Атырау, 28 