Атырау, 19 сәуір 04:59
 ашықВ Атырау +25
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Су бағасы

4 794 просмотра


Индер ауданында 11 су тазарту қондырғысы (СТҚ) 30 мыңнан астам адамды сумен қамтамасыз етсе де, тұрғындар су бағасының қымбаттығы мен берілу тұрақсыздығына наразы.

Бұдан үш жыл бұрын "Ақ Бұлақ" бағдарламасымен Көктоғай, Өрлік, Есбол, Елтай, Бөдене, Жарсуат, Бұқар ауылдарында СТҚ қайта жаңғыртудан өтті. Барлық СТҚ-лар жергілікті әкімдіктің балансысында және 2015 жылдан бастап жеке кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берілген.

Су тарифы әр ауылда әр түрлі бекітілген. Мысалы, Есболда бір текше метр су – 93,8 теңге, Өрлікте - 241,16 теңге, Жарсуатта-278,14 теңге, Индербор кентінде 235 теңге, Көктоғайда 250,60 теңге, Елтайда 247,37 теңге. Ең қымбаты Бөдене ауылында - бір текше метр ауыз су 308,58 теңге. Ал Ынтымақ, Аққала, Құрылыс ауылдарында тариф әлі бекітілмеген.

Есбол ауылы мен Индербор кентінде судың арзан болуының себебі – сумен қамту жұмыстарына үкімет субсидия берген. Ал қалған ауылдар субсидияға әлі қол жеткізе алмауда.

- Егер субсидия берілмесе болашақта жұмыс жасау қабілетінен айрылуымыз мүмкін. Себебі шығынмен жұмыс жасап жатырмыз,-дейді кәсіпкерлер.

Аудандық  ТКШ бөлімінің басшысы Абзал РАМАЗАНОВ проблемалар барын жасыра алмады:

-Субсидия құжаттарын тапсырдық, 2018 жылы беріле ме деп үміттеніп отырмыз. Қазір тариф жоғары болса да, СТҚ  өз шығындарын толық жауып отырған жоқ, 20-25 пайыз шығынмен жұмыс жасауда. Ал тарифты бұдан әрі өсіру мүмкін емес. Егер субсидия берілсе, судың шығынын толық жабар еді. Бөдене ауылында тарифтың жоғары болуы халық санының аздығына байланысты. Аққала, Ынтымақ, Құрылыс ауылдарына тариф бекітілмегенмен, "ИндерСу" КМК тұрғындарды тегін сумен қамтып отыр. Шығындарды өздері жабады.

Сонымен қатар, СТҚ-да су сапасын тексеретін зертханалар жұмыс жасамайды, бұл сметалық-жобалық құжатта  қарастырылмаған.

- Қазір зертханаларды жабдықтауға қосымша қаржы іздеп жатырмыз. Әзірге су сапасын сан-эпид қадағалау станциясының зертханасында анықтап отырмыз,- дейді А Рамазанов

Барлық ауылдарда 2003-2004 жылдары салынып, бүгінде жұмыссыз тұрған бұрынғы СТҚ-лар жергілікті әкімдіктің балансында тұр.

- Ескі СТҚ-ның ғимаратын пайдаланғымыз келеді. Балансымызда болғанымен иеленуге, бір іске жаратуға еш құқығымыз жоқ. Болашақта кімге берілетіні белгісіз,-дейді Жарсуат әкімі Әлифолла БАЛАХМЕТОВ.

Қаржылық бассыздық пен жемқорлықтың ескерткіші болып тұрған бұл ғимараттар жыл сайын қағазбастылықты көбейтіп отыр – қалдық құнын шегеріп, амортизациясын есептеп отыру керек. Алайда пайдалануға рұқсат жоқ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

19 желтоқсан 2017, 12:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.