Атырау, 16 сәуір 12:52
 ашықВ Атырау +16
$ 448.56
€ 478.03
₽ 4.79

Соғыс және махаббат туралы

Сурет
4 237 просмотра


Қазір Атырауда Ұлы Отан соғысының 30-ға жуық ардагері қалды. Олардың бірі - Николай Григорьевич ПАНОВ. Соңғы кездері медаль мен ордендерге толы пиджагын сирек киетін болған: денсаулығы сыр бере бастап, ұмытшақтық пайда болған. Оған таң қалуға да болмас, өйткені жасы 93-ке келген еді. Алайда тілші келерде осы костюмін қуана киіп алыпты.

ТАУЫҚКӨЗ

Оның кішкентай жарық бөлмесіне кірер-кірместен ол әскери тәртіпке сай қашан дүниеге келгенін, қайда шайқасқанын, қай жерінен жараланғанын дақпа-дақтап баяндай бастады...

- Тоқтай тұрыңыз, ата… Қалай қорыққаныңызды, қалай шабуыл жасағаныңызды, қалай достасқаныңызды, біреуді сүйдіңіз бе, соны айтып беріңізші...

Коля атай үнсіз қалды. Солғын тартқан көгілдір көзін еденге қадап, өз өмірінің кітабын парақтағандай керуеттегі жамылғыны тартқылап, есіне түсірді.

- Соғыста қалай достасасың, қызым? – деді ауыр ойдан есін жиған атай. – Енді дос болып, бауыр баса бергенде, басын оқ тесіп өткен жаңа досың траншеяда қаза болады. Соғыста дос болған ауыр нәрсе. Иә, досым болған, аттасым, жақсы жігіт еді. Сегіз айдай оттан, судан бірге өттік.

Көнекөз жауынгер шатысып, есіне түсіріп, 1943 жылдың күзінде Орел қаласын бетке алып, арып-ашып, суықта шағын деревняларды неміс басқыншыларынан азат еткен шағын әңгімелеп берді.

- Ал сол жігіт бірде маған, көзім көрмей қалды, көмектес деді. Оның соқырлығы өзгеше болатын: күндіз көреді, түнде көрмейді. Жауынгерлер арасында мұндайды тауықкөз деп атайтын. Дәрумендердің тапшылығынан ба, толқығандықтан ба, себебі көп шығар.

Түн. Шабуыл. Зуылдаған оқ. Жауынгерлер шабуылдап жүгіріп барады! Урааааа! Ал ол досына жармасып алып, құлап-сүрініп, жүгіріп, айқайлап қояды. Көзі көрмейді...

- Маған кедергі болды, бірақ оны далаға тастамаймын ғой. Мен оны ақыры санбатқа баруға көндіре алмадым. Ол тек көздерін бақырайтатын: сенбейді, соғысқысы келмейді деп ұйғарып, атып тастайды деп қорықты. Осылайша бірнеше ай бойы оны жетектеп жүрдім. Туған бауырлардай дос боп кеттік, бірақ ... Ол қаза болды.

Майдангер одан сайын еңкіш тартып, ауыр күрсінді.


АЛҒАШҚЫ НЕМІС

Кенет көзі жанып, майданда жерлесін қалай кездестіргенін есіне түсірді:

- Соғысқа дейін көзтаныс болған танысыма тап болдым. Біздің жасақтарымыз қатар өткен еді. Сол кезде оның жүзін көріп қалдым. Таныс, ыстық, оның Гурьевтен екенін білетінмін. Көздеріміз түйісіп, саптан шыға сала, бір-бірімізге жүгірдік. Командирлеріміз шақырғанша ғашық адамдардай құшақтасып тұрдық. Сөйтіп, әрқайсымыз өз жасағымызға оралдық. Бір ауыз сөз айтуға үлгермедік.

Николай ПАНОВ

- Майданға қалай бардыңыз, ата?

- 17 жасымда.  Үлкен ағаларым соғысқа аттанған еді, мен де барғым келді. Бірақ теміржол училищесін бітіргеннен кейін броным болды. Әскери комиссариатқа келіп, мені бронепойызға шайқасуға жіберуді қолқаладым. Бірақ сол кездегі басшылық жаяу әскерге жіберді. Осылайша, әскери дағдыларды үйренбестен, бірақ сондай құлшыныспен алғашқы шайқасыма түстім...

Жауынгерлер алғашқы діттеген жерлеріне жетіп үлгерместен, артиллериялық оққа ұшырады. Бәрі бытырап жан-жаққа қашты. Жауынгерлердің бәрі – Николай сияқты, жастар, соғысты көрмеген. Көпшілігі қаруды алғаш рет көріп тұр. Командир жауынгерлердің өтінішімен қалай оқ атуды, қалай окоп қазуды, оған қалай орналасу керектігін түсіндіреді - ол: «Өмір сүргілерің келсе - өздерің үйренесіңдер!» - деді.

Шынымен де, жігіттер ысылып қалды.

- Немісті алғаш көргеніңіз есіңізде ме?

