Атырау, 20 сәуір 13:27
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

"Әр сәтің санаулы"

Сурет Бейнежазба
3 871 просмотра

Бастапқыда «АЖ» тілшілері Атырау қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы қызметкерлерімен бір-екі сағат өткізуді жоспарлады, өйткені жексенбі күні болатын. Бірақ шексіз қоңыраулар легімен медиктермен бірге түн ортасына дейін «жұмыс жасағандарын» байқамай да қалды...

ЖАҢА РЕГЛАМЕНТ БОЙЫНША

Жақында жедел жәрдем жаңа регламентке көшті. Бұрын қоңыраулар 360 себеп бойынша 6 санатқа бөлінетін, енді 58 себеппен 4 санатқа бөлінеді.

1-санат - қайтыс болу қаупі нақты болғанда (мысалы, естен тану, тыныс алудың тоқтауы, жүрек қызметінің тоқтауы, қансыраған көптеген жарақаттар). Бригада 10 минут ішінде келуі тиіс. 2-санат - жүрек ырғағының бұзылуы, 3 жасқа дейінгі балаларда 38 градустан жоғары температура, жіті коронарлық синдромға күдіктену және т.б., бригада 15 минут ішінде жетуі тиіс. 3-санат – іштің қатты ауыруы, жоғары температураның төмендемеуі, жүктіліктің үзілу қаупі және т.б., сынақ уақыты - 30 минут. 4-санат - өмірге тікелей қатер болмаған жағдайда жіті аурудан немесе созылмалы аурудың асқынуынан туындаған науқастың жағдайының нашарлауы. Мұндай қоңырауларға бір сағат ішінде емханаларда құрылған мобильді топтар қызмет көрсетеді. Олар да демалыссыз және тәулік бойы жұмыс істейді.


ЖОЛДА БОСАНАДЫ

Атырауда қалалық станциядан басқа тағы үш қосалқы станция бар: облыстық аурухана базасында, қалалық емханада және Бірлік (бұрынғы Новостройка) ықшамауданында. Күн сайын желіге барлық қажетті жабдықпен, соның ішінде пациенттің қанынан жүрек тропонинін анықтау үшін аппаратпен жарақталған 30 бригада шығады. Оның көмегімен ең қысқа мерзімде инфаркт диагнозын қоюға болады.

Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Гүлнафис ТАНБАЕВА симуляциялық манекендермен жабдықталған оқу кабинетін көрсетті. Мұнда жас фельдшерлер өз шеберліктерін шыңдайды.

- Бүгін таңертең, мәселен, Еркінқаладан жүкті әйелді перзентханаға алып келе жатты. Бірақ оны жолда босандырып алуға тура келді. Қызметкерлер «өте жақсы» орындап шықты, - дейді Танбаева. - Айтпақшы, өткен жылы облыста 100-ге жуық бала үйден туылды, оның жартысы Атырауда. 7 жағдайда әйелдер дәрігерлер келгенше босанған, қалған жағдайда – біздікілер үйде немесе көлікте жәрдем еткен.

ТҰРАҚТЫ КЛИЕНТТЕР

Станцияның диспетчерлік бөліміндегі телефондар бір минут та тыным таппады. 30 қаңтарда бұл жерде сағатына 60 шақты қоңырау түскен, бірақ соңғы күндері азайған – тәулігіне 700-ге дейін түседі. Барлық қоңыраулар автоматты режимде жазылады және қатты дискіде сақталады.

Кезекті қоңырау - диспетчер Жанна РАХМЕТОВА науқастың жасын нақтылап, мекен-жайын жазып алып, жүгіну санатын анықтап, қоңырауды аға диспетчердің пультіне жолдайды. Бұған санаулы секундтар кетеді. Аға диспетчер Нәсіп БИСЕНБАЕВА монитордан қала картасы бойынша аталмыш мекен-жайға жақын жердегі бос каретаны тауып, сол жерге сигнал жібереді. Бұл кезде диспетчер қоңырау шалған адамға нақтылаушы сұрақтар қояды.

