Атырау, 25 сәуір 13:56
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Мен бәрібір жастарға сенемін - Мемлекет басшысы

4 405 просмотра


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіле беретінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Еліміздегі жетекші БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Елбасы сыбайлас жемқорлық әлем елдерінде де өзекті мәселелердің қатарында екенін атап өтті.

«Біздің еліміз ғана емес, басқа мемлекеттер де сыбайлас жемқорлықты соңына дейін жеңген жоқ. Барлық елдерде мұндай жағдайлар бар. Сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Оған барлығы куә болуда. Тек осы жылы 1 129 мемлекеттік қызметкер жауапкершілікке тартылды», - деді ол.

Осы орайда Мемлекет басшысы қоғамның назарын өзіне аудартқан, сыбайлас жемқорлық бойынша даулы істерге тоқталды.

«Сіздер жақсы білесіздер, бұрыңғы премьер-министр, кейінгі қорғаныс министрі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының президенті де жауапқа тартылды. Ол «ЭКСПО-2017» көрмесінің құрылысына 800 млрд теңге бөлуді жоспарлаған. Есімов келіп, бұл қаржыны екі есеге дейін қысқартты. 400 млрд теңгеге көрменің құрылысын бітірдік. Сондай-ақ Павлодар, Атырау, Қарағанды облыстарының әкімдері, министрлердің орынбасалары, шенеуніктері, әрі жақында «СК Фармация» компаниясында жұмыс істеген азаматтар жауапкершілікке тартылды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Әңгіме барысында Қазақстан президенті аталған кадрларды дайындауға уақыт пен күш кеткенін айтты.

«Министрлерді түрмеге отырғызып жатырмыз. Мұнда жағымды ештеңе жоқ. Оларды осындай дәрежеге жеткізу үшін қаншама уақытты кетті. Кейін осылай болды. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатырмыз. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Керісінше бар күшімізді салып күресеміз», - деді ол.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен бүкіл халық болып күресу қажеттігін жеткізді.

«Біреу пара берді делік. Бірақ бұл барлық азаматтарға қатысты. Себебі, оны біздің азаматтар беріп отыр ғой. Сондықтан бұл – халықтық іс. БАҚ бұл туралы айту керек. Бермеңіздер, сонда олар пара алмайды», - деді президент.

Сөз соңында Мемлекет басшысы жоғарыда аталған жағымсыз деректерге қарамастан жастарға деген сенімі жоғалмағанын атап өтті.

«Қазір ақпарат дәуірі. Жастар айтқанды тез іліп алады. Олар басқаша жағдайда білім алды. Басқа заманда өмір сүрді. Сонда жастарға сенбей кімге сенеміз? Осындай жағдай болды екен деп, «жастардың барлығына сенбеу керек деп» айтуға болмайды. Мен бәрібір жастарға сенемін. Болашақ - жастардың қолында», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Дереккөз: baq.kz

26 желтоқсан 2017, 11:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.