Атырау, 29 наурыз 16:31
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атыраудағы екі колонияда Макс пен Талғатқа орын жоқ-2

Сурет Бейнежазба
3 674 просмотра

Бейсенбі күні, 25 қаңтарда Астана қаласының Алматы аудандық сотында Петропавл қаласына жақын маңдағы ЕС 164/3 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Атырау тұрғыны, сотталған қоғам қайраткері Макс БОҚАЕВТЫҢ азаматтық ісі бойынша тыңдау отырысы жалғасты. Сот процесі интернет бейнебайланысы арқылы Макстың қатысуымен өтті. Ол колониядан Петропавлдағы тергеу абақтысына осы үшін арнайы ауыстырылған еді. Оның айтуынша, осы жылдың 16 қаңтарынан бастап оны анағұрлым қатаң жағдайда ұстап отыр екен.

Макс рухының асқақ екенін тағы да көрсетті – қатысушылардан Астанада тоңып қалған жоқсыңдар ма деп сұрап, тіпті, ана жақта мені жылы жерде ұстап отыр деп қалжыңдап та қойды.

Тыңдау судья Дәурен БАЙМЕНОВТІҢ төрағалығымен өтті. Макс Боқаевтың мүддесін Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Айман ОМАРОВА мен оның қарындасы Жанаргүл БОҚАЕВА қорғайды.

Отырыс басында Макс судьяға өз қорғаушыларымен кеңесіп алуға мүмкіндік беруді сұрап, өзін ақпараттық блокадада ұстап отырғанын мәлімдеді.

- Соңғы айда мені ақпараттық блокадада ұстады, маған телефон арқылы қоңырау шалуға тыйым салды, жеделхаттарым да жіберілмей отыр. Егер техникалық мүмкіндік болса, өз қорғаушыларымды көргім келеді.

Судья ҚАЖК өкілдері тарапынан қарсылық болмаған соң, 15 минуттық үзіліс жариялады. Кеңесу кезінде адвокат Максқа алдыңғы тыңдау кезінде берілген үш өтініш туралы әңгімеледі.

Естеріңізге салсақ, Макстың қорғаушылары оны кері Атырауға немесе жақын маңдағы, мәселен Ақтөбе облысындағы колонияға ауыстыруға жұмыстануда.

ҚАЖК өкілдері өз пікірлерінде, Макс Боқаевтың 6 жазасы бар екенін жазады. «Осындай қысқа уақыт ішінде қалайша алты жаза алдыңыз?» - деп сұрады адвокат Омарова Боқаевтан қорғалушысымен кеңесу кезінде.

Макстың айтуынша, алты жазаның бәрін дәрігердің қорытындысына қарамастан, колония әкімшілігі талап еткендей, аязда таңғы жаттығу жасаудан бас тартқан кезде алған:

- Мен 28 қаңтардан бастап облыстық ҚАЖК басшысына жазғанымды, денсаулығыма байланысты жаттығуларды іштен жасайтындығымды ескерттім. Осыған байланысты маған алты ескерту берді. Қазіргі кезде мені қатаң жағдайда ұстап отыр, сондықтан бір айдай уақыттан бері үйіме қоңырау соға алмай отырмын, маған тіпті, жеделхат жолдауға рұқсат бермей отыр.

Денсаулығы туралы айтсақ, Макс созылмалы сырқатының асқынып кеткенін, сондай-ақ, омыртқааралық жарық салдарынан сол аяғының ұюы басылмай тұрғанын айтты.

- Дене жаттығулары сотталғандардың игілігі үшін жасалатындықтан, оны іштен жасасам, маған пайдасы көп болар еді деп ойлаймын. Оның үстіне, олардың термометрлері дұрыс жасамай тұр екен. Маған жаза берген күндердің бірінде, метеорологтардың мәліметі бойынша температура 25 градус болды, ал оларда термометр 22 градус көрсетіп тұрды. Сөйтіп, прокурор бұл жазаның күшін жойды. Бұл жағдайда температураның 22 градус немесе 12 градус болуы да маңызды емес. Мен 12 градус аяздың өзінде жаттығу жасаудың еш мәні жоқ деп ойлаймын, бұл жерде омыртқама қатысты проблемалар жылы температура болған кезде басталған еді.

