Атырау, 23 сәуір 18:15
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Әзілдің өзі - зіл

Бейнежазба
5 373 просмотра


Қазақтың бүгінгі сатирасы қандай деңгейде? Қазіргі сатираға көрерменнің көңілі неге толмайды? Бұл туралы біз сатира жанрының майталманы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, әзіл- сықақшы Көпен ӘМІРБЕКПЕН сұхбаттасқан едік.

- Көпен аға, Атырауға қош келдіңіз! Алдымен сіздің Атырауға қандай мақсатпен келгеніңізді білгіміз келеді?

- Атырауға біз облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың шақыруымен келдік. Өзіммен бірге Өзбекстанның Халық әртісі, былайша айтқанда Өзбек елінің Құдайберген Сұлтанбаевы- Балтабай ТАШМАТОВТЫ, Қырғызстанның халық әртісі- Жошыбай ҚАДЫРМАТОВТЫ ертіп келдім. Облыстық филармонияда  және Жылыой ауданында шығармашылық кеш өткіздік.

- Неге сізді астарлы әзілдеріңізбен бірге сахнадан көрмей кеттік? Жалпы, қазір қандай жобалармен айналысып жатырсыз?

- Осыдан төрт- бес жыл бұрын «Хабар» арнасынан Бауыржан ИБРАГИМОВ екеуміз өмірден озып кеткен батыр бабаларымыз, қоғам қайраткерлері, мемлекет қайраткерлері туралы «Көзкөрген» атты бағдарлама жүргіздік. Ол бағдарлама менің жаныма жақын еді. Өйткені, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Шәмші Қалдаяқов, Салық Зиманов, Мәлік Ғабдуллин секілді т.б. танымал тұлғалар турасында 50- ден астам түсірілімдер дайындадық. Өкініштісі сол, қаржының тапшылығына байланысты бағдарлама жарты жолда қалып қойды. «Әттеген- ай, теледидарда қаптаған концерт, шоулардың орнына осындай тағылымды бағдарламаларды бергенде, біз анағұрлым ұтар едік қой!» деп ойлаймын қазір кейде. Мен осындай мәселелерді кері қозғап, қолға алғым келеді. Ештеңе бітірмеген сияқты болып жүресің кейде. Осындайда Қадыр Мырзалиев ағамыздың айтқаны бар: «Мен бірдеңе іздеп жүрмін. Бірақ не іздеп жүргенімді өзім де білмеймін» деген. Сонда оны әлдекімдер сынайды екен: «бірдеңе іздейді, не іздегенін өзі білмейді» деп. Сөйтсе, ағамыз оқырмандарына ой салатын жаңалықтар мен тың идеялардың соңында жүреді екен ғой! Сол айтқандай, мен де әбден піскен, толған, толысқан шағында театрға комедия жазсам деп ойлап жүрмін.

- Сіздің негізгі мамандығыңыз журналист екенін білеміз. Ал сатираға қалай келдіңіз? Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?

- Бұл бір өзі тұтас дастан десе болады. Мен 5-сынып оқып жүргенде ағаш шебері болуды армандайтынмын. Ағаштан неше түрлі бұйымдарды жасайтын Әбу есімді шалдың қасында жүріп, біраз нәрсені үйрендім. Бір жылдан соң суретші болуды армандадым. Мықты сайқымазақшылардың туындыларына қарап отырып, салған суреттерімді «Балдырған», «Ұлан» журналдарына жіберіп тұрдым, бірақ біреуі де жарық көрмеді. Оның орнына: «Әлі де іздене түс, талабың таудай болсын!» деген сияқты хаттар келеді. Содан бір күні сайқымазақ суреттің астына «мағынасын ашсын» деген оймен екі шумақ өлең жазып, «Балдырған» журналына жібердім. Алтыншы сыныпта жіберген өлеңім журналға екі жылдан кейін ғана жарық көрді, бірақ суретсіз шықты. Қазір ойлап қарасам, егер сол кезде менің салған сайқымазақ суреттерімді журналға басып жібергенде, мен қазіргідей сықақшы емес, суретші болып кетер ме едім?!. Менің мектеп кезінен өлең жазуыма «Балдырған» журналы осылайша себепші болған еді.

