Атырау, 23 сәуір 19:08
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Трамп: Ресей санкцияны бұзып, Пхеньянға көмектесіп отыр

2 051 просмотра


АҚШ президенті Дональд Трамп 17 қаңтарда Ресейдің халықаралық санкцияны бұза отырып, Солтүстік Кореяны керек-жарақпен қамтамасыз етіп отырғанын және Пхеньянның АҚШ территориясына жететін зымыран жасап болып қалғанын мәлімдеді.

«Ресей Солтүстік Корея мәселесінде бізге мүлдем көмектеспей отыр» деді Трамп Reuters агенттігіне сұхбатында. «Қытайдың бізге көмектесіп жатқан нәрсесіне Ресей қастық қылып отыр, былайша айтқанда, Ресей Қытай жасап отырған жұмыстың есесін қайтарып жатыр» деді Трамп.

Ресей мен Қытай БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Солтүстік Кореяға қарсы өткен жылы қабылдаған соңғы санкциясын қолдаған болатын. Ол санкциялар бойынша Солтүстік Кореяға жанармай жеткізу шектелетін болған. Желтоқсанда Еуропа елдерінің арнайы қызметтері Ресей санкцияны бұзып, Пхеньянға кемінде үш рет жанармай жеткізгенін хабарлаған. Бірақ Мәскеу мұны жоққа шығарған.

Дональд Трамп сұхбатында Солтүстік Кореяны басты халықаралық проблема деп атады. Ол Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен келіссөз жүргізудің пайдалы боларына күмән келтірді. Трамп бұған дейін Ким Чен Ынмен тікелей келіссөз жүргізуге мүмкіндік барын білдірген болатын.

«Онымен келіссөз жүргізе аламын, бірақ мұның проблеманы шешетініне сенбеймін» деген Трамп бұған дейінгі АҚШ президенттері Солтүстік Кореяны ядролық және зымыран бағдарламасын дамытудан бас тартқыза алмағанын айтты. Трамп Пхеньянмен мәселені «бейбіт жолмен» шешуден үмітті екенін білдірді.

АҚШ президенті Қытайдың Солтүстік Кореяға мұнай мен көмір жеткізуді шектеуіне жоғары баға берді. Дегенмен ол Пекин Пхеньянның зымыран және ядролық бағдарламасын тежеуде бұдан да көп жұмыс істеуі керегін ескертті.

Дереккөз: azattyq.org

18 қаңтар 2018, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.