Атырау, 29 наурыз 20:03
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Грузияда балалардың қан құрамынан қорғасынның көп мөлшері анықталды

1 598 просмотра


Грузияда балалардың қан құрамынан қауіпті металдың көп мөлшері табылды. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе тек Грузияда ғана өзекті емес,, сондықтан өзге елдердің ата-аналары да бұған назар аудару керек деп есептейді. 

Өйткені зиянды металл көбінесе сапасыз ойыншықтар арқылы бала ағзасына тікелей әсер етеді. Ата-аналардың  басым бөлігі бала денсаулығының нашарлауына қан құрамында қорғасын мөлшерінің асып кетуі себеп болғанын біле бермейді. 

Грузияның үкіметтік емес ұйымы үш жүз балаға зерттеу жүргізіп, олардың 40 пайызының қан құрамында аталған элемент жоғары деңгейде екенін анықтаған.  

Қорғасынмен уланған балалардың ақыл-ойы тежеліп, есту, сөйлеу қабілеті  төмендейді, жүрек-қан тамырлар жүйесі сыр бере бастайды. Сондықтан мамандар аталған ауру белгілеріне міндетті түрде назар аудару қажет деп отыр.  

Манана Зубалашвили, медицина ғылымдарының докторы: 

- Қазіргі ойыншықтар бояуының құрамында қорғасынның көп мөлшері бар. Сондай ойыншықпен ойнайтын бала ағзасына зиянды элементтің әсер ететіні белгілі. Қандағы қорғасын деңгейі 1 децилитрде 10 микрограмм құрайды. Егер бұл деңгейден асып кетсе, бала ағзасында өзгеріс жүреді. Қорғасын орталық жүйке жүйесіне қатты әсер етеді. Сәйкесінше, оны емдеу де өте қиын әрі бұл ұзақ процесс. 

Бүкіл жергілікті ақпарат құралдарында жарияланған зерттеу нәтижесі жұртты алаңдатып, балаларды қауіпті ойыншықтан қалай қорғауға болады деген сауал туындады. Зерттеудің өзі бір жарым жыл бұрын жүргізілсе де, қорытындысы уақытында жарияланған жоқ. Ауруларды бақылау орталығы өкілдерінің айтуынша, шағын ғана топтың арасында жүргізілген зерттеу, жалпы ахуалды көрсете алмайды екен. 

Тамара Шенгелия, Тбилиси тұрғыны: 

- Бұл мәселе белгілі болғаны жақсы. Енді балаларға ойыншықты базарлар мен тексерілмеген дүкендерде алмаған жөн. Ең алдымен бала денсаулығын ойлап, қымбат болса да, ойыншықтарды арнайы дүкендерден алу қажет.  

Мамандар балаларға ағаш ойыншық алып беру керек деп кеңес береді. Олар экологиялық тұрғыдан таза және бала ағзасына қауіпсіз. Сонымен қатар дәрігерлер бұл мәселенің тек Грузияда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті екенін айтып, дабыл қағып отыр.

Дереккөз: 24.kz

24 қаңтар 2018, 10:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.