Атырау, 19 сәуір 08:59
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Үйді құлатпай, қабырғаны қалай бұзуға болады?

Сурет
4 287 просмотра


Жөндеу жүргізуге бел буған кейбір тұрғындар паркет пен түсқағаздарды өзгертіп қана қоймай, қабырғаларды ығыстыруды... немесе тіпті, алып тастауға құлшынады. Бүкіл үйді қиратпай, пәтерді қалай қайта жобалауға болады?

АРАМЫЗДА ҚАБЫРҒА БАР

Екі жыл бойына қиялымда «жөндеу» жүргізу туралы ойды жинақтап келген едім. «Құрылыс тозағының» бүкіл шеңберінен өтуге енді ғана мүмкіндік пайда болды. Сексенінші жылдардың үлгісіндегі «баспанамнан» бүкіл жиһаз шығарып тасталды. Ала-құла боп көзді ауыртатын әжемнің кілемдерін оларды әлі де қажетіне жарататын таныстарымызға апарып тастадым.

Терең тыныстап алып, бос пәтердің ішінде қойын дәптерімді қолыма ұстап, қайта өзгерту жоспарын қабылдауға дайын болып: «Қане, кеттік!» дедім. Рас, ұзаққа кетпедім. Менің «Қиял» маркалы көлігім сол сәт ең бірінші қабырғаға соғылды. Меніңше, бұл қабырғаны шұғыл бұзу керек. Сол сәтте: «бұзуға бола ма екен?» деген сұрақ туындады.

Алдымен ПИК-ке жүгінуді ұйғардым. Ол жердегілер мені Атырау қалалық сәулет бөліміне жолдады. Бірақ ол жерден де жауабымды ала алмадым. Содан кейін сәулет-құрылыс бақылау инспекциясына жазбаша сауал жолдадым. Ал жауап республикалық құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінен келді.

– Салмақ түсетін қабырғалар жүк салмағы мен әсерін қабылдайтын және ғимараттар мен құрылымдардың беріктігін, қаттылығы мен орнықтылығын қамтамасыз ететін құрылыс құрылымдарына жатады. Сондықтан тұрғын үйлердің пәтерлеріндегі салмақ түсетін қабырғаларды бұзуға қатаң тыйым салынады, - деп түсіндірді комитет төрағасының орынбасары Алмаз ИДЫРЫСОВ.

Салмақ түсетін қабырғаны болмаса, салмақ түспейтін қабырғаны бұзуға болады ғой деп, көңіл-күйімді түсірмей, «Қиял» көлігіме қайта жайғастым. Үйдің ішінде қабырға көп емес пе?!

ЗАҢМЕН ЖАСАЙМЫЗ

Жергілікті атқарушы органдар қайта жобаланған пәтерлердің есебін жүргізеді. Анықталғандай, атыраулықтар тек ескі үйлердегі ғана емес, жаңа салынған үйлердегі пәтерлердің сәулеттік келбетін де өзгертеді екен. Біреулер үлкендеу бөлмелерді, біреулер, керісінше, бір бөлмеден екі бөлме жасауды қалайды. Біреулерге біріктірілген санитарлық торап, ал басқаларға қонақ бөлмемен біріккен асүй студиясы қажет.

Шенеуніктер бірауыздан: қайта жасау ұйғарылған ұсақ-түйектің бәрін мақұлдату керек дейді. Алайда қала тұрғындарының көпшілігі бұл талаптарды елемейді. Білмейді немесе өз уақыттарын табалдырық тоздыруға  жоғалтқысы келмейді. Өйткені пәтерді қайта жобалауды мақұлдату іс жүзінде шаршататын жұмыс. 

Егер сіз алып тастағыңыз келген қабырға, бағыңызға қарай, салмақ түсетін қабырға болмаса, әрекет ету жоспары мынадай:
• Алдымен сізге аттестатты сарапшы қажет. Ол сол үй-жайдың немесе ғимарат құрылымының сенімділігі мен орнықтылығын тексереді. 
• Әрі қарай жобалаушымен бірге міндетті сараптамаға жататын жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлейді.
• Сонымен қатар, үй-жайларда салмақ түсетін құрылымдар мен қоршау құрылымдарын өзгертуге байланысты емес қайта жобалау үшін тиісті рұқсат алу қажет.
• Жоба әзірленіп, рұқсат алынғаннан кейін қажетті құжаттарды жинауға болады. Өтінішті «Электронды үкімет» веб-порталына беру керек



Құжаттар бес күн ішінде қаралады, егер сізге рұқсат берілсе, онда жөндеу жұмыстарына батыл кірісе беруіңізге болады. Қайта жобалау аяқталғаннан кейін пәтердің ескі техникалық төлқұжатын жаңасына ауыстыру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына бару ғана қалады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 322-бабына («Үй-жайларды заңсыз қайта жабдықтау және қайта жоспарлау») сәйкес, қолданыстағы ғимараттардағы тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды сәулет-құрылыс жобасынсыз және атқарушы органдардың тиiстi шешiмiнсiз заңсыз қайта жабдықтау айыппұл салуға әкеп соғатынын есте ұстаған жөн.

ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ
Қайта жобалау барысында:
• санитарлық торапты тұрғын бөлмелердің немесе асүйлердің үстіне орналастыруға; 
• газ және вентиляция жабдықтарын көшіруге;
• тұрғын бөлмені дәретханаға немесе ванна бөлмесіне өзгертуге;
• көпқабатты үйлерге, әсіресе, егер олар орталық көшелерде орналасқан болса, жалғама салуға үзілді-кесілді болмайды.

Анастасия АЛЮШИНА

23 қараша 2017, 14:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.