Атырау, 19 сәуір 08:46
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

"Шахмат жеке тұлғаны тәрбиелейді"

3 751 просмотра

2017 жылы шахматтың дамуы туралы спорттың осы түрі бойынша облыстық федерациясының вице-президенті Сабырбай ҒАЙСИН (суретте) әңгімеледі.

 - Сабырбай Төлегенұлы, өткен жылғы Атырау шахматшыларының турнир қорытындысы туралы айтып беріңізші.

- Халықаралық спорт шебері Жәнібек Аманов Құрама Штаттарда үш жылдық тағылымдамадан оралып, біздің ойыншыларымыздың екінші тынысы ашылды. №19 орта мектептің 8-сынып оқушысы Зарина Нұрғалиеваның жетістігін атап өткен жөн. Ол ҚР Балалар Кубогының екі кезеңінде - Қызылордада және Астанада жеңіске жетті. Павлодарда Балалар Кубогы кезеңінде 8 жасар қызым Зарина Сабырбайқызы ойдағыдай өнер көрсетіп, күміс алқа алды. Зухра Сәрсенби мен Аят Абдоллаевқа қола алқа бұйырды.

Қараша айында Қызылордада Әлем чемпионы халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың Кубогында біздің облыс алғаш рет командалық сайыста екінші орынды иеленді. Беделді турнирге Қазақстанның барлық аймақтарынан, сондай-ақ, Ресей мен Қырғызстаннан шахматшылар қатысты.

Облыстың 6 жас шахматшысы алғаш рет Минскіде жылдам шахматтан Балалар арасындағы Әлем чемпионатына қатысып, оның қорытындысы бойынша Аят пен екі Зарина үздік 15 спортшының қатарына кірді. Үшеуі де №1 БЖСМ шәкірттері (Привокзальный).

Жетінші рет ТШО турнирі өтті. Жеке сайыста, әрине, Ж.Амановқа тең келер ешкім болмады. Екінші орынды Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің студенті Нұрбек Хайрошев, үшінші орынды Қайрат Тәжиев алды. Ардагерлер арасында Құрманғазы ауданынан келген Қажидин Сұлтанов үздік нәтиже көрсетті, әйелдер арасында біздің БЖСМ бапкері Гүлнұр Төлеуова жеңіске жетті.

Федерациямен басқа да кәсіпорындардың бірлесіп жұмыс жасай бастағаны қуантады. Өткен жылы демеушілердің арқасында №1 БЖСМ шахмат кабинеті толық жабдықталды. Алғаш рет «Атырау қаласының әкімі Кубогы» ашық турнирі өтті. Жарысқа 7 және 79 жас аралығындағы 120 шахматшы қатысты. Мұндай турнирлер шахматты дамытуға түрткі болады.

Қазір федерация «Атыраудан Әлем чемпионын шығарамыз»  бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 4 жастан бастап дарынды балаларды спорт секциясына қабылдайды. Менің оқушыларым дарынды балаларды анықтап, жаттықтыратын бірнеше жеке мектеп ашты.

- 2018 жылғы сайыс күнтізбесі қандай?

- Федерация 7-14 ақпан аралығында өтетін ҚР ерлер мен әйелдер арасындағы чемпионаттың жартылай финалын өткізу конкурсын жеңіп алды. Бұдан басқа, Атырауда халықаралық гроссмейстер супертурнирін өткізуге компаниялардың бірімен белсенді келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қалалық шахмат клубын және Әлем чемпионы Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясының филиалын ашу жоспарда бар.

Өз атымнан қосарым, шахмат - бұл жеке тұлғаның дамуына және тәрбиесіне ықпал ететін жоғары интеллектуалды ойын. Бүкіл әлемде бұл спорт жылдам дамып келеді, ол мектеп бағдарламасына енгізілген. Біз де содан үлгі алсақ деймін. Облыстың барлық шахматшыларын жаңа жылмен құттықтап, оларға толағай табыстар тілеймін.

Біздің қаламыздағы шахмат спортын дамытуға атсалысып жүрген жандар Самат Әженовке, Жақпар Егізбаевқа және Бимырза Тайжановқа өз атымнан алғысымды білдіргім келеді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

3 қаңтар 2018, 17:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.