Атырау, 20 сәуір 17:51
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Үш жүз грамм тұз болса, қаракөз қауіпті емес

4 952 просмотра


Әлеуметтік желілерде атыраулық балық аулаушы өзі ұстап алған көксеркеден шыққан паразиттерді көрсететін бейнежазба пайда болды.

«АЖ» роликті аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына Балық шаруашылығы институты облыстық филиалының көмегімен тексеру жүргізу туралы өтінішпен жолдаған еді. Бұл мүмкін болмай шықты, өйткені институт зертханасы Алматыда орналасқан. Алайда «инспекция мамандары бейнежазбадағы көксеркенің жон етінен табылған паразит нематодаларға (жұмыр құрттарға) жатады деп жорамал жасап отыр».

Сонымен бірге, инспекция бізді ҚР ветеринариялық қадағалау және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолдады. Өз кезегінде департамент басшысы Ғалымбек БИСЕНҒАЛИЕВ өз ведомоствосының балықты гельминттерге (паразит құрттар) қатысты тексеруге мүмкіндігі бар екенін растады. Бірақ бейнежазбамен қорытынды жасау мүмкін емес, материалдың өзі қажет. Егер балық аулаушы немесе сатып алушы балықтың зарарлы екеніне күмәнданса, қалалық ветеринария бөліміне жүгіне алады. Ветзертханаға зерттеу жұмыстары үшін 862 теңге төлеу керек.

Біздің дабыл қағуымыз босқа болмай шықты: 2017 жылы балықшы-мұнайлы өлкеде 10 жыл ішінде алғаш рет описторхоз ауруының 3 жағдайы тіркеліпті. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне Атырау облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерболат УАИСОВ хабарлады. Бұл аурудың сипаты: дұрыс қуырылмаған балықтағы құрт жұмыртқаларын жұқтырған адамның бауыры шаншиды, өйткені құрттар өт шығару жолдарын бітеп тастайды екен.

Ауру ошақты болуымен ерекшеленеді. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, біздің өңірімізде бұл ауру таралмаған, басқа аймақтарда описторхоз сырқаты әлдеқайда жоғары, республика бойынша орташа алғанда 9 есе жоғары. Сондықтан да осы факт таң қалдырып отыр. Бұл індет қайдан пайда болды?

Бұдан басқа, 5 жыл ішінде дефиллоботриозбен сырқаттанған 5 жағдай тіркелді. Адам қаназдыққа шалдығып, көңіл-күйі болмай, ұйқышылдықтан зардап шегеді. Мұның бәрі ішекте жалпақ қияқ құрттың пайда болуы салдарынан орын алады.

- Ай сайын жоспарға сәйкес ҚР Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің «Ұлттық сараптау орталығының» Атырау филиалы ауыз сумен қамтамасыз ету көздеріне және ашық су қоймаларына ауру тудыратын дернәсілдердің болуына қатысты мониторинг жүргізеді. Жайық өзеніндегі тұқы балықтарын жоспарлы зерттеу нәтижесінде 5 жыл ішінде дефиллоботриумның дернәсілдері табылды, - деп хабарлады Уаисов.

Ал балықты күшті тұздықпен тұздаған кезде екі аурудың да қоздырғыштары  өледі. Қаракөз балығын 1,2 тығыздықтағы тұздықпен қақтау үшін (ақпанда әдетте қаракөз жаппай жүре бастайды) 1 келі балыққа 300 грамм тұз пайдалану керек. 14 және одан көп күн тұздалған кезде залалсыздандыру процесі жүреді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Бенйежазба интернеттен алынды

17 қаңтар 2018, 17:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.