Процесс басында судья Макстан осы іс бойынша не айта алатынын сұрады.

Өз сөзінде Макс Қазақстанның БҰҰ-ның мүшесі екенін, сотталғандарды ұстаудың, оларды тұрақты мекенжайына барынша жақын ұстауға негізделген минималды стандарттары мен ережелері бар екенін, бұл норма ҚР Қылмыстық-атқару кодексінде де жазылғанын еске салды.

-  Мен түсінбеймін, мені және жолдасым Талғат АЯНДЫ неліктен (Талғат өткен жылы СҚО-нан Ақтөбе облысындағы колонияға жіберілген еді – С.Т.) үйден жыраққа ауыстырған. Анам егде жастағы адам, оған Атыраудан көлік ауыстырып жету қиын, өйткені тіке келе алмайды, Петропавл мен Атырау арасында тікелей теміржол мен әуе байланысы жоқ. Оның үстіне, ол осында келсе, пәтер жалдауға мәжбүр. Екі сағаттық қысқа кездесу үшін соншама жол жүрудің мәнісі жоқ екені туралы, тіпті, айтпай-ақ қояйын.

Тараптардың егжей-тегжейлі дәлелдерін тыңдаған соң судья жиналған материалдарды жеткілікті деп тауып, материалдарды зерттеуге көшу туралы жариялады.

Адвокат Омарова:

- Бұл ҚАЖК ұсынған құжат, бұл не, құжат па, әлде жай шимай қағаз ба? Біз оның шимайын талқылау үшін 2-3 сағат жұмсаймыз ба? Сот дәлелдемелерді заңды түрде талап ете алмай ма? Әлде сот ҚАЖК-ге бағына ма?

Судья Байменов:

- Сот кеңесу бөлмесінде шешім қабылдауда, егер іс бойынша қосымша материалдар алу қажет болса, сот кеңесу бөлмесінен шығып, қайта бастап, кері талап ете алады.

Омарова:

- Сіз талап еттіңіз ғой, олар әкелген жоқ.

Судья:

- Кеңес бөлмесіндегі сот баға береді.

Омарова:

- Сот қандай баға береді? Мен сізге сенбеймін. Мен сізден бас тартатынымды мәлімдеймін. Іс материалдарын талап ете алмайтын сотты адал және әділ сот деп атауға болмайды. Мен сізден ресми түрде бас тартатынымды мәлімдеймін. Мен сізге сенбеймін.

Сот біраз уақытқа шығып кетті, Макс Бокаевты қолдауға келген азаматтық белсенділер онымен сөйлесіп үлгерді. Қайта оралған судья Байменов, бұл қарсылық білдіру жазбаша түрде мәлім етілмегендіктен, істі мәні бойынша қарау жалғасатынын мәлім етті.

Омарова:

- Қарсылық тек қана жазбаша болуы мүмкін деген заң жоқ. Біз қарсылық туралы мәлімдедік. Біз сізге сенбейміз. Сізге жазбаша түрде береміз. Бізге уақыт керек. Қазір (кешкі) сағат 7.30, ертең таңертең оны сот кабинеті арқылы береміз.

Сот отырысты келесі датаға қалдырды.

Біз Алматы қаласындағы танымал адвокат Джохар ӨТЕБЕКОВТЕН заң бойынша қарсылық туралы өтінішті қарау тәртібін түсіндіріп беруін сұрадық.

- ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің «Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қарау тәртібі» деп аталатын 41-бабының 2-тармағына сәйкес, бірінші сатыдағы соттың судьясына мәлімделген қарсылық білдіруді (өздігінен бас тартуды) осы соттың төрағасы немесе басқа судьясы тараптарға хабарламастан, мәлімделген күнінен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей, ал олар болмаған жағдайда – тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың судьясы келіп түскен күнінен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды және шешеді. Жаңа АІК бойынша отырыс өткізілмейді. Тікелей айтылмаған, бірақ бас тарту жөнінде іс бойынша тартылған тараптарды қалай болғанда да хабардар ету керектігі айқын. Сонымен қатар, судья отырыстың келесі күні болатындығын хабарламауы тиіс. Ол құдды, бас тартудың болмайтындығына сенімді секілді.










Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қаласы

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

29 қаңтар 2018, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.