- Кейде мамандандырылған бригаданы жіберу керек болады, кейбір жағдайларда фельдшерлерді жіберу жеткілікті болады. Кейде жүргізуші мекен-жайды іздестірген кезде нені бағдарға алғаны жөн екенін сұрастырамыз, - дейді Жанна. - Қазір 94-ші жылы туылған ер адамнан қоңырау қабылдадым - ол мейрамханадағы жанжал салдарынан ауырып қалыпты. Бригада жолда кетіп барады.

- Бұл біздің тұрақты клиентіміз ғой! – деп айқайлап жіберді аға диспетчер шақырту картасынан пациенттің атын қарап шығып.

- Тұрақты деген қалай?

- Бұл жігіт - балалар үйінің түлегі. Қоғамдық орындарда жиі қақтығысып қалады, жедел жәрдем шақырып, өте нашар сезініп тұрғанын айтады. Біз бригада жібереміз.

- Содан кейін?

- Ештеңе, жағдайы дұрыс болады. Мүмкін тек көпшілікке көз етіп шақыратын шығар. Бірақ біздің бригаданы жібермеуге құқығымыз жоқ.

ШОК АЛҒАН ЖІГІТ, ЕСІН ЖОҒАЛТҚАН ӘЙЕЛ

Жаңа қоңыраулардың бірі: 50 жастағы әйелге дем жетпей жатыр екен. Бригадамен бірге шықтық. Қанат ТӨКЕЕВ - 15 жылдан бері жедел жәрдемде жұмыс жасап келе жатқан бірінші санатты фельдшер. Оның серіктесі - медицина колледжінің түлегі Самал ЖАҚСЫЛЫҚОВА жедел жәрдемде 3 айдан бері жұмыс жасап жүр.

- Қоңыраулар саны, әдетте, кешкі сағат алтыдан кейін көбейе бастайды. Адамдар жұмыстан, қонақтықтан, балалар мектептен, балабақшадан үйлеріне оралған кезде. Біреулері ауырып қалса, баланың жарақат алғаны белгілі болады немесе басқа бір нәрселер болып, емханалар жұмыс істемейтін уақыт болып, олар 103-ке қоңырау шалады, - дейді Қанат. - Өткен айда ЖРВИ-ге көп қоңырау келіп түсті.

- Алдыңғы кезекшіліктен не есіңізде қалды?

- 25 жастағы жігіттегі анафилаксиялық шок. Қызуы көтеріліп, дәрігерге қаралмай, өз-өзін емдеуді шешкен. Досы дәріханадан антибиотиктер сатып алып, өздері ине егіпті. Осыдан кейін науқаста дірілдеу және басқа анафилаксиялық шок белгілері пайда болған. Көмек көрсетілгеннен кейін ол ауруханаға жатудан бас тартты.

Ал бір әйел жұмыста ауырып, есінен танып қалған. Сөйтсек, ол өздігімен жүктілігінен құтылуға шешім қабылдап, әлдебір «көлденең» препаратты қабылдапты. Нәтижесінде ол ауруханаға жатқызылып, ағзасын жедел тазартуға жіберілді.

Сол кезде пациентке де жеттік. Ол 10 күннен бері тұмаудан емделіп жүргенін, бірақ жағдайы жақсармағанын айтты:

- Учаскелік дәрігерді шақырдым, ол ем тағайындады. Бәрін дұрыс қабылдадым. Жоғары температурам жоқ, бірақ дем алуым өте қиын. Жұма күні әупірімдеп емханаға жеттім. Анализдер тапсырып, рентгенге түстім, пневмонияны анықтап, үйге жіберді. Ал енді жағдайым мүлдем нашарлап кетті.

Медиктер ауруханаға жатқызуды ұсынды, әйел сөзсіз келісті.

- Учаскелік дәрігердің қатесі. Осындай диагнозбен және осындай жағдайда ауруханаға жатқызу керек. Олардың мобильді бригадасы пациентті ауруханаға дереу жеткізетін еді, - деді Қанат.

Еш кідіртпей облыстық ауруханаға барып, әйелді науқастарды қабылдау бөлмесіне алып келдік.


