Атырау, 20 сәуір 15:56
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Су саудасы

3 173 просмотра


Ағымдағы жылы қарашада Атырау облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрлан ТАУБАЕВ Жылыой ауданының Жаңа Қаратон және Тұрғызба елді мекендеріне су беру тарифін екі есеге көбейту туралы бұйрық берді.

Жаңа Қаратонда монополистің өтінішін қарау процедурасы сақталды. Монополияға қарсы органның сайтында жаңа тариф бекітілместен бір күн бұрын округтік әкімдік ғимаратында өткен жұртшылық тыңдауының хаттамасы ілінген: «Қатысқандар: өкілдер, тұтынушылар, сондай-ақ, департамент қызметкерлері. Жұртшылық тыңдауына барлығы 40 адам қатысты», - деп жазылған хаттамада. Сайтта Тұрғызбадағы осындай шара туралы ақпарат жоқ.

Су жеткізуші «Жылыойсу» МҚК қолданыстағы тарифті бір текше метр үшін 71,68 теңгеден 206,44 теңгеге дейін, яғни, үш есеге көтеруді жоспарлады. «Тыңдау барысында қатысушылар өкілетті орган қызметкерлеріне қолданыстағы заңнаманың талаптарын ескеруге, қызметті тұтынушылардың ескертулері мен ұсыныстарын назарға алуға кеңес берді», - делінген сол хаттамада.

Нәтижесінде Жаңа Қаратондағы жаңа тариф 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір текше метрге 134,5 теңге (ҚҚС-ны қосқанда) деңгейінде қолданысқа енгізіледі – су 87,6%-ге қымбаттайды.

Ал Тұрғызба ауылында су беру тарифі 5 желтоқсаннан бастап өсті. Бұл жердегі жеткізуші - «Жылыой тазалық» ЖШС. Баға бір текше метр үшін 105,06-дан 205,1 теңгеге, яғни, екі есеге өскен.

Монополияға қарсы департамент бекіткен тариф сметасында коммуналдық қызметкерлер «ҚазТрансОйл»-дан (ҚТО) су сатып алуға өз шығындарының үштен бір бөлігін жұмсайтындығы көрсетілген. Ал жылыойлық су жіберушілердің жалақысы тарифте 51-59 мың теңге деңгейінде белгіленген.

ҚТО магистралды су тарату басқармасы «АЖ» редакциясының сауалына 2015 жылдан бастап монополияға қарсы орган «Астрахань-Маңғышлақ» су таратқышынан су беру тарифін, соның ішінде «Құлсары-Сарықамыс» учаскесіндегі ауыз су беру тарифін – бір текше метрге 39,08 теңгеге бекіткенін айтты.

2017 жылдың маусымында монополияға қарсы комитеттің 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2018 жылдың 30 маусымына дейін: «Құлсары-Сарқамыс» учаскесіне бір текше метр үшін 37,94 теңге өтемдік тариф енгізу туралы бұйрығы шықты. Тамызда Астанада осы мәселе бойынша сот процесі өтті, бірақ ҚТО-ның комитетке қатысты талап арызы қанағаттандырылмады.

Сауал жолдай отырып, біз магистралды су тарату басқармасынан Құлсары қаласында жазда орын алған су тапшылығына қатысты ахуалға комментарий беруді өтіндік.

Мынадай жауап алынды: - 2017 жылдың мамыры мен қыркүйегі аралығында жергілікті атқарушы органдар мен «Жылыойсу» МҚК өтініші бойынша су беру көлемі 51 мың текшеге көбейтілді. Қазіргі кезде «Жылыойсу» МҚК-ның су жіберу уақыты бекітілген су беру кестесіне сәйкес жүзеге асырылады. Қазан айында: жоспарлы 207 мың текше болған кезде МҚК 158 мың текше қабылдады. Қарашада: жоспарлы  211 мың текше болғанда, МҚК 135 мың текше қабылдады. Желтоқсанда 224 мың текше жеткізу жоспарланып отыр. «Жылыойсу» тұтынылған су үшін ҚТО алдында бережақ. 2017 жылғы 1 желтоқсандағы ахуал бойынша «Жылыойсу» МҚК-нің мерзімі өткен бережағы 17,7 млн теңге болды.

- Борышкерлер көп пе?

- Көрсетілген су беру қызметі үшін «Өзенинвест» МҚК, «Жылыой-Тазалық» ЖШС, «Тұрмыс-сервис» МҚК-да ҚТО алдында мерзімі өткен бережақтары бар.

- Енді магистралды су беру басқармасы монополияға қарсы комитетке тарифті көтеру бойынша жүгіне ме?

- Монополияға қарсы органның бұйрығына сәйкес, ҚТО-ның су беру бойынша шекті тарифтері 2019 жылдың аяғына дейін қолданыста болады.

- 2017 жылдың желтоқсанында ҚТО су магистралінің «басындағы» сорғы станцияларын қайта жарақтау жұмыстарын аяқтауды жоспарлады.

- Қазіргі кезде ВНС-5 су сорғы станциясын қайта жарақтау жұмыстары жүргізілуде. Жобаны 2018 жылдың шілдесінде аяқтау болжанып отыр.  

- «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды құбырына 29 жыл болды. Құбырларға жөндеу жұмыстары жүргізіле ме, қазір жарылу қаупі бар ма?

- «Астрахань-Маңғышлақ» су таратқышы 1988 жылы пайдалануға берілді. 2014-2016 жылдары су таратқышты сенімді пайдалануды қамтамасыз ету үшін су таратқышының контактісіз магнитометриялық диагностикасы бойынша жұмыстар жүргізілді. Берілген қорытындыларға сәйкес, су таратқыш қанағаттанарлық техникалық күйде және нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сай келеді.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

17 желтоқсан 2017, 01:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.