Атырау, 28 наурыз 14:24
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Қорыққанға қос көрінеді

3 716 просмотра


Адам қай жасында да ойынға құмар болады. Қазір жастар арасында квест бөлмеге бару сәнге айналған. Ойыншының міндеті - қорқынышты фильмдегі персонаждар мекен еткен бөлмеден шығу.  

«Мың рет айтқаннан, бір рет көрген артық» дегендей, біз қаламыздағы квест бөлмелердің мекенжайын тауып, хабарластық. Мұнда келушілер саны көп, тек түнгі сағаттар ғана бос екен. Сол уақытқа жазылдық.

Кіру ақысы - 1 500-2 000 теңге. Ол сіз кіретін бөлмеге байланысты. Бір мезетте сегіз адамға дейін кіре алады.

Квест бөлмеге кірмес бұрын ұялы телефонды қалдырып кетесіз. Өйткені ішті түсіруге тыйым салынған. Оның орнына қолыңызға рация ұстатып, қауіпсіздік ережесін түсіндірді: сақ болу, қорқынышты персонаждарды тимеу, теппеу және т.б.

Және аяғыңызға кісен салып, газ тұтқыш кигізеді. Ойын басталды. Қараңғы бөлмеге кірген кезде мүңкіген бояудың иісі басыңызды ауыртады. Аяқтағы кісеннің кілтін іздеп әуре болып жатқаныңызда, әлгі қорқынышты персонаждар өз ісіне кіріседі. Ақ киімді адамды алғаш рет көріп тұрғандықтан, бір айқайлап жібересіз, бірақ кетпей қарап тұрады.  Осы кезде алғашқы психологиялық шокты аласыз.

Ойын ортасында рациядан «газ тұтқыш киіңдер» деген бұйрық беріледі. Оны кие салысымен, бөлменің іші ақ түтінге оранып, әлгі бояу иісі күшейе түсті. Бір кезде әлгі ақ киімді қорқынышты персонаждың қасына қара киімдісі қосылып, қорқытуды күшейтті. Қасымдағылар бар дауыстарымен шыңғырып, шығып кеткісі келді. Ақ түтіннен көрмеді ме, ойын ұйымдастырушылары бірден шығармады. Қатты қорыққан досымызды шығарып жібергеннен кейін, «енді тағы біреулеріңіз шығатын болсаңыздар, ойын аяқталады» деп ескертті.

Келесі бөлмеде ақ киімді кісі электрлі арамен артымнан қуғанда, қай тесікке тығылатынымды білмедім. Бар даусыммен айқайласам да, араның даусы үнімді баса берді. Арасы менің денеме тиген кезде ол бір кезде жоқ болып кетті. Араның қуаты таусылған болар.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Квест (ағылшын тілінен аударғанда quest – «іздеу, іздеу белгілері, іздеу оқиғасы дегенді білдіреді) – фольклорлық шығармалардағы сюжет құру тәсілдерінің бірі, қиындықтарды жеңу арқылы белгіленген мақсатқа жетелейтін кейіпкерлердің саяхаты (мәселен, Персей туралы аңыз немесе Гераклдың 12 ерлігі туралы)


Ойыннан соң біз әліміз құрып, басымыздан біреу тепкендей зыңылдап ауырып, құлағымыз шыңылдады.  

Айгерім ОРЫНБАЕВА, квест қатысушысы:

- Мен мұнда интеллектуалдық ойын болады, жұмбақ сұрақты шешуге тапсырма береді деп ойладым. Ал артымнан қорқытатындар жүгіргенде жүрегім дір ете түсті. Ойынның ортасында шыққаным жақсы болған екен. Түнде ұйықтай алмай, күні бойы басым ауырды.   

Мен квест бөлмесінің әкімшілігіне қоңырау шалдым. Онда әрине бұған басқаша қарайды:

- Басты мақсатымыз - жаңаша демалыс сыйлау. Адамдар клуб, кинотеатрдан шаршай бастады. Келген әр қатысушы - адреналин алады. Кірмес бұрын танысу қағазы болады. Онда қатты қорқатындар, аяғы ауыр қыз-келіншіктер үшін кіруге болмайтыны жазылған.  Барлығы сол қағазға қол қойып кіреді. Бөлмелер бейнабақылаумен жабдықталған, қорыққан адамды дер кезінде шығарып аламыз. Тек қана адреналин, қорқатын ештеңе жоқ.

Кейін мен Атырау қалалық әкімдігіне қарасты кәсіпкерлік және туризм бөліміне хабарластым. Ондағылар қорқынышты бөлмелерге байланысты тұрғындардан арыз-шағым түспегенін айтады:

- Біздер тек шағым түскенде ғана тексереміз. Кәсіпкерлер бізде емес, салық басқармасында тіркеледі.  

Ал мамандар мұндай қорқыныш тудыратын ойындардың әр түрлі салдары болатынын ескертеді.

Ксения СОКОЛОВА, томатис-терапевт, психолог маман:

- Осындай қорқыныш тудыратын бөлмеге балалар мен жасөспірімдер, жастар көбіне жаңа нәрсені көремін деген қызығушылықпен барады. Олар осындай тапсырмалары көп қорқыныш бөлмелеріне кіріп-шыққаннан кейін өз достарының арасында беделге ие боламын деп ойлайды. Олар алған психологиялық шогын барынша жасырады, ал мұның арты басқа психологиялық салдарға алып келуі мүмкін. Қатты қорыққаннан кейін оларда түрлі фобиялар мен қорқыныштар тууы мүмкін. Ал сезімтал балаларға мұндай жерлерге баруға кеңес бермес едім.

Фархат ӘБІЛОВ

Суретті түсірген Анастасия АЛЮШИНА


30 қараша 2017, 15:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.