Атырау, 29 наурыз 19:21
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

"Суға кеткен өзі қарманады"

Бейнежазба
3 904 просмотра


Атыраудағы дренаж жүйесінің құрылысы жергілікті бюджет көтере алмайтын шығындарды талап етеді. Қалалық билік осылай деп есептейді. Ал гидрогеология ардагері Едіге САБУРОВ бұл мәселені миллиардтаған шығынсыз шешуге болатындығына сенімді.

НЕЛІКТЕН СУҒА КЕТЕМІЗ?

- 2015-2016 жылдары тәжірибе барысында Бейбарыс даңғылындағы жерасты суларының деңгейін төмендету тәсілі анықталды. Ол тіпті патенттелді де. Едіге Сабурұлы, сіз бұған тікелей қатыстыңыз ба?

- Атырауда дренаж және нөсер жүйелерінің жоқтығы мәселесі, әсіресе, тәулігіне 2-3 рет айлық жауын-шашын нормасы түскен кезде өзекті болады. Содан кейін төтенше жағдай жарияланып, су сору жұмыстары жүреді. Тағы да бәрі зерттеліп, талқыланады да, қайтадан тыныштық орнайды. Әр кезде талқылауға жаңа адамдар, жаңа мамандар қатысады.

«Атыраугидрогеология» ЖШС өткізген Бейбарыс даңғылындағы тәжірибеге келейік. Біз бұрын барлық бәле жер асты суларында, оларды бұру үшін бүкіл қалаға қымбат дренаж жүйесін салу қажет деп, қате болжам жасадық.

Жерасты суларының деңгейін көтеруге не әсер етеді? Бұл, атап айтқанда, техногендік сипаттағы әсер – су құбыры мен кәріз тораптарындағы апаттар. Жеке сектордағы септиктерге баса назар аудартқым келеді. Кейбір үй иелері қалдықтар топыраққа сіңіп кетеді, ваккум шақыртуға қаржы үнемдеймін деп, аңғалдықпен жорамалдап, әдейі тесік септиктер орнатады. Бірақ бірер жылдан кейін жауын-шашын мол түскен кезде, олардың учаскелері суға кетеді.

- Мамандардың көпшілігі жерасты сулары деңгейінің көтерілуіне қарқынды салынып жатқан құрылыстар да әсер етеді деп есептейді.

- Біз қала салдық деп елестетейік. Су құбырлары мен кәріз жүйелерінде апат жоқ, қалада септиктер жоқ, бәрі керемет. Мұндай жағдайда жерасты сулары көтеріле ме? Көтеріледі. Бұл ұзақ түсіндіруді қажет ететін физикалық себептер арқылы орын алады.

- Сонда қандай шешім көріп отырсыз?

- Шешімі бар. Оның бірі – жеке үйдің әр қожайыны өз учаскесінен атмосфералық жауын-шашындарды жинай алады. Бұл біреулерге күлкілі көрінетін шығар, бірақ заңды деңгейде осындай талап белгіленген елдер бар. Үй қожайыны жауын-шашын жинауды – ауалау аймағын жабатын экрандарды өз ғимаратының алаңында пропорционалды түрде қамтамасыз етуі тиіс.

- Ал содан кейін бұл су қайда жіберіледі?

- Оны техникалық мақсатта, өсімдіктерді суару үшін пайдалануға болады.

БАРШАҒА АРНАЛҒАН ӘДІС

- Бейбарыс даңғылындағы сіздің тәжірибеңізге оралсақ.

- Әуел баста, осы ауданды мол су басатынын ескере отырып, 100 тік ұңғыманы бұрғылауды жоспарладық. Бірақ содан кейін 6 ұңғыма жеткілікті болар деген тұжырымға келдік. Олар үшін біз осы учаскенің рельефіндегі ең төменгі нүктені таңдадық. Мұнда су төрт жақтан қатар төгілетін. Біздің тәжірибелік жүйе төменгі бөлікте сүзгілері мен 100 мм диаметрдегі пластик құбырлардан құралған 6 ұңғымадан және диаметрі 20 мм су көтеретін құбырдан тұрады. Барлық су көтеретін құбырлар қуаты 700 ватт қабаттық ортадан тепкіш сорғысы бар диаметрі 40 мм болатын бір магистральдық құбырмен біріктірілген. Әрі қарай қуаты 300 ваттқа дейінгі сорғы жеткілікті екеніне көз жеткіздік. Екі ай ішінде біз 2 мың текше метрден астам жоғары минералды суды сорып шығардық. Жерасты сулары деңгейін төмендету 0,5 метрді құрады. Егер байқасаңыз, өткен жылы көктемде қар еріген кезде бұл жерді су баспады.

Сөйтіп біз бүкіл Атырауға дренаждық жүйе салудың қажеті жоқ деген қорытындыға келдік. Қаланың рельефін зерттеп, көп су жиналатын анағұрлым төмен нүктелерді таңдау жеткілікті. Қаланың әртүрлі бөліктерінде бөлінетін жер асты суларының көлемі 1 текше метр сазды топыраққа 5-20 литрден келеді.

