Атырау, 29 наурыз 16:29
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қамқорлық пен қатігездік

Сурет Бейнежазба
6 887 просмотра

Бес адамнан құрылған «Мейірімді жүрек» еріктілер тобы екі жылдан астам уақыт бойы иесіз үй жануарларын өз қамқорлықтарына алып келеді. Олар бүгінге дейін сенімді адамдарға 100-ден астам ит-мысықты өткізсе, бүгінде 60-қа жуық иттерді жалға алған базада асырап отыр.

Осы базаға «АЖ» тілшісі барған кезде иттер танымайтын адамдарға ызаланып үрмеді. Бұл жерден тек жақсылық көріп отырғандары байқалады. Араларында ақсаңдай басқан, көзі жоқ жануарларды да көрдік.


- Көшеден алдымен бір итті таптық, содан кейін екіншісі... бәрі содан басталды. Фейсбукте «Иесі жоқ үй жануарларына көмек» деген топ ашып қойдық. Бұдан соң бізге көлік қаққан иттер немесе тұрғын үйлердегі буаз мысықтарды алып кету секілді көмек сұрап телефон соғатындар көбейді. Қамқор жандардың ішінде төрт аяғы жоқ итті үйіне бағуға алып, кейін сол отбасының сүйікті мүшесіне айналып кеткен жағдайлар да бар,- дейді ерікті Альфия ОКАШЕВА (суретте).- Біз иттердің қауіпсіздігі үшін ветеринарлық клиникамен бірлесіп жұмыс істейміз. Емдеуге төлейтін ақшаны әлеуметтік желілер және қайырымдылық акциялары арқылы жинаймыз.

Осы кезде шағын сарайдан азып-тозған бір адам шықты.

-Біз тек үй жануарларын ғана емес, тұрағы жоқ адамдарды да қамқорлыққа алдық,- деп жымиды осы кезде Альфия.- Мұнда суы, газы бәрі бар, баспана жылы. Уақытында иттердің тамағын берсе болғаны. Тауып алған ит-мысықтарды жоғалтқан иелері алып кететін жайттар да болып жатады. Ондай жағдай бір-екі неміс овчаркасына болған.

Аула итттерінің арасынан көзіміз ақсаңдап басқан кәрі алабайға түсті.

- Мұны қайдан таптыңыздар?

-Өте кәрі болғасын, біз оны Хатабыч деп атадық (күлді). Біздің еріктелер Хатабычты көпқатарлы үйлердің ауласынан тауып әкелді. Құлағы мен құйрығының кесілгеніне қарағанда, оның иесі болған. Тек төбелес кезінде бір көзінен және саусақтарынан айырылып, жарамсыз болып қалғасын, иесі оны лақтырып тастаса керек...

- Жануарларға тамақты қайдан аласыздар?

- Бізге қаладағы ет дүкенінің бірінің иелері көмектесіп, артық қалған сүйектер мен кесілген еттерді тегін береді. Ал сарайда тұратын адамдар оны макарон өнімдерімен араластырып пісіріп беріп тұрады.

- Осыншама қаражатқа иттерге орын жалдап отырсыздар.Мүмкін демеушілер бар шығар?

- Біздің еріктілер тобының көмек сұрап, қақпаған есігі қалмаған шығар. Өткен жылдың жазында Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қабылдауында болып, әкім үй жануарларына баспана салуға жер учаскесін қарастыратыны туралы келісім берді. әзірге күтіп отырмыз.

Әрине, біздің қазір қаладағы барлық үйсіз жануарларды жинайтын мүмкіндігіміз жоқ. Айтпақшы, бізге қаңғыбас иттерді ату күндіз жүргізілетіні, баласымен қыдырып жүргенде, көше кезген иттерді атып өлтіріп жатқанын көргені туралы шағымданып жатады. Жалпы, иттерді атуға оқ-дәріге бөлініп жатқан миллиондаған қаржыны оларды ұстауға арналған тұрақты салуға жұмсаса әлдеқайда дұрыс болар еді...

Еріктілердің қамқорлығына тап болған жануарлардың жолдары болғандай. Қалғандарының тағдыры аянышты, әрине. Бізге қалалық ветеринария бөлімінен хабарлағандай, 2017 жылы үйсіз иттерді атуға 27 млн теңге қаржы бөлініп, 8 896 ит пен 2 784 мысық жойылған. Қаңғыбас иттер туралы шағымдар көбіне Кеңөзек және Еркінқала ауылдық округтарынан түсіп жатады.


Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА 

Суреттер мен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

13 ақпан 2018, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.