Атырау, 24 сәуір 02:32
 ашықВ Атырау +22
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

​Ереуілдеген кеншілер мен "АрселлорМиттал Теміртау" басшылығы қандай келісімге келді?

2 985 просмотра


Ереуілді тоқтатқан барлық кеншіге олардың жазаға тартылмайтыны туралы уәде берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қарағанды облысының әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен "АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Вадим Басинмен өткен кездесуден кейін бірінші болып жер бетіне "Казахстанская" шахтасының кеншілері шықты. 

Артынша "Шахтинская", "Тентекская", "Ленин" шахтасының кеншілері көтерілді.  Сағат 01.00-де барлық кенші (шамамен 420 адам) көтерілді. "Кеншілерге жұмыс берушілер ұсынған шарттар туралы айтылды: барлық жер асты қызметкерлеріне 30 пайызға жалақыны көтеру. 

Жер бетінде жұмыс істейтін көмір кәсіпорындары қызметкерлерінің жалақысын көбейту мөлшерін алдағы келіссөздер барысында Келісу комиссиясы анықтайтын болады. Компанияның көмір департаментінің барлық жұмыскерлеріне еңбекақы көлемінде бір реттік сыйақы төленетін болады", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер. 

Сондай-ақ, жұмыс берушілермен 15 желтоқсанды демалыс күні деп жариялап, жұмысқа 16 желтоқсаннан бастап кірісу туралы ұсыныс жасалды. "Кеншілер арасында Шахтинск қаласы прокурорының қолы қойылған хат таратылды. Хатта осы ереуілге қатысқаны үшін кеншілерді қылмыстық қудалаудан босату кепілдігі берілген. 

Сонымен қатар, прокуратура органы қажет болған жағдайда осы мәселеге қатысты құқықтық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Құрамына ынталы топ мүшелері, кәсіподақ комитеттері, прокуратура өкілдері, шахталардың директорлары, сондай-ақ облыс және АМТ басшылығы енген Келісу комиссиясы шеңберінде кеншілер жұмыс берушімен әлі де келіссөздерді жалғастырады", - деп хабарлады Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Ал бүгін, 15 желтоқсанда ереуілдеген барлық кеншінің шахталардан шыққаны хабарланды. Айта кетейік, осыған дейін 600-дей шахтердің жер астында қалып отырғаны хабарланған болатын. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев те "АрселорМиттал Теміртау" шахтерлерінің ереуіліне қатысты пікір білдірген еді. 

"Сол жаққа оқиға орнына барып, жағдайды қараймын. Сонда түсінікті болады. Сырттарынан бақылып жүремін, керек болып жатса сөйлесемін. Менің ойымша, негізі онда бас директор Калон немесе Миттал мырзаның өзі жүруі керек", - деген еді Тінікеев. 

Еске салайық, 11 желтоқсанда "АрселорМиттал Теміртау" шахтерлері ауысымнан кейін жоғары қарай шықпай қойған. Наразылық танытып жатқандардың туыстары әлеуметтік желілерде жариялап жатқан мәліметтер бойынша, шахтерлер жалақыны өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп жатыр.

Дереккөз: tengrinews.kz

15 желтоқсан 2017, 09:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.