Атырау, 25 сәуір 10:52
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Қоқыстан табылған сәби жетімдер дерекқорына енеді

4 935 просмотра


Жаңа туған сәбиді Нұрсая ықшамауданындағы қоқыс контейнеріне тастап кетуге қатысты жантүршігерлік оқиғаға әлі нүкте қойылған жоқ. Кінәлі тұлғаны анықтау әзірге мүмкін болмай отыр, тергеу жұмыстары жалғасуда. Сол күндері сәбиді асырап алуға ниет танытқандар көп болды. Олардың ішінде оны құтқарып қалған отбасылы жұп та бар. Бірақ баланы асырап алу оңай емес – бұл жерде тауып алушының құқығы іске аспайды. Қазір баланы тауып алған отбасының асырап алу туралы өтініші қаралып жатыр.

Бала асырап алу туралы «АЖ» тілшісіне Атырау қалалық білім бөлімінің балалар құқығын қорғау жөніндегі бас маманы Ақмарал ЕРМЕКОВА әңгімеледі.

- Сізбен кездесудің сәті түспей жүр еді, үнемі сот процестерінде жүресіз. Негізінен қандай істер қаралады?

- Біздің бөлімнің мамандары ата-ана құқығынан айыру, ата-ана құқығын қайтару, асырап алу туралы, сондай-ақ, ата-анасы ажырасқан жағдайда баланың қайда тұратыны туралы мәселе шешілетін кезде сот процестеріне қатысады. Біз сонымен қатар, неке және отбасы саласында мемлекеттік қызметтер көрсетеміз: қамқорлықты белгілеу, қамқоршыларға жәрдемақы беру, асырап алушыларға 75 АЕК көлемінде бір мәрте берілетін ақшалай жәрдемақыны төлеу, кәмелетке толмағандарға мүлікке қатысты келісімдер жасауға рұқсат беру. Егер БЖЗҚ-да балалардың атына салымдар болса немесе ата-аналары қайтыс болғаннан кейін, мәселен, көлігі қалса, онда бұл мәліметтер де біздер арқылы өтеді. Бұдан басқа, асырап алушы мен қамқоршыға үміткерлерді тексеріп, есепке қою да біздің міндетімізге кіреді.

- Сіз қамқорлыққа алудың алуан түрін айтып өттіңіз. Олардың айырмашылығы қандай? Бұл бағдарламаларға кімдер қатыса алады?

- Бұл баланы отбасына орналастырудың үш түрі. Олардың өз критерийлері бар, соған сәйкес үміткерлерді тексереміз. Асырап алу сот шешімімен жүзеге асырылады. Мемлекет асырап алған балаға қаржы бөлмейді, алайда отбасы 75 АЕК көлемінде бір мәрте жәрдемақы алады. Бала асырап алушысын жоғалтуына байланысты жәрдемақы алуға, сонымен қатар, ата-анасынан қалған мүлікті алуға құқығы бар. Әрине, бұлар оған тиесілі болса ғана.  

Балаларды ең алдымен туыстарына қамқорлыққа беруге тырысамыз. Егер туыстары болмаса немесе олар ниет білдірмесе, онда басқа азаматтарға беріледі. Қамқоршылық қала әкімінің шешімі негізінде ресімделеді. Бала қамқорлыққа алынған болса да, өз тегін өзгертпейді. Қамқоршылар еңбекақы алмайды.

Патронаттық тәрбиелеуге бір жылға келісімшарт жасалады, содан кейін жыл сайын ұзартылады. Патронатты тәрбиешілерге бірқатар талаптар қойылған. Атап айтқанда, олардың міндетті түрде педагогикалық білімі болуы тиіс. Оларға еңбекақы педагогикалық өтіліне байланысты есептеледі. Патронат тәрбиеші өз тәрбиесіне үш балаға дейін ала алады. Тек бір жағдайда - бір отбасының балалары болса, олар көп болуы мүмкін.

Қамқорлыққа немесе патронаттық тәрбиеге алынған балалардың киіміне және басқа да қажет заттары үшін айына 10 АЕК-тен (22 690 теңге) төленеді.

Қамқорлыққа және патронаттық тәрбиеге алынған балалар «Шаңырақ» балалар ауылындағы балалар секілді құқықтарға ие. Олар ең алдымен мектеп жанындағы жазғы лагерлерге, Кавказға «Қазақстан геологы» пансионатына демалуға барады, оларда мемлекеттен тегін баспана алу кезектілігі сақталады.

Бір қуантатыны, жыл басынан бері қамқоршылар мен асырап алушылардың өз міндеттерінен бас тартуы орын алмады.

- Бүгінде Сәбилер үйі мен «Шаңырақ» балалар ауылында қанша бала бар? Олардың қайсысын кедергісіз асырап алуға болады? Адамдар әуре-сарсаңы көп екеніне, құжаттарды ресімдеуге қатысты қиындықтарға, мамандардың тапшылығына шағымданады.

