Атырау, 24 сәуір 04:20
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

​Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрына жаңа директор тағайындалды

6 394 просмотра


Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрына жаңа директор болып Асхат Мақсымұлы Маемиров тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі театр баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Асхат Мақсымұлы Маемиров 1974 жылы 12 наурызда Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында туған. 

1991 - 1995 жылдары Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті (бұрынғы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогика институты)ның филология факультетін бітірген. 1995 - 1996 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының "драма режиссері" мамандығы бойынша Қазақстанның халық артисі, профессор Маман Байсеркеновтың классын бітірген. 

2008 жылы Қазақстан Республикасының президенітінің "Болашақ" халықаралық степендиясының иегері. Сол жылы Université Sorbonne Nouvelle Paris университетінде білімін жетілдірген. (Франция, Париж); 

2008 жылы Париж Ұлттық өнер консерваториясының "драмалық өнер" мамандығы бойынша тағлымдамадан өткен (Франция, Париж);

2010 жылы Ресейдің атақты ГИТИС өнер академиясында театр өнері бойынша магистр ғылыми атағын алды.Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2015), қазақстандық театр режиссері. Қазақконцерт өнер бірлестігінің бас директоры (2017 жылдан). Философия ғылымдарының докторы (PhD 2016).  

Еске салайық, 7 ақпанда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ драма театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләлге қатысты сот үкімі шыққан еді.  "Сот Ерлан Біләлді ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабы бойынша айыпты деп танып, 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарады", - деп оқыды үкімді судья. 

Сондай-ақ, сот Біләлді мемлекеттік қызметтерге орналасу құқығынан өмір бойына айырды. Мұнымен қатар, судья сотталушының "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағынан айыру туралы ұсыныс жолданатынын мәлімдеді.

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі және 366-бабының 2-бөлігі "Пара алуға оқталу" бойынша айып тағылды. Сотқа дейінгі тергеу органының мәліметі бойынша, Біләл "Сезам" қоғамдық қайырымдылық шығармашылық қорының президенті Қайрат Баяновтан Әуезов театрының қабырғасында жаңажылдық қойылымдар қою үшін 1,5 миллион теңге пара алмақ болған.   

Сотта судья Қуаныш Әріпов төрелік етті. Мұның алдында Ерлан Біләл қылмысын мойындаған болатын. 

"Сыйақы туралы келістік, сосын 2 қаңтарда кездесіп, ол маған 600 мың теңге берді. Екінші рет 4 қаңтарда 900 мың теңге берді де, мен сол күні ұсталдым. Кінәмді толық мойындаймын, өкініш білдіремін. Басында Баянов маған өзі ұсынған. Бізде жылда шыршалар, қойылымдар өтеді. Өзі келді. Қазақша айтқанда ризалығын білдіру үшін. Басында соманы да өзі айтқан болатын. 600 мыңды қайда жаратқаным есімде жоқ, қарыздарымды қайтарып жүргенмін. Ешкім қысым жасаған жоқ, кінәмді өзім мойындадым", - деген еді Ерлан Біләл сот отырысы кезінде.  

Айта кетейік, Ерлан Біләлдің адвокаты істің БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтуін сұраған еді. Судья тараптар пікірін тыңдап, аудиожазбаға, суретке және видеоға түсіруге тыйым салды.  

Мұның алдында сот Ерлан Біләлді кепілмен босатқан еді. Ол 1 миллион 205 мың теңге көлемінде кепіл сомасын берді. 

Еске салайық, 5 қаңтарда ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры басшысы Ерлан Біләлов 1,5 миллион теңге парамен ұсталғаны хабарланған болатын. Кінәсін толық мойындауына байланысты Ерлан Біләлов қамауға лалынбады. 

Осыдан кейін 9 қаңтарда Әуезов театры директоры міндетін атқарушы тағайындалған. Ал 17 қаңтарда Ерлан Біләлдің ісі сотқа түскен еді.

Дереккөз: tengrinews.kz

12 ақпан 2018, 10:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.