Атырау, 20 сәуір 17:06
 ашықВ Атырау +26
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жұлдыздар қайда кетеді?

Сурет
2 804 просмотра


Атыраулық спорт жұлдыздары мансаптарын аяқтаған соң қайда кетті? Мен олардың бірнешеуінің тағдыры туралы сұрастырған едім. Тек біреуінде ғана бұрынғы чемпион ауыр зақым алғандықтан спорттан кеткенін айтты. Қалған сұхбаттасушыларым отбасын асырау үшін тұрақты табыс табу қажет болғандығын айтады.

56 жастағы Бақтығали Ақжігітов Н. Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінде дене шынықтыру мұғалімі болып жұмыс жасайды. Оның қобдишасында КСРО Универсиадасының алтын, Қазақ КСР Екінші лига чемпионатының күміс, «Локомотив» ЕСҚ ұжымдарының арасында өткен Қазақ КСР чемпионатының, мұнай компаниялары мен баскетбол ардагерлері арасында өткен ҚР чемпионатының алтын алқалары сақтаулы жатыр. Бәкең 1982 жылы ҚазКСР құрамасына шақырылып, олимпиада чемпионы Валерий Тихоненкомен бір алаңда жаттыққанын мақтан тұтады. Бірақ оған «көз тиген». Біздің кейіпкеріміз жаттығу кезінде омыртқасынан зақым алып, спорт мансабын аяқтпты... Бақтығали аға Атыраудың баскетбол саласында шүбәсіз беделі бар жан.


28 жастағы Бекзат Әбенов – таеквондодан 2008 жылғы ҚР чемпионы, 2006 жылы өткен жастар әлем чемпионатының және «Бельгия Опен-2007» турнирінің күміс жүлдегері. Спорттағы мансабын аяқтап, отбасын құрып, мұнайшы болып еңбек етуде. Вахтада болған кезде жаттығып, зілтемірмен жұмыс істейді, жүгіреді. Бекзаттың жұбайы да титулды таеквондошы Жанар Бозахаева. Шаңырақтарында екі қыз бала өсіп келеді. Бекзат спортқа бапкер болып оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал әзірге өзінің сүйікті таеквондосы бойынша өтетін бірде бір турнирді қалт жібермей, көрермендер залынан тамашалайды.


33 жастағы Светлана Бекбосынова – таеквондодан бірнеше дүркін ҚР чемпионы, ТМД чемпионатының және Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы. Тұрмыс құрған, үш баласы бар, есепші болып жұмыс жасайды.

Спорттағы достарыммен байланысымды үзген жоқпын. Барлық сайыстарға барып тұрамын. Біздің командамыз үшін жанкүйер боламын. Достарым бапкерлік жұмысқа шақырып жүр, мені ұмытпағандарына ризамын. Балаларымды міндетті түрде таеквондоға беремін, - дейді Светлана.


29 жастағы Рүстем Төлеуов – облыстық «Атырау барыстары» баскетбол командасының бұрынғы капитаны, ҚР чемпионы және Кубогының иегері,  клубтық Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Қазір құрылыс компаниясында көлік бойынша үйлестіруші болып жұмыс жасайды.  

Арман Қабдоллаев

33 жастағы Ерлан Ризуанов – таеквондодан ҚР чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері және Дүниежүзілік Универсиада финалисі. Қазір бизнеспен айналысуда. Өткен жылы ол таеквондодан бірнеше дүркін ҚР чемпионы Арман Қабдуалиевпен (Қарабатанда құтқарушы болып еңбек етеді) бірге «Казахстан Опен» турниріне келген еді. Олар көрермендер залына жайғаса бергендері сол еді, оларға турнирге облыстың ардагерлер құрамасында қатысу ұсынысы түсті. Олар екі жекпе-жектен өткізіп, құрметті 4-орынды иеленді.

32 жастағы Бақтияр Сүлдебай – Атырау тарихындағы WKF карате бойынша алғашқы ҚР чемпионы, Әлем кубогының иегері әрі әлем чемпионатының жүлдегері. 2005 жылы спорт мансабын аяқтап, отбасын құрып, Астанада тұрып жатыр. Көлік компаниясында жұмыс істейді. Үнемі шынығып тұруға тырысады.


31 жастағы Дина Баймаханова - WKF карате бойынша 4 дүркін ҚР чемпионы, Әлем кубогының иегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері. 2007 жылы ҚР Спартакиадасының жеңімпазы атанған соң, спорттан кетті. Екі қыз тәрбиелеуде, банктердің бірінде бөлім басшысы болып жұмыс жасайды. «Қайсар» клубындағы әріптестерімен үнемі байланысып тұрады, Атырауда өтетін турнирлерде төрелік етуге қатысады. 

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 қараша 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.