Атырау, 29 наурыз 13:32
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Әлем чемпионы Андрей Котов: «Мен Макгрегор емеспін»

3 026 просмотра

Атыраулық спортшы Андрей КОТОВ (суретте) кекушинкай каратэ бойынша Одессада өткен әлем чемпионатында алтын жүлде жеңіп алды. «АЖ» тілшісі чемпионмен тілдескен еді.

 «АЖ» ақпараты: Котов Андрей Павлович, 23 жаста, ҚР спорт шебері, 1-дан қара белдік иегері, 6 дүркін ел чемпионы, Еуропа чемпионы, Каспий Кубогының иегері. 

Андрей сөзін тосыннан бастады:

- Бірден айтып қояйын, өзімді каратэ шеберімін деп айта алмаймын. Шеберлер деп Лечи Курбанов, Дәрмен Сәдуақасов, Алехандро Наварроны айту керек. Бір күндері олардың деңгейіне де жетермін деп үміттенемін. Өткен әлем чемпионатына келер болсақ, екінші айналымға автоматты түрде ауыстым: Венгрия құрамасының өкілі менімен татамиге шықпай қалды. Одан кейін Иран құрамасының өкілін «еңбекпен» жеңдім. Содан кейін шри-ланкалық бәсекелесім жекпе-жекке шықпай қойды. Алдыңғы жекпе-жекте жамбасынан алған зақымнан оңалып кете алмады.

Жартылай финалда украиналықпен шығып, аяқпен оның басына соққы беріп, нокаут жасадым. Ал финалда өз досым, ҚР құрамасының №1 спортшысы, 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрлыхан Сәдуақасовпен шығуға тура келді. Чемпионат басталарда, салмақ өлшеу кезінде бір-бірімізге финалда кездесеміз деп уәде еткен болатынбыз. Сол сөзімізде тұрдық. Дос болсақ та, татамиде әрдайым арамызда жекпе-жек болады. Ешқандай аяушылық танытпай, бар күшімізді саламыз. Егер жекпе-жектен кейін аяғымызға, кеудемізге көз салса, бәрі түсінікті болар еді.

Бірінші раундта төрешілер «кикиваки» - теңі ойын деп белгіледі. Екі қосымша раунд да сол нәтижелермен аяқталды. Тамешевари – тақтайлар сындыру тағайындалды. Мен екі тақтай көп сындырдым, сол үшін жеңісті маған берді. Биыл Нурик екеуміз, нақтылап айтқанда, алдағы Азия чемпионатында татамида тағы да кездесеміз деп ойлаймын.

- Әлем чемпионаты кекушинкай каратенің қай нұсқасы бойынша өтті?

- Чемпионатқа 20 ел қатысты, оны World Oyama Karate Organization ұйымдастырды.  Бұған дейін біз көп жыл бойына IKO-1 Федерациясы туының астында өнер көрсеттік. Бірақ, өткен жылдың аяғынан бері Омархан Өксікбаевтың жетекшілігімен Республикалық Федерация басшылығы оның қатарынан кету шешімін қабылдады. Бұл бірқатар себептер бойынша орын алды. Көптеген турнирлерде бізге сөз айтуға тыйым салынды, Жапониямен қаржылық мәселелер өте көп болды деп ойлаймын. Біздің спортшылар әлем және Азия чемпионатына ынтамен дайындалып барса да, оларды әп дегеннен, алғашқы кездесуде барлық салмақ бойынша әлемдегі ең мықты палуандармен шығарып қоятын жағдайлар көп болды. Біздің құрамамызды «таптап жатқандай» әсер туды.

- Саған дейін атыраулық спортшылардан кекушинкай карате бойынша әлем чемпионы Бауыржан Күмісқалиев болған еді.

- Жасым 15-те болғанда, Бауыржан екеуміз сенсей Таңаттан сабақ алдық. Бауыр – керемет спортшы, оның аяқ техникасы күшті. Алайда, ол бізден басқа Федерацияға кетіп қалды. Содан соң әлем чемпионатын жеңіп алды. Оның жеңісіне Таңат Нұрымов үлкен үлес қосты деп есептеймін. Ол оны жастай баулыды.

 Сақалыңмен Конор Макгрегорға ұқсағың келе ме?

- Көпшілігі мені Макгрегор деп атайды. Өйткені, Атырауда жирен сақалды жігіттер аз. Конордың әлемдік ММА жұлдызы екені сөзсіз. Бірақ, мен сақалымды ол үшін емес, өзіме ұнағасын өсіріп жүрмін.

- ФБ-да сөз байласу рәсімінен суреттер қойыпсың...

- Иә, биыл сүйіктіме ұсыныс жасадым. Оның туыстары мен өз туыстарымды шақырып, ресми түрде ұсыныс жасадым. Есімі – Анель. Кездесіп жүргенімізге бес жыл болды. Үйлену тойымыз жылдың аяғында болады.

- Суреттеріңнің бәрінде анаңмен бірге түсіпсің. Нағыз жанкүйерің анаң ба?

- 13 жасымда сенсей Таңатқа келдім. Маған оның жаттықтыру әдістемесі мен додзедегі атмосферасы ұнайды. Ал бұған дейін басқа жаттықтырушыда болдым. Анам әр сайысты уайымдайтын. 9 жасымда алғашқы қалалық чемпионатыма жанкүйер болуға келді. Мен ұтылып қалдым, өйткені, бәсекелесімнің бетіне қолым көп тиді. Ал кекушинкайда бұған тыйым салынған. Сөйтіп, бұдан соң ол мен қатысатын турнирлерге бармайтын болып келістік...

 Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

А. Котовтың жеке альбомынан алынған сурет

8 ақпан 2018, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.