- Есімде, қызым. Пойызда бізге немістердің барлығы ақшыл шашты, көздері ақшыл реңді деп айтқан еді. Алғаш көрген кезде, солай екеніне көзім жетті.  Қоян-қолтық алысып кеттік: менің бойым аласа, бірақ шымыр денелімін. Оның бойы ұзын, бірақ арық. Мен жеңдім: қылғындырдым. Соғыстың аты соғыс қой.


БАҚШАДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Немістің оны өлтіретін мүмкіндігі болса да, бірақ өлтірмеген екен.

…Орел түбіндегі деревня түгелдей дерлік азат етілді: шетте бір үй қалды, сол жақтан біздікілерге оқ борап жатты. Жақындап бару үшін жиналған картоп алаңымен еңбектеп баруға тура келді. Жаңбыр сіркіреп тұр, суық, балшық. Жауынгерлер ақыры сол үйді алды, немістердің жартысы өлді, жартысы қашып кетті.

- Мен үйге кірдім, олардан жейтін бірдеңе қалған шығар деп ойладым. Бізге тамақ келмегеніне үшінші күн болды. Ал сол кезде пештен: «Ұлым, бұрышта шөпте бульба жатыр. Сен оны дайында, өзің же, мені де тамақтандыр, көптен нәр сызбадым» деген дауыс шықты. Қарасам: қарт әжей пеш үстінде жатыр екен, жүдеп, әбден бозарып кеткен.

Бульбаны, яғни, картопты таба алмады. Атыздан қияр қарауды ұйғарады. Сол кезде жапырақ арасынан тапаншаның аузын көзі шалып қалды. Неміс офицері жасырынып қалған екен.

- Ал менің патрондарым қалмаған еді... «Ақымақ болма, фриц, хенде хох, шық, қане» - дедім мен оған. Бәлкім, ол мені атар ма еді, бірақ оқ атса, біздікілер жүгіріп келіп, өзін өлтіріп тастайды деп ойлады. Тапаншасын лақтырып, қолын көтерді.

Ақымақ болдым ба, әлде, батыл болдым ба, өлімнен қорықпадым. Керісінше, ұрысқа ұмтылатынмын. Тіпті, қазір де жаңалықтарды қараймын, егде тартпасам, соғысқа аттанар едім. Әлі есімде, қолымда граната, Брянск түбіндемін. Ал біздің офицер жаралы еді. Қолбасшылықты өзіме алуды ұйғардым... Танктер болса келіп қалды. Ал біз бар болғаны жетеу ғана қалдық!..


ОСЫНДАЙ МАХАББАТ

Николай ПАНОВ жұбайымен

- Ал махаббат ше, Коля ата? Сіз әңгімелеген жоқсыз.

- Тпәй, бар болғыр, айтайын дегенімді ұмытып қалдым ғой...- кәрі солдат зілсіз күліп жіберді. – Махаббат – соғыстан кейін болды ғой.

Әлі есімде. Көршінің жас қызы бар еді, мені кешке, биге шақырып жүретін. Майданнан жаңа оралған бетім. Анам мен келерден бірнеше күн бұрын қайтыс болды. Жарақаттан аяғымды әзер басып жүрмін. Биге қайдан барайын? Мені Фетисов көшесіндегі үйге қалай қонаққа алып барғаны есімде жоқ. Айнала толған бойжеткен, қалжыңқой қыздар. Ойын ойнадық, әркім қалпақтың ішінен болжам жазылған қағазды суырып алуы тиіс болды. Менің қағазымнан: «Осы ойында өз жарыңды табасың» деген жазу шықты.

Бұрышта қабырғаға сүйеніп, Оля есімді қыз тұрған еді. Ол да майданнан жақында оралған. Салмақты, қарапайым, сұлу қыз. Үстінде көк түске қайта боялған әскери формасы бар. Ал мен кіммін? Мүгедекпін. Оқ жарықшақтарымен жараланған ақсақ едім. Бірақ сол кеште оны қаланың екінші шетіндегі үйіне дейін шығарып салдым... Үш ұлымыз бен қызымыз дүниеге келді. Міне, махаббат деген осы.


«АЖ» анықтамасы:
«Тауықкөз», немесе гемералопия (грек тілінен hemera – күн, alaos – соқыр, көз шағылыстыратын, ops – көз) – жарық жеткіліксіз болғанда (қараңғыда, түнде, жарықтан қараңғы жерге кіргенде, жасанды қараңғыланған кезде) көрудің күрт нашарлауы. Кеңістік бағдарында нашарлау байқалады, сонымен қатар көру алаңы тарылуы мүмкін. Бұл ағзаға А дәруменінің жеткіліксіз түсуімен немесе оның зат алмасуының бұзылуымен байланысты. Бұған ашығу, бауыр ауруы, безгек, жүйке бұзылуы және т.б. кезінде жалпы тамақтанудың бұзылуы себеп болуы мүмкін. Көп жағдайда «тауықкөз» уақытша сипатта болады.

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

Суретті түсірген автор және Н.Пановтың жеке мұрағатынан алынған сурет

12 ақпан 2018, 17:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.