Атырау, 20 сәуір 12:16
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Нұрлан Домбаев - әлем чемпионы

Сурет Бейнежазба
6 160 просмотра


Жуырда Лондонда паратаеквондодан өткен әлем чемпионатында атыраулық екі қолы жоқ спортшы Нұрлан ДОМБАЕВ 75 келіге дейінгі салмақта алтын медальға қол жеткізіп, Әлем чемпионы атанды. Жерлесімізбен оның жаттығу залында кездестік.

Бұл байрақты бәсекеде әлемнің 60 елінен 257 спортшысы бақ сынаған. Жерлесіміз алғашқы қарсыласы, Түрік елінің 75 келі салмақтағы паратаеквондошысы, Еуропаның қола жүлдегері, Азияның күміс жүлдегері Осман ИАЛТТЫ ногдаунға түсіріп, мерзімінен бұрын 13:0 есебімен жеңген. Бұдан кейін жартылай финалға шығып, Украин елінің паратаеквондошысы, Әлем және Еуропа чемпионы Антон ШВЕЦТІ 37:12 есебімен ұтқан.

- Спортқа қай жылы, қалай келдіңіз?  

- Бала кезімнен спортқа жақын едім. Футбол, баскетбол, одан қалса каратэ, таеквандо сияқты шығыс жекпе-жектерін жақсы көретінмін. Екі қолымнан айрылғаннан кейін паратаеквондоға қатысу туралы ойлай бастадым. Бертін келе менің қызығушылығымды тараздық Азия және Әлем чемпионы Өмірәлі НЫШАН есімді паратаеквондошы оятты. Оның спорттық жетістіктерін, әртүрлі елдерде түскен суреттерін көріп, «Мен де осындай байрақты бәсекелерде Қазақстанның жалауын желбіретсем» деп армандайтынмын. Содан паратаеквондоға 2014 жылы келдім. Ал, 2016 жылы жарыстарға шығып, сол жылы-ақ Еуропа чемпионы атандым. Мен спорттан өз жолымды таптым деп ойлаймын. Спортқа келгелі достарымның да қатары көбейді.


- Спортшылар үлкен жетістікке жету жолында көп дүниені құрбан етіп жатады. Сенің жүрегіңнің түкпірінде қандай болмасын өкініш бар ма?

- Мен өміріме ешқашан өкпелеген емеспін. Өйткені, осы спорттың арқасында Корея, Польша, Англия секілді елдерді көрдім, әлемнің мықты деген спортшыларымен жүздестім. Жақын арада Португалия елінде өтетін әр түрлі спорт түрінен дүниежүзілік ойындарға қатысуға аттанғалы отырмыз.

- Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз? Қызыңыз да таеквондоға қатысып жүр екен...

- Біздер әке-анаммен бірге тұрамыз. Қызым Азина ДОМБАЕВАНЫ алты жасынан бастап таеквондо үйірмесіне бердім. Қазір ол сегізге келді. Қыз балаға мұндай спорт түрі сырттан өзін қорғауы үшін керек деп ойлаймын. Егер спортшы боламын десе, әрине қолдаймын. Әзірге қызым тек мектепішілік жарыстарға қатысып, орындар алып жүр.

- Арманыңыз қандай?                                                                      

- 2020 жылы өтетін Олимпиадаға лицензия ұтып алу. Жалпы, қай спортшының да арманы Олимпиада чемпионы атану. Мен де байрақты бәсекеде Қазақстанның туын желбіретуді армандаймын. 

 

Біз кейін Нұрлан Домбаевтың жаттықтырушысын әңгімеге тарттық.

ҚР спорт шебері, екі дүркін ел чемпионы, Нұрланның жаттықтырушысы Асан ҚАСАЕВ:

- Ерекшелігі сол, басқа адамдарға қарағанда рухы биік, өмірге талпынысы жоғары. Қоғамда қол-аяғы сау болса да, рухани мүгедек болып қалған қаншама адамдар бар?! Жалпы, Нұрлан секілді мен білетін тағы бірнеше паратаеквондошы жігіттер бар, олар да ең бірінші өмірдің соққысына шыдаған адамдар. Өйткені, төбелес кезінде алған соққыдан көрі, өмірден алған соққы әлдеқайда қаттырақ болады. Ол адамды нокаутқа түсіріп, одан кейін тұрып кете алмай, нашақор немесе ішімдікке салынып кететіндер бар.

Паратаеквондо биыл ғана олимпиадаға еніп жатыр. Қазіргі уақытта менде 4 паратаеквондошы жігіт жаттығып келеді. Нұрланнан үлкен үміт күтемін! Ол қазірдің өзінде халықаралық спорт шебері.


Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Сурет пен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

14 қараша 2017, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.