Атырау, 29 наурыз 16:45
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Ипотеканың суық сызы

Бейнежазба
4 664 просмотра


Атырау қаласы Нұрсая ықшамауданындағы «Тұлпар-2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылуға жарымай отыр. Тұрғындар жылу проблемасы 9 қаңтар күні туындағанын айтады. Ал өздері пәтерлеріне жаңа 2018 жыл қарсаңында – 30 желтоқсанда кірген.

Бұл «Тұрғынүйқұрылысжинақбанк» АҚ арқылы ипотекалық несиеге берілген жаңа пәтерлер. Тапсырысшысы – «Байтерек Development» АҚ болса, мердігер – «АтырауҚұрманҚұрылыс» ЖШС. Қазір бұл үйлерге ПИК қызметін «Нұр-Элит» ЖК көрсетіп отыр.

Тұрғындар 29 қаңтар күні соңғы аталған екі мекеменің өкілдерімен кездесіп, жылу және тариф мәселелерін ортаға салды.

- Жылудың дұрыс берілмей отырғанына жиырма күн болды. Пәтерлерде ауа температурасы - 17 градус, кейде 12-14-ке дейін түседі. Ал бұл үйде жылу ғана емес, су, газ проблемасы жетіп артылады. Суды жақында берді, оның өзі лай әрі сасық иіс шығады. Газды енді қосады дейді. Әзірге электр плитасын қосып отырмыз. Ай сайын 80-100 мың теңге ипотека төлейміз, жағдайдың да осыған сәйкес болғанын қалаймыз,- дейді тұрғындар.

 «АтырауҚұрманҚұрылыс» ЖШС-нің учаске бастығы Жеткіншек ТӨЛЕГЕНОВ жылу проблемасы қатты аяз болған күні қазандықтардың біріне ыстық су құйған кезде орын алғанын айтады.

- Екі жылу қазандықты алмастыру кезінде ортада ауа қалып қойған. Оған дейін проблема болған жоқ,- деген ол мәселенің жақында шешілетіне уәде берді.

Тұрғындардың тағы бір көтеріп отырған мәселесі – «Нұр-Элит» ЖК-нің тұрғын үйлерге қызмет көрсету бойынша ұсынған коммуналдық және эксплуатациялық қызметтердің тарифі. Айтуларынша, қысқы маусымда жылу үшін 1 шаршы метрге 130 теңге, ыссы су үшін 1 текше метрге 200 теңге, ал эксплуатациялық шығын үшін 1 шаршы метрге 35 теңге деп белгіленген.

«Нұр-Элит» ЖК директоры Нұргүл ҚҰСАНОВА жылу мен ыссы су үшін алынатын тарифті қайдан алынғанын нақты айта алмай отыр. Тарифпен келіспеген тұрғындардың талабына орай, ол жақында бұл мәселені қайта қарап, жылу қазандығын қалалық ТКШ бөлімінің балансына тапсырды. Н. Құсанованың айтуынша, бұрынғы тарифпен есептелген осы айдағы жылудың ақшасын, яғни, 2 млн 700 мың теңгені «АтырауҚұрманҚұрылыс» ЖШС төлепті.

- Енді тұрғындар тек эксплуатациялық шығындар үшін ғана төлейді, - дейді Н. Құсанова.

Қазір «Тұлпар-2» тұрғындарымен жаңа келісімшарт жасау рәсімдері жүріп жатыр.



Айнур САПАРОВА 

Бейнежазбаны түсірген Ғани САҒЫНДЫКОВ

30 қаңтар 2018, 15:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.