Енді сатираға қалай келдіңіз дейсің бе? Мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы ҚазҰУ- дың журналистика факультетіне оқуға түсе алмай, ауылға қайтып келген едім. Сөйтіп, халық театрында жұмыс істеп жүре бердім. Әрине, ән айтып, би билеу менің қолымнан келмейді, менің мамандығым тек көркемсөз шебері. Сахнада Асқар, Шона, Оспанханның сықақ өлеңдерін нақышына келтіріп оқимын. Содан бір күні бір елді мекендегі совхозға барып, концерт қойдық. Әдеттегіше, Асқар Тоқмағамбетовтің өзім әбден жаттап алған «Маймұрынға майшелпек» сықағын оқып тұрсам, алдыңғы қатарда отырған бір әже: «Әй, әдірем қалғыр, осыдан басқа сықақ жоқ па? Өткен жолғы келген әртістер де осыны оқыды, былтыр келгендер де осыны оқыды, енді сен оқиын деп жатырсың! Басқасын оқысайш!» деп айқай салды. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Сол күннен бастап мен ешкім естімеген сықақ жазуды қолға ала бастадым. Осы күні ойлаймын, мені әзілге, сықақшы болуға әкелген сол әже ме деп. Егер сол әже айқай салмағанда, әр ағалардың сықағын бір оқып, сатирик емес, әртіс болып жүре беретін едім. Мені қайраған сол әжеге әлі күнге ризамын... (күлді).

- Кезінде Кеңес үкіметі тұсында  сатираға цензура қойылды. Ал қазір ешбір цензура  жоқ. Бірақ, уытты саяси сатира да жоқ. Неге?

- Олар айтқысы келеді, бірақ айта алмайды. Жеткізгісі келеді, қанша тырысқанмен де анайы болып шығады. Сосын келіп «Бізде анау жоқ, мынау жоқ» дегеннен аса қалмай жатады. Оны сатираға жатқызуға болмайды! Сатира деген сол «жоқты» күлкімен ұру. Екіншіден, сондай саяси мәні бар сатираны, әлеуметтік әзілдерді, жалпы жорғалаған қомақты дүниені қопарып жазып, халыққа жеткізу үшін де үлкен шеберлік керек. Әзілге жеңіл- желпі қарауға болмайды. Өйткені. әзілдің өзі «Ә, зіл тастады» дегеннен шыққан. Екіншіден, сіз айтқандай цензура жоқ емес, бар. Қазір адамдар теледидардағы бағдарламаларды көп көреді. Ал онда отырғандар: «Ойбай, мынау біздің әкімге тиіп кетеді, алып таста» деп, оған келіп ешкім айтпаса да, «Ана кісінің көңіліне келіп қалар ма екен? Ертең мені қызметімнен қағып тастаса, сосын қайтіп күн көрем?» деп, жеке басының мүддесін ойлайды. Содан келіп, «Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көз. Көзіңді бадырайт та отыра бер!» деген көзқараспен бізде саяси сатиралар шықпай жатыр.  

- Қазір көп ақындар, жазушылар әлеуметтік желіде өздерінің туындыларын жариялап отырады. Әрине, бұл жер керемет пікір алаңы, олар оқырман назарына өздерінің енді ғана шыққан туындыларын ұсынады. Сіз интернет құралын қаншалықты пайдаланасыз?

- Өмірімде әлеуметтік желіні қолданған емеспін. Бірақ, қарап отырсам керек екен, жеке парақша ашып, әлеуметтік желінің әліппесін енді бастағалы  жүрмін.

- Отбасыңыз жайлы айта отырсаңыз?

- Менің Сағыныш есімді қызым, Қуаныш атты ұлым бар. Бірінің жасы қырықтан асып, екіншісі қырыққа таяп қалды. Қазір екінші жұбайыммен тұрып жатырмын. Пайғамбар жасынан асқанда, Құдай маған бала деген байлық берді: 65- ке келіп, ұлды болдым. Қазір ұлым екіден асты, қылығы керемет тәтті. Кейде Жұбаныш балам мектепке барғанда, жап- жас әкелері бар сыныптас балаларды көріп, «Көке, сыныптастарымның әкелері жап - жас, сіз неге атасыз?» деп сұрай ма деп ойлап кетемін (күлді). Сөйтсем біреу маған айтады: «Ештеңе емес. Бала үшін әке- қашан да көктем болып қала бермек» деп. Жұбаныш баламның мектеп бітіргенін, келін әкеліп, қуантқанын көргім келеді (күлді).

 «Ер азамат елуге дейін өзі үшін өмір сүрсе, елуден кейін елі үшін өмір сүреді» деген данышпандардың сөзіне жасымызда аса мән бермейтін едік. Қазір пайғамбар жасынан асып, жетпістің желкесіне жеткесін, қызылды- жасылды дүние қызықтырмайтынын түсіндік. Мені қазір халқымыздың болашағы көбірек қызықтырады.


Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА 

Фото және бейнебаян Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВТЫКІ

23 қараша 2017, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.