Атырау, 19 сәуір 02:40
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

ҰҚК бұрынғы басшысы Дүтбаевқа екінші үкім шықты

2 089 просмотра


Бұған дейін мемлекеттік құпияны жария еткені үшін сотталған Нартай Дүтбаев билікті теріс пиғылда пайдаланғаны, сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп, ақша жылыстатқаны үшін тағы сотталды.

ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевқа екінші үкім шықты, деп хабарлайды Әскери соттың сайты. 

Сот үкімі 26 қаңтар күні шыққан, бірақ бұл жайында бүгін ғана белгілі болды. 

Іс материалдарында мемлекеттік құпияға жататын мәліметтер болуына байланысты сот талқылауы жабық сот отырысында өткізілді. 

Сот үкіміне сәйкес, Н.Н.Дүтбаев 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 176-бабы 3-тармағы "б", "г" тармақшалары (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) және 380-баптың 2-тармағы (билікті теріс пиғылда пайдалану), сондай-ақ, ҚР ҚК 218-бабы 3-тармағы 1,3 тармақшалары (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылды. ҚР ҚК 55-бабы негізінде жазаны ішінара біріктіру жолымен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Қазақстан Туелсіздігіне 25 жыл толуына орай жарияланған рақымшылық негізінде жазаның өтелмеген мерзімі жартысына қысқарып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. 

Жаза мерзімін 2017 жылдың 24 тамызында Ақмола гарнизонының әскери соты шығарған үкімдегі жазамен ішінара біріктіру жолымен 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сондай-ақ сот үкімімен Дүтбаевтың заңсыз жолмен тапқан мүлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырылды. 

Нартай Дүтбаевтың бауыры Рүстембек Дүтбаев  та ҚР ҚК 176-бабы 3-тармағы "б" тармақшасы (1997 жылғы редакциядағы), 218-бабы 3-тармағы 3-тармақшасы бойынша айыпты деп танылды. Жазаны ішінара біріктіру жолымен мүлкі тәркіленумен және мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырумен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. 

Істің тағы бір фигуранты – экс-мәжілісмен Орынбасар Қалқабаев ҚР ҚК 176-бабы 3-тармағы "б", "г" тармақшалары (1997 жылғы редакциядағы),  218-бабы 3-тармағы 1,3 тармақшалары бойынша кінәлі деп танылды. Жазаны ішінара біріктіру жолымен мүлкі тәркіленумен және мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырумен 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Дереккөз. sputniknews.kz

1 ақпан 2018, 10:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.