Атырау, 29 наурыз 20:26
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Жақып Асанов: Құқық қорғау органдарына жаңа билік пен құзырет бермейміз

2 419 просмотра


Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов қылмысты тергеу шараларына қатысты Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмалар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Әр мемлекет өзінің ішкі жағдайына қарап,  таразылап, кезең-кезеңмен заңнамаға өзгерістер енгізіп тұрады. Бүгінгі заң жобасы сондай кезекті қадам болып отыр. Оның басты ерекшелігі бар, яғни Елбасы біздің алдымызға үш мақсатты қойды. Біріншіден, қылмыстық-процестік кодекске қарапайым адамның көзімен қараңдар деді. Екіншіден, бізде қылмыстық процесс мемлекет үшін өте қымбат, яғни тергеушілер, прокурорлар, соттар, мыңдаған сараптамалар қамтылған, сондай-ақ атқару мерзімі тым ұзақ әрі күрделі. Президент осыған үнемдеу тұрғысынан қарауды және адамның құқығы бұзылмайтындай тиісті қадамдарды ескеруді жүктеді. Үшіншіден, бұл заң жобасымен құқық қорғау органдарын күшейтпейміз. Оларға ешбір жаңа билік пен құзырет бермейміз, керісінше мойнымызға міндет аламыз әрі жауапкершілігімізді арттырамыз», - деп түсіндірді Бас прокурор Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндамасында. 

Осы орайда Жақып Асанов талқыланып отырған құжаттың мазмұны екіге бөлінгенін, біріншісі адамның құқығын күшейтуге бағытталса, екінші бөлігі үнемдеу шараларын қамтып отырғандығын атап өтті. 

«Мысалы, қазір тергеу адамды соттан санкция алмай 72 сағатқа қамауға құқылы. Біз осыны зерттеп көрдік. Бұл ретте 48 сағатта үлгеруге мүмкіндік бар екенін анықтадық. Ал егер күдікті 18 жасқа толмаса, онда 24 сағат жеткілікті болады екен. Сондықтан біз 72-ден 48 сағатқа дейін азайтуды ұсынып отырмыз. Бұл тек уақытты азайту ғана емес, бұның артында үлкен мағына жатыр. Сонымен қатар тергеу бойынша құқық қорғау органдары жұмыстарын жылдамдатады. Біріншіден, осы 48 сағаттың ішінде тергеуші барлық дәлелді жинап, прокурорға барып, түсіндіруі тиіс. Прокурордың көзі жетсе, сотқа жүгініп, соттың шешімі шығады. Осының барлығы 48 сағаттың ішінде болуы керек. Ал үлгермесе, уақытша ұстау оқшаулағыштың басшысы адамды босатуы тиіс. Егер шығармаса, өзі сотталады. Осындай норманы ұсынып отырмыз», - деді Бас прокурор.

Дегенмен де 72 сағаттық мерзім кейбір қылмыстар үшін сақталатын болады. 

Естеріңізге сала кетейік, биыл қазан айында Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгізді.

Дереккөз: ҚазАқпарат


15 қараша 2017, 10:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.