- Әуре-сарсаңға келер болсақ – қазір олай емес, жыл басынан бері біздің елімізде жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың республикалық дерекқоры жұмыс жасайды. Оған асырап алуға және қамқорлыққа алуға үміткерлердің мәліметтері енгізіледі. Бірақ үміткерді енгізбес бұрын оны мұқият тексеруден өткізеді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы 28 тамызындағы бұйрығы бар. Онда адамның бала асырап алуы, оны қамқоршылыққа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесі көрсетілген. Үміткерді наркологтар, психиатрлар, АИТВ/ЖИТС алдын алу орталығының, тері-вендиспансер қызметкерлері, учаскелік терапевт тексереді. Үміткер кәмелетке толған болуы тиіс, басқа жас ерекшелік шектеулері жоқ. Бірақ олардың еңбекке жарамды болғаны жөн – міндетті түрде отбасының жиынтық табысы ескеріледі.

Бүкіл құжаттар пакеті біздің бөлімге тапсырылады. 10 күн ішінде біз оларды тексереміз. Әлдебір құжаттар жетіспейтін кездер болады, оларды толықтыруды өтінеміз. Содан кейін тұрғын үй-тұрмыс жағдайын тексеру үшін үміткердің үйіне барамыз. Осыдан кейін оны дерекқорға енгіземіз. Онда балалар туралы ақпаратқа қолжетімділік пайда болады. Осы мәліметтер көлемі ол үміткер болып отырған қамқорлық түріне байланысты шығып отырады. Балалар туралы бүкіл ақпарат құпия, сондықтан үміткер мәліметтерді жария етпеу туралы келісімге қол қояды.

Бір сәбиге бірнеше отбасы үміткер болатын жағдайлар кездеседі. Бұл жағдайда кім өтінішті бұрын берсе, соған артықшылық беріледі. Жыл басынан бері Атырау тұрғындары Көкшетаудан, Оралдан, Астанадан бес бала асырап алды.

Негізінен бала асырап алушылар жаңа туған сәбиді асырап алғанды жөн көреді. Бірақ ондай сәбилер өте аз. Сәбилер үйінде тек қамқорлыққа немесе асырап алуға тиесілі балалар ғана болмайды. Ол «Нерв жүйесі зақымданған балаларға арналған мамандандырылған балалар үйі» деп аталады. Яғни онда емдеуді және оңалтуды қажет ететін балалар бар, олардың ата-аналары бар. Аналары белгілі бір себеппен оларды үйде тәрбиелей алмайтын, бірақ олардан бас тартпайтын сәбилерге арналған «Үміт» деп аталатын арнайы топ ашылған. Үш жыл ішінде мұндай балалар Сәбилер үйінде тәрбиеленеді, ал оларға аналары келіп тұрады. Осылайша, Сәбилер үйінде қазір асырап алатын балалар мүлдем жоқ. Отбасы түріндегі балалар ауылында 50 шақты бала бар, олардың барлығын асырап алуға немесе қамқорлыққа немесе қорғаншылыққа алуға болады. Бірақ жалғыз-жарым бала жоқ екенін ескерген жөн, бәрінің аға-апа, іні-қарындастары бар. Егер оларды отбасына орналастырса, бәрін бірге алу керек.

- Перзентханадан бас тартқан сәбилерді асырап алатын жағдайлар туралы естіген де шығарсыз. Бірақ мұндай жағдайда асырап алу механизмі қалай екенін түсінбеймін?

- Жоқ, перзентханадан бала асырап алғандар туралы естіген жоқпын. Өйткені мұндай жағдайда аналары баладан бас тартқандығы туралы қолхат беруі тиіс, ал ол сәбиді Сәбилер үйіне жіберіп, республикалық дерекқорға тіркейді деген сөз. Бірақ жаңа туған сәбиді жеңілдікпен туыстары асырап алатын жағдайлар жиі орын алады. Мұндағы процесс әдеттегідей, үміткерлер бүкіл құжаттар пакетін жинайды, қажетті тексерулерден өтеді. Бірақ республикалық дерекқорға сәби туралы ақпарат енгізілмейді және оған туыстарынан басқа ешкім үміткер бола алмайды. Асырап алушылар біздің қамқорлық және қорғаншылық бөліміне тікелей жүгінеді. Бірақ туыстық байланысы дәлелді болуы тиіс. Айталық, сіңлісі апасына өз баласын береді, олар ата-аналары бір екені көрсетілген өздерінің туу туралы куәліктерін ұсынады. Ал жақында табылған қыз балаға келер болсақ, қазіргі кезде әлі де тергеу шаралары жүріп жатыр, сондықтан оның қазір қайда екені туралы ақпарат ұсына алмаймын.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 қараша 2017, 12:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.