Атырау, 20 сәуір 11:19
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Тәтішевтің оққағары сотта банкирдің қалай өлтірілгенін айтты

2 271 просмотра


Тараз сотында Ержан Тәтішевтің оққағары банкирдің өлімі қалай болғанын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Мұның алдында бизнесмен Мұратхат Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы басталғаны хабарланған еді.

Оған 1997 жылғы редакциядағы ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабының 2 тармағы - "ж, з" бойынша айып тағылып отыр. Сотта бизнесмен "Банк Тұран Әлем" АҚ экс-басқарма төрағасы Ержан Тәтішевті өлтіргенін мойындаған еді. "Кінәңізді мойындайсыз ба?", - деп сұрады судья. "Иә", - деп жауап берді Мұратхан Тоқмәди. "Толықтай мойындайсыз ба?", - деп нақтылады судья. "Иә", - деп жауап берді бизнесмен. 

Тәтішевтің оққағары Сергей Козлихиннің айтуынша, сол күні бастығы мен Тоқмәди қасқыр атуға шыққан.  

"Тоқмәдиге оң қолымен қаруды алып, "Мәке, міне" деп, көліктің алдыңғы екі орындығының ортасынан береді. Осы кезде Тоқмәдидің Тәтішевтің артында, жүргізуші орындығының артында отырғанын нақты көрдім. Оның қаруды алғаны айқын көрінді. Қару сол кезде құлыптаулы болды ма, жоқ па - мұны айта алмаймын. Шынымды айтсам, көрмедім. Тәтішев маған: "оң жақ терезені түсір" деді, себебі қасқырлардың бірі оң жаққа қарай кетіп бара жатқан. Осы кезде мен терезені түсіріп жаттым, 2-3 секунд өтті, осы кезде арт жақта қару атылды", - деді сотта Козлихин. 

Оның айтуынша, ол дереу жанына қарап, Тәтішевтің мәйітін көрген.  "Мен артыма қарадым, қолында қаруы бар, оң жақта отыр, менің артымда. (...) Оң қолы шүріппеде болды. (...) Бастығыма қарап, оның рөлге сүйеніп жатқанын көрдім, көзі шығып кеткен, терісі қарауыта бастады, көк түске айнала бастады. 

Дереу жылдамдықты азайттым. Сағатына 60-70 шақырыммен келе жатқанбыз", - деді ер адам. Айтуынша, көлік тоқтағаннан кейін Тоқмәдиді көліктен алып шығыпты.  "Атып шығып, оны көліктен түсірдім. Не істедің дедім. Ол болса, Сергей, түсінесің ғой, мен алғым келмеді, өзі алды дейді. Қалай атқанын өзім де түсінбей қалдым. Ол қайта-қайта беті бері қарамайтынын айтумен болды. Ағарып кетті, есін жоғалта бастады", - деді Козлихин.  

Сондай-ақ, Бас прокуратура аға прокуроры Ілияс Ысқалиев іс материалдарынан көзбе-көз беттестірулердің бірінде Мұхтар Әблязовтің ақшалай сыйақы үшін Тәтішевті абайсызда атып алғандай қылып өлтіріп, әрмен қарай бизнесіне ие болуды ұсынғанын айтты.  

"Тоқмәдиді аса ауыр қылмыс жасауға үгіттеген Әблязов оған қарсы болған жағдайда органдардағы және арнайы қызметтердегі байланысы арқылы оның бұған дейін жасаған қылмыстары үшін қудалауға ұшырататынын айтып, қорқытты. Өз кезегінде Тоқмәди үгітіне түсіп, зұлымдық ниетпен 2004 жылдың жазында Алматыда 4 миллион доллар үшін Тәтішевті өлтіруге келісім береді. 

Сонымен қатар, Әблязов Тоқмәдиге бизнесіне қолдау білдіруге кепіл береді. Әблязов өз тапсырмасын орындату үшін кісі өлтіруге тапсырыс беруші ретінде 2004 жылы Тоқмәдиге алғашқы төлемі ретінде уәде етілген ақшалай сыйақының 2 миллион долларын белгісіз тұлғалар арқылы қолма-қол санап берген", - деп оқыды прокурор айыптау актісін. 

Осыған дейін Мұратхан Тоқмәдидің Тараз қаласының сотына жеткізілгені хабарланған болатын. "05.02.2018 Жамбыл облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына М.Ш. Тоқмәдиге қатысты 96-баптың 2 тармағы "ж, з" бойынша қылмыстық іс келіп түсті. Іс материалы бойынша, Алматы қаласында қылмыстық әлемнің "беделдісі" және "Депутаттық корпус" ҰҚТ басшысы М.Ш.Тоқмәди "Банк Тұран Алем"АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Е.Н.Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отыр.

Бұл қылмыстық іс "Төрелік" ақпараттық жүйесімен судьяға қарастыруға үлестірілген. Қылмыстық істі қараудың мерзімі мен күні белгіленбеді", - деп хабарлаған еді Жамбыл облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіндегілер. 

Еске сала кетейік, Мұратхан Тоқмәди былтыр 12 маусымда ұсталған болатын. Алматыда арнайы қызмет "Депутаттық корпус" атты қылмыстық топты ұстау бойынша операция өткізген еді. 

БАҚ-та шыққан ақпарат бойынша, бұл қылмыстық топты "ҚазШыныҚұрылыс" зауытының иесі Мұратхан Тоқмәди басқарған. Сондай-ақ, прокуратура мәліметінше, оның үйін тінту кезінде қару-жарақ пен оқ-дәрі табылған.

Ал таяуда бизнесменге қатысты үкім шыққан. Мұратхан Тоқмәди 3 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Дереккөз: tengrinews.kz

16 ақпан 2018, 14:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.