АНАСЫНЫҢ ЗАТТАРЫ ӘЗІР

Шақырту картасын толтырғаннан кейін Қанат аға диспетчермен байланысып, жаңа шақырту алды: жүкті әйел өзін нашар сезініпті. Жолда Владимирский көшесіндегі кептеліске тап болып, сиренаны қостық, бірақ жүргізушілер бізді өткізуге асығар емес. Қарсы жолақтағы бос жерден өтуден басқа амал қалмады.

Пациент қатты токсикозға шағымданды:

- Тіпті, тамақ иісіне де құсамын.

Ол ауруханаға жатудан бас тартты. Медиктер лоқсуға қарсы екпе салып, кеңестер берді. Әйел келесі күні учаскелік дәрігерге баруға уәде берді.

Сол сәтте жаңа шақырту түсті: 35 жастағы ер адам өзін нашар сезініпті. «Нашар» деген сөздің астарында инсульт пен инфаркт болуы мүмкін. Медиктер өздерімен бірге кардиограф ала шықты, бірақ ол қажет болмады. Ер адам жөтелге, температураға, қалтырап тоңатындығына, әлсіздікке шағымданды. Өлшеген кезде - қысымы қалыпты, температурасы 37,5 болды.

Қанат пациенттің тамағын қарап шығып, фарингит болуы мүмкін деп болжам жасады. Қызу түсіретін екпе салып, жұмысын әрі қарай жалғастырды.

- Егер ол диспетчерге жоғары температурасы бар екендігін нақтыласа, оған емхананың мобильді бригадасы баратын еді. Жалпы алғанда, бізде негізді бола қоймайтын шақыртулар көп түседі, - дейді Қанат.

Келесі шақырту: 7 айлық сәбиде ентікпе бар екен. Педиатрлық бригада бос емес, сондықтан шақыртуды біздің желілік бригадаға жіберді. Сол жерде сәбиге жедел трахеобронхит және оттит деген диагноз қойылғаны белгілі болды.

- Кеше жедел жәрдем шақырдық, бізге ауруханаға жатуды ұсынды. Туысымыз жұқпалы аурулар ауруханасына апарды, бірақ олар бізді қабылдамады. Бастапқыда олар орын жоқ екенін, содан кейін баланың палатада жұқпалы науқастармен бірге болуы жақсы емес екенін айтты. Мен шу көтермедім. Бізге антибиотиктер мен қызу түсіретін дәрі-дәрмектер тағайындап,  үйден емделуді ұсынды. Ал бүгін баланың жағдайы нашарлап кетті, - дейді анасы.

Кішкентай пациентті тексеріп шыққан медиктер ауруханаға жатуды ұсынды. Анасының заттары дайын екен, сондықтан оларды тез арада ауруханаға жеткіздік.


СӨЗБЕН ЕМДЕУ

Ал содан кейін «біздің бригада» үшін Атырау ықшамауданына қоңыраулар легі басталды. Бұл жерде үйлердің нөмірі жаңылыстырады, көшелердің бәрінің атауы ілінбеген, дұрыс мекен-жайды табу кейде өте қиынға түседі. Шақыртулардың бірінде бізді абыржыған туыстары қарсы алды. Ал еденде жас әйел қояншығы ұстап жатыр. Қайынсіңлісі оның күйеуімен қатты ұрыс-керісінен кейін осындай жағдайға ұшырағанын айтты. Қанат пациентті мүсәтір спиртін иіскетіп және қатты сөзбен есін жидырып алды. Қысымы қалыпты. Жүрегі де жақсы жұмыс жасап тұр. Тыныштандыратын екпе салды.

- Таңертеңге дейін тыныш ұйықтап, дым болмағандай оянады, - деп қалжыңдады Қанат көлік ішінде. - Сіз өзіңіз бәрін көрдіңіз, ол біз барған бойда бірден тынышталды. Бұл өзіне көңіл аударту үшін жасалған ойынға ұқсайды. Бір кезекшілікте осындай 10-15 жағдай болып тұрады.

Біздің әңгімемізді аға диспетчердің дауысы бөліп жіберді:

- Екінші, сізде үзіліс.

Бірнеше сағаттық сапардан кейін бригаданың жүрек жалғап алуына, ыстық шәй ішуіне азғана уақыты бар. Егер бірінші-екінші санатты шақырту болмаса ...


Тамара СУХОМЛИНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ

15 ақпан 2018, 09:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.