Атырау, 24 сәуір 14:32
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Сенім несиесі

Бейнежазба
3 732 просмотра


2017 жыл ішінде АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 0,3 пайызға нығайып, 332,33 теңгені құрады. Жалпы валюталық нарықта ахуал тұрақты. Бұл туралы осы және өткен жылғы басқа да қорытындылар туралы өткен брифингте Ұлттық банктің Атырау филиалының директоры Айнұр КӨШЕРБАЕВА хабарлады.

Оның айтуынша, біздің облысымызда инфляция 7,2 пайызды құраған (мақсатты дәлізде 6-8 пайыз). 2018 жылы Ұлттық банк инфляция біртіндеп баяулайды деп болжап, 5-7 пайыз мөлшерінде анағұрлым төмен мақсаттық бағдарды белгіледі.

Жыл ішінде доллар сатылымының көлемі 9,3 пайызға өсіп, 339,7 млн, сатып алу – 94,2 млн құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 27,7 пайызға аз.

Ресей рублі бойынша – сатып алу 8,2 пайызға, сату – 44,1 пайызға көбейді.

Валюталық депозит үлесі 9 пайызға азайып, ал теңге депозиті сондай мөлшерге көбейді.

Берілген несиелер 35,8 пайызға өсіп, 290,3 млрд теңге құрады, соның ішінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 45,6 млрд теңге несие берілген (3,4 пайызға өскен). Несиелер бойынша берешектер көлемі де көбейді – 1 қаңтардағы ахуал бойынша ол 329,4 млрд теңгені құрады (2,6%-ға көп). Мерзімі өткен берешектер 28,9 млрд теңге болды.

Ұлттық банк филиалы валюталық заңнама мәселелері бойынша 56 әкімшілік істі қарады (6 ескерту, 7 әкімшілік айыппұл). Микроқаржы ұйымының қызметін тексеру қорытындысы бойынша 47 әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынды.

- Қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқығын қорғауды күшейту мақсатында Ұлттық банктің «ҚҰБ «Online» мобильдік қосымшасында (қоғамдық қабылдаудың мобильдік қосымшасы) ағымдағы жылғы 23 қаңтарда «Коллекторлық агенттіктердің қызметі» деп аталатын жаңа бөлім іске қосылды. Мұнда тұтынушылар онлайн режимінде түсініктеме ала алады, - дейді директор. – Сонымен қатар, Ұлттық банк 1 ақпаннан бастап экономикалық және қаржылық, юриспруденция, инженерия және құрылыс, ақпараттық технология және кибер қауіпсіздік бағыттағы дарынды жас мамандарды іздестіру науқанын бастайды.

Облыс бойынша 21 айырбас қосыны бар 13 өкілетті ұйым жұмыс істейді. Олардың тек біреуі ғана жарғылық капитал бойынша жаңа талаптарға сай келеді.

«АЖ» сұрақтары:

- Соңғы кездері қаржы қызметтерін (несиелерді) тұтынушылар келісімшартта көрсетілген несие бойынша ұсталған комиссияны қайтару үшін банктер мен соттарға жүгінуде. Бұл комиссия заңсыз ұсталған дейді. Банктер бұл комиссияны қайтарып жатыр ма, жоқ па?

- Мәселе мынада, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін банктік несиелер беру кезінде банктер ұстайтын комиссиялар заңды түрде белгіленген жоқ. Қазір бұл айқын белгіленген және мұндай комиссия саны 11. Яғни, 2016 жылдың 1 шілдесінен кейін берілген несиелердің барлығы комиссияның осы тізіміне сай келуі тиіс. Егер несие осы уақытқа дейін берілген болса және банктің келісімшартында қарастырылған комиссия тізімі болса, қарыз алушы азаматтық заңнама шеңберінде төлеуге тиіс. Өйткені, ол әуел баста осы келісім шартына қол қойды. Егер банк 2016 жылдың 1 шілдесінен кейін заңнама нормаларын бұзып, осы комиссияларды ұстайтын болса, бұл комиссиялар заңсыз.

- Ал қарыз алушыға осы комиссиялар қайтарылған фактілер бар ма?

- Ол үшін сотқа барып, сот арқылы  өзінің бұзылған құқығын қалпына келтіруге болады.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

5 ақпан 2018, 16:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.