Атырау, 28 наурыз 14:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Нұрлан Балғымбаев: «Мұнай - менің өмірім!»

6 615 просмотра

 


Атырауда «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ мен «Ембімұнайгаз» АҚ қолдауымен белгілі мемлекет қайраткері, көрнекті мұнайшы Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевты еске алуға арналған шаралар легі өтті.

20 қарашада жерлесіміз, мұнай және газ өнеркәсібінің экс-министрі әрі ҚР экс-премьер-министрі 70 жасқа толар еді.

Махамбет атындағы театр сахнасы мен залы сол күні Балғымбаевты құрметпен еске алу үшін ағылған жүздеген адамға лық толды.




Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ, ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ, Kazenergy қауымдастығының төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВТАР өздерінің сәлемхаттарын жолдаған. Нұрлан Өтепұлын құрметпен еске алуға Kazenergy қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай ҚАРАБАЛИН, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ пен оның орынбасарлары, Парламент Мәжілісінің экс-төрағасы Жармахан ТҰЯҚБАЙ, Kazenergy қауымдастығының бас директоры Болат АҚШОЛАҚОВ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ вице-президенті Нұртас ШМАНОВ, Павлодар облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ, Атырау қаласының бұрынғы әкімі, қазір Парламент Мәжілісі аппаратының жетекшісі Серік АЙДАРБЕКОВ, Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек ҚУАНДЫҚОВ, «Өзенмұнайгаз» АҚ басшыларының делегациясы, Ембінің бұрынғы басшысы Махамбет БАТЫРБАЕВ, Н.Балғымбаевтың достары мен серіктестері – Меңдеш САЛИХОВ, Мақсот ҚИЛЫБАЕВ, Төлеген БАЙЗАҚОВ және өзге де мұнай саласының ардагерлері арнайы келді.

Еске алу сөздерінен, хаттардан, оған арналған кітаптың үзінділерінен, бір-бірін толықтыра отырып, елдің және мұнай саласының дамуына баға жетпес үлес қосқан сом тұлғаның портреті жинақталды.

Моторшының және бұрғылаушының көмекшісі ретінде 17 жасында қара жұмысқа араласып, еңбек жолын бастаған Нұрлан Өтепұлы мұнайшының қалыптасу кезеңін бастан өткеріп, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігіндегі басшылық лауазымдарға дейін көтерілді.

Тәуелсіздік қарсаңында қайта құру кезеңінің бүкіл ауыртпалығын арқалады, шетелге мұнай бизнесінің қыр-сырын үйрену үшін білім алуға аттанып, бәрін басынан бастаған санаулы жандардың бірі болды.

- Терең білім мен кәсіби интуиция, мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі, мұнай саласының ішкі жүйесін білуі, содан соң АҚШ-та алған білімі және әрі қарай «Шеврон» корпорациясында өткен тәжірибесі оған Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштеріндегі ірі жобалар бойынша шетелдік инвесторлармен ең алғашқы келіссөздерді тең дәрежеде жүргізуге және елге ең ірі инвестицияларды әкелуге мүмкіндік берді. Реформатор әрі халқының лайықты ұлы Нұрлан Балғымбаевтың есімі Қазақстан елінің тарихында мәңгілікке жазылып қалады, - деді «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ бас директоры Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ.

Қазақстанның Мұнай және газ өнеркәсібінің алғашқы министрі, «Қазақойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті лауазымдарында жұмыс жасаған кездері ол күні бүгінге дейін еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші – тәуелсіз Қазақстанның мұнай саласының негізін салушылардың бірі болды. Ең қиын экономикалық кезеңдерде елдің премьер-министрі болып еңбек еткен жылдары өзін кеңінен жан-жақты ойлай білетін сауатты басқарушы ретінде көрсете білді және Қазақстан экономикасын дамытуға өлшеусіз үлес қосты.




Нұрлан Өтепұлының мұнай индустриясындағы терең білімі мен үлкен тәжірибесі Мемлекет басшысының кеңесшісі лауазымында, ал кейінірек құрылып жатқан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ активтері Дирекциясының бас директоры болған кезде көп көмегін тигізді.

- Біз оның адам ретіндегі, маман ретіндегі, мемлекет қайраткері ретіндегі маңызын енді ғана сезіне бастадық, - дейді әріптесі әрі досы туралы Ұ. Қарабалин.

Еске алу күнінде Балғымбаевтың достары мен әріптестері оған арналған «Нұрлан Балғымбаев» кітабын, драматург жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бас» деп аталатын театрландырылған қойылымынан үзінді және «№1 Мұнайшы» деректі фильмін ұсынды. Бүгінде саланың үздік мамандарының айтуынша, осынау асқақ атақты ол өмір бойы абыроймен алып өткен.

- Мен премьер-министр лауазымын қанша уақыт атқаратынымды білмеймін. Бірақ, өмір бойына мұнайшы болатыныма сөз беремін және нақты айтамын. Мұнай, мұнай саласыменің өмірім! – деген еді Н. Балғымбаев 20 жыл бұрын премьер-министр болып тұрған кезде берген сұхбаттарының бірінде.

Сол фильмнен, кейінге көз тастай отырып, осынау саясаткер, мемлекет қайраткерінің қаншалықты күшті стратегиялық дарыны болғандығына көз жеткізуге болады:

- Атыраудың мәдениет астанасы Алматымен, қаржы орталығы Астанамен қатар Қазақстанның мұнайлы астанасы болатындығына сенемін, - деген болатын ол 1998 жылы берген бір сұхбатында.

…Балғымбаевты еске алу күні жүректен шынайы шыққан жылы сөздер көп айтылды. Бірақ, жалпы еліміз үшін, атап айтқанда, мұнай саласы үшін оның маңызы мен рөлін меймандардың бірі: «Жылдар өтсе де, орны толмайтын қаза болады...» деген бірауыз сөзбен жеткізген еді.

Нұрлан Өтепұлының мұрасы тек жұмыспен, кәсіппен ғана шектелмейді. Ол еңбек ете білген, достықты ту етіп, сүйіспеншілікпен өмір сүре білген жан еді.

22 қараша 2017, 14:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.

Комментарий беру ажыратылған