Атырау, 20 сәуір 06:16
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

​Ұшақ апатына байланысты Оренбургте 12 ақпан қаралы күн деп жарияланды

2 763 просмотра


Мәскеу маңында болған ұшақ апатына байланысты Ресейдің Оренбург облысында 12 ақпан қаралы күн деп жарияланды.

Соңғы мәліметтерге қарағанда «Саратов әуекомпаниясына» тиесілі Ан-148 ұшағында болған 71 адамның барлығы қаза тапқан. Алдын ала болжам бойынша, құрбандардың үшеуі – бұғанасы қатпаған бала. Екеуі – шетел азаматы.

Мәскеудің Домодедово әуежайынан көкке көтерілген ұшақ бірнеше минуттан кейін радар бетінен жоғалып кетті. Көп ұзамай, әуе көлігінің бөлшектері Степанов елді мекенінің маңынан табылды. Ұшақтың қалай құлағанын жергілікті тұрғындар көрген. Олардың айтуынша, әуелі жарылысты естіген. Кейін құлап келе жатқан ұшақты байқаған. Оқиға орнына жеткен төтенше жағдайлар қызметі апат болған екі шақырым радиустағы аумақты қоршап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Зоя Пивоварова, ұшақ апатының куәгері:

– Жер сілікінгендей болды. Үйіміздің қабырғасы қозғалды. Жарылыс қуаты өте қатты сезілді. Кенет көктен құлаған ұшақты көрдік. Ауыл тұрғындары жапа тармағай солай қарай жүгірдік. Ұшақ қалдықтары 400-500 метрдей жерде шашылып жатты. Бірақ тірі қалған адамды көрмедік.

Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар «Саратов әуекомпаниясы» мен Домодедово әуежайларында тексеру жұмыстары басталды. Әзірге террорлық шабуыл жасалды деген болжам да қарастырылып жатыр. Алайда лаңкестік әрекет болу мүмкін емес дейді мамандар. Апат аймағынан ұшақтың қара жәшігі табылды.

Светлана Петренко, РФ Тергеу комитетінің өкілі:

– Ұшақ апатына қатысты жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауа райының қолайсыздығы, адамның қателігі, немесе техникалық ақау болуы да мүмкін. Барлық нұсқаны жіті зерттейміз.

Мәліметтерге қарағанда қаза тапқандардың басым бөлігі – Оренбург облысының тұрғындары. Өйткені ұшақ Мәскеуден Оренбург облысының Орск қаласына бара жатқан. Алдын ала мәліметтерге қарағанда бортында екі шетел азаматы болуы мүмкін. Олар Швейцария мен Әзербайжан елдерінен. Төтенше жағдайлар қызметі Мәскеуден Орск қаласына дәрігерлер мінген арнайы ұшақ жөнелтті. Олар марқұмдардың ДНҚ сынамаларын жинап, аты-жөнін анықтауға кіріседі. Мамандардың айтуынша, зерттеу жұмыстары 2-3 айға созылуы мүмкін. Қайғылы жағдайға байланысты Ресей Президенті Владимир Путин қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтты.

Дереккөз: 24.kz

12 ақпан 2018, 09:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.