Біз сондай-ақ, көлік жолдары мен іргелес аумақтарды басқан суды азайтуға мүмкіндік беретін аралас дренажды ұсынамыз. Бұл тәсіл келесідей: жол жиегінің шетімен, жол төсеміне параллель етіп дренаж шұңқырын қазып, оның қабырғаларының сырғуына жол бермей, жедел құм себу керек. Әрбір 10-20 метр сайын шұңқырға сүзгілеу торының төменгі бөлігіне оралған, ұңғыманың рөлін атқаратын диаметрі 100 мм тесік түтік орнатылады. Кейіннен ұңғымаларды іске асырудың осындай қарапайым тәсілдерімен жер асты суларын сорып алуға болады. Ал жыраға себілген өткізгіштігі жоғары құм коллектордың рөлін атқарады және кез келген уақытта су тасқынын және сел суларын қабылдауға дайын.

- Бұл әдісті жеке үйлердің қожайындары пайдалана ала ма?

- Әрине. Экскаватор жалдап, құм төгеді. Сорғыны орнатып, оны қажет кезде қосу керек.

- Содан кейін бұл су қайда жіберіледі?

- Ыдыстарға жинап, қажеттілікке қарай водовоздармен шығару керек. Егер жақын маңда кәріз құдығы бар болса, сол жерге бұруға болады. Бірақ ең қарапайым тәсіл – 10-20 шаршы метрлік тегіс алаңға шеттері көтерілген қара үлдір төсеп, оған сорылған суды құю керек. Су тез буланып, тұзы қалады. Оны жинап, жою керек.


МЕКТЕП ЖАНЫНДАҒЫ УЧАСКЕ

- Бәрі сонша қарапайым болғаны ма? Сазды топыраққа дренаж орнатудың мәнісі жоқ болса, ондағы су бұруды не істеуге болады?

- Тағы бір маңызды мәселе – судан босатылған учаскелерді көгалдандыру қажет. Өсімдіктер тамыры оның өткізгіштігін арттырып, топырақты қопсытады. Бірақ мұнда сортаң түзілетін тұзды капиллярлық судың жоғары деңгейіне қатысты проблема пайда болады.

Өсімдіктерді отырғызу жоспарланып отырған жерлерді көп мөлшерде суару арқылы тұщы сумен мұқият шаю қажет. Осы мақсатта қарды қолдана аласыз. Ол еріген сайын топырақты жуып-шаяды. Өсімдік отырғызылған кезде оны аздап, бірақ жиі суару керек. Осылайша, біз оның айналасына және одан төменірек тұщы су линзасын жасаймыз. Ол өз кезегінде, тұзды капиллярлық суды өткізбей, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Бұл линза қарқынды буланып кетпеу үшін, отырғызу алаңын жабындау қажет. Қарапайым тілмен айтқанда, шұңқырдың орнын және оның айналасын шөппен жабыңыз, ол ыстық ауа-райында ылғалдың булануына жол бермейді.

Осылайша, сазды учаскелердегі проблеманы да шешуге болады. Біз осы тәсілді сортаңға айналған №2 мектеп аумағында сынап көрдік. Мектеп ауласында 9 метр тереңдікте бұрғыланған екі ұңғыма байланысқан және капилляр сулармен қаныққан тығыз саздың тұтас қабатын ашты. Яғни, 9 метрге дейін дренажбен бұруға болатын бос жерасты сулары жоқ болды.

Мектеп ғимаратының күн сәулесі түспейтін солтүстік жағына ағаштар өз бетінше өсіп шыққанын атап өткен жөн. Олардың төңірегіне шөп шүйгін шыққан. Бұл жердегі жасыл-желекті ешкім суармайды. Төбеден ағып құйылатын жауын-шашынмен топырақтағы тұз табиғи жолмен шайылады. Бұл жердің топырағы әрқашан ылғалды әрі тұщы сумен қаныққан, ылғал қарқынды буланбайды. Өйткені бұл жер негізінен көлеңкелі, ал өсімдіктің тамыр жүйесі арқылы топырақ жақсы қопсытылады. Сазды және бастапқыда тұзды болған жерлерде өздігімен жасыл оазис пайда болды.  

Ал ғимараттың оңтүстік жағында ағаштар суарылып тұратындығына қарамастан баяу өскен. Біздің мамандар мектеп аумағын тәжірибелік алаң ретінде пайдаланып, топырақты жуып-жайып, ағаштар отырғызды, отырғызылған жерлерді жабынмен жауып тастады. 2016 жылдың көктемінде егілген барлық көшет жерсініп, өлі боп көрінген жерге өсіп кетті.

Осылайша, бүкіл қаладағы жерасты суларын түгелдей дренаждаудың қажеті жоқ. Белгілі бір аудандарға ғана дренаж жүргізу керектігі дәлелденді. Бұған қоса, қаланы барынша көгалдандыру су басудан қорғаудың тиімді әдісі бола алады, өйткені өсімдікпен қопсытылған топырақ су ағынын төмен нүктеге дейін азайтады немесе толығымен жояды.

Біздің жұмысымыздан қорытындыланған негізгі түйін - біртіндеп учаскелердегі, аулалардағы жерасты суларының деңгейін төмендетуге, топырақты тұзданудан қорғап, бүкіл қаланы көгалдандыруға болады.


Сұхбаттасқан Тамара СУХОМЛИНОВА 

Суретті және бейнежазбаны түсірген: Марат ТАКУЛИН

4 ақпан 2018, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.