Атырау, 17 сәуір 04:04
 ашықВ Атырау +20
$ 448.81
€ 476.82
₽ 4.77

Бір сағат әкім болсам...

Сурет
6 122 просмотра


Жаңа жыл қарсаңында біз әр ауданның тұрғындарына "Егер бір сәтке облыс әкімі болсаңыз, не істер едіңіз?" деген сұрақ қойдық. Көптеген адамдар, әсіресе, бюджетте жұмыс жасайтындар бұл сауалға жауап беруге қиналатынын жеткізді. Бірақ, бәрі емес.

Мәрзия АБИШЕВА, "Назгүлім" ШҚ төрағасы, Қызылқоға ауданы:

- Мен мына жайларға баса назар аударар едім. Аудан орталықтарында ауыл шаруашылығы колледждері бар. Осы оқу орны түлектерін қыстақтарға, егіншілікке еңбек практикасына жіберу керек. Екінші бір мәселе, ірі сабақты жемшөп дайындағандар мен асыл тұқымды мал өсіргендерге берілетін субсидияны кідіріссіз берсе дер едім. Қыстың бір айы өтті, жемшөпке берілетін субсидия қолымызға тиген жоқ. Бұл ШҚ үшін үлкен көмек болары анық. Үшінші бір жайт, әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінен шаруалардың сұранысына орай қыстақтарға жұмысшылар жіберіледі, бірақ осыларға үкімет тарапынан берілетін айлық ақы 14 мың теңге, ал қалған 26 мың теңгені ШҚ төлейді. 14 мың аз, мен мұны көбейтуге бұйрық берер едім.


Сағидолла КУЛОВ, дәрігер, Құрманғазы ауданы:

- Егер осы орынтақ уақытша болса да бұйырса, "Атырау-Астрахан" жолының жөнделуін тездетер едім. Себебі оның зардабын мыңдаған адам тартып отыр. 



Хасан ҚАМАШЕВ, геолог, академик, Индер ауданы:

-Аудан жерасты байлығына ие. Мұнда Менделеевтің 30-дан астам таблицасына пара пар байлығы жатыр. Осы кенді зерттесе, бүкіл шетелдік ағылар еді. Әзір инвесторлар келеді, кетеді. Екінші бір мәселе, Тұз көлін зерттеп, санатория ашу. 




Роза ДӘУЛЕТОВА, Индер аудандық білім бөлімінің бас маманы:

-Егер бір сағатқа облыс әкімі болсам... Атырауда экология өте лас. Әкім болсам, АМӨЗ-ді қаладан көшіріп жіберер едім.




Екпін САДЫҚОВ, ЖК, Жылыой ауданы:

- Бір сағатта не істей аламын, тым аз уақыт екен. Онда қыс кезінде күзетшіні ғана кеңседе қалдырып, өзім бастап барлық қарамағымдағы адамдарды қар күреуге шақырар едім. Ал жазда тұрмыс қалдықтарын жинауға шығарамын. 



Ұштап ПЕНСКАЯ, зейнеткер Жылыой ауданы:

-ТШО бізге не берді? Не бүлдірді? Халық алдында бүкпесіз жария етер едім. Бір сағатқа осы да жетер. Неге Құлсары халқы лас су ішеді? Бұл екінші мәселе.



Асылжан ҚАЛИЕВА, Махамбет ауданы Аққайың ауылының тумасы:

-Қаладан 40 шақырым жерде тұрсам да, АМӨЗ ластығы қаланы улап жатқанын көріп отырмын. Осыны терең зерттеп,  неге жария ету керек. Дипломдары қалтасында институт, колледж бітірген жастарымыз бос жүр. Бұрын бір мекемеге бағыттайтын, енді мекемелер жұмыс жасап көрмеген жастардан еңбек өтілін сұрайтын болыпты. Облыс әкімі болсам осыған араласар едім.



Қоныс ТӨЛЕУОВ, Мақат кентінің тұрғыны: -Аудандағы тәртіп мәселесіне баса назар аударар едім. Жастар арасында алауыздық көбейді.  Білім сапасын көтеру үшін қосымша факультативтерді көбейтер едім. Себебі кез-келген бала "Қонаевтың кім екенін" білмейді. Бұл тарихтан мақұрым қалды дегендікті білдіреді.

Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА

31 желтоқсан 2017, 12:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.