайды. Үнемі жарықпен қамтамасыз ету үшін косымша қуаты бір киловат шамасында болатын күн көзінен ток алатын панельді Атыраудан 250 мың теңгеге сатып алдым,-дейді «Нұрлы дала» ШҚ басшысы Мұрат САРМАНОВ (суретте).

Құрманғазы ауданында генераторларды бес шаруа қожалығы алған. Бастапқыда округ әкімшілігінің балансысына беріліп, кейін шаруа қожалықтар иелеріне көшкен.

Исатай ауданында жел генераторларын сатып алуға 50 млн теңге жұмсалған. 2013 жылдан бері 3 киловаттық 27 генератор Айбас, Мыңтөбе құмындағы алыс қыстақтарға орнатылды. 

- Жақында кейбір қондырғылардың істен шыққаны туралы естідік. Себебі әлі белгісіз,-дейді Исатай аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Қуандық САРИЕВ.

Индер ауданының шаруалары осындай 9 генератор алды.

- Мен 2014 жылы алғанмын. Бірақ бұл генератор қанша күтіп-баптасаң да, ұзақ пайдалана алмайсың. Себебі аккумуляторлық батерялар тез істен шығып жатады. Оның әрқайсысы 40 мың теңге тұрады. Ал қанғалақтардағы шөткілер де ескіре бастады, қашанға дейін шыдайтыны белгісіз,- дейді жеке шаруа Таңат СИСЕНҒАЛИЕВ (суретте).

Кезінде Елтай округіндегі «Дүйсен» ШҚ берілген жел генераторын қардың астынан қазып алуға тура келді. Қаңғалақтары сынған, енді іске қосу мүмкін болмас.

Индер ауданындағы Аққала ауылында су тазарту қондырғысына (СТҚ) ток беру үшін жасалған 60 киловатт болатын жел генераторлары да жұмыс жасамай тұр.

- Бұдан төрт жыл бұрын СТҚ-да ток көзін үнемдеу мақсатында сатып алынған болатын. Мұның ток жинайтын 72 дана аккумулятор батреясы және екі генераторы бар. Бүгінде бұлар «Индерсу» КМК балансысына берілді. Бүгінде техникалық жағдайы дұрыс болмағандықтан жұмысын уақытша тоқтатып тұр,- Индер аудандық сәулет, құрылыс және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Бауыржан ИМАНҒАЗИЕВ (суретте). - Жел генераторын күтіп ұстап, алты ай сайын майлап-сайлап қарап тұруы керек. Бұған арнайы мамандар керек және олардың ақшасын «Индерсу» КМК төлеуі қажет. Дәл нақты айта алмаймын, дегенмен бір генераторды алты ай сайын тексерістен өткізіп қаратуға 500 мың теңгедей қаржы керек.

ӨНЕРКӘСІПТІК АУҚЫМДА МА?

Сонымен қатар, Исатай ауданы Манаш ауылының маңында бүгінгі күні желден қуат алуды қамтитын әлдеқайда ауқымды жоба – жалпы қуаты 52 мегаватты құрайтын 36 жел электр қондырғысының кешені жүзеге асырылуда.

«Атырау Жарық» АҚ басқарма төрағасы Оразғали ҚАРШЕГЕНОВТІҢ айтуынша, жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады, мердігер – алматылық мамандандырылған ЖШС, бірақ жергілікті энергішілер де көмектесуде.


ҚР ЭМ Атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы Мейірбек ҒҰБАШЕВ бұл жоба уақтылы деп есептейді:

- Атырау облысында бүгінгі күні тұтыну - Маңғыстау энергетикалық комбинатынан 50 мегаватт, Батыс Қазақстан облысынан 30 мегаватт және Атырау ЖЭО-нан 250 мегаватт. Бірақ электр энергиясын тұтыну жыл сайын артып келеді. Каспий құбыр консорциумы 20-25 мегаватт, жаңа қондырғылары үшін АМӨЗ 50 мегаватт алады және жақын арада осы сатып алулар көлемін 2,5 есеге көбейтеді. ТШО мен НКОК өздерін энергиямен қамтамасыз етеді. Қалай болғанда да, «жел диірмендері» шығаратын резервтер артық болмайды.

- Манашта электр қондырғыларын қосуда қиындық туындауы мүмкін бе?

- Жоқ. «Жел» энергиясын 110 киловольт желіге және оны ең алдымен, «Аққыстау» қосалқы станциясы арқылы іске қосқысы келетін шығар. Қазіргі кезде біздің департамент электр нысандары құрылысының сызбасын мақұлдамайды, бұл жоба бойынша мақұлдаумен KEGOS компаниясы айналысты.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суреттерді және бейнежазбаларды түсірген авторлар

20 ақпан 2018, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.