Атырау, 29 наурыз 20:17
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Кабулде қаза тапқан қазақстандықтың отбасына бюджеттен ақша бөлінеді

1 894 просмотра


Ауғанстан астанасы Кабулде теракті кезінде қаза тапқан қазақстандықтың отбасына материалдық көмек көрсетіледі. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Біз азаматтарымызға үнемі көмек көрсетіп келеміз, әсіресе қайғылы жағдайда қол ұшын беруге дайынбыз. Қазір Кабулде террористік қауіп әлі сақталып тұр. Терактіден кейін тергеу жүріп жатыр. Біздің Ауғанстандағы дипломаттарымыз қаза тапқан қазақстандықтың әкесімен, туған-туысқандарымен үнемі байланыста. Күн сайын олармен телефон арқылы сөйлесіп тұрады. Қолдан келгенше марқұмның отбасына толық қолдау көрсетіп отырмыз. Қазақстан елшілігі мен СІМ мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу тетігін іске қосты. Алайда, сіздер білесіздер, бұл үшін тиісті құжаттарды жинап, белгілі бір процедуралар жүргізу қажет. Қазір бұл іспен дипломаттар айналысып жатыр", — деді Жайнақов.  

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы марқұмның отбасына мәйітті елге жеткізу бойынша көмек түрлерін ұсынған.

"Қазір мәйітті Қазақстанға жеткізу бойынша түрлі нұсқа қаралып жатыр. Біз өз көмегімізді туған-туысқандарына ұсындық. Осы процедуралармен айналысатын ауған компанияларының бірі 20 мың доллар сұрады. Алайда біздің дипломаттар басқа компанияға жүгінді, олар 6-7 мың доллар сұрап отыр", — деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі күні кешкісін Кабулде қаруланған содырлар Intercontinental Hotel қонақ үйіне басып кірді. БАҚ-тың мәліметінше, 18 сағатқа созылған шабуыл салдарынан кем дегенде 43 адам ажал құшқан. 126 адам құтқарылды, оның 41-і шетелдік.  Қонақ үйге шабуыл кезінде 1978 жылы туған астаналық бизнесмен қаза болды. 

Дереккөз: sputniknews.kz

23 қаңтар 2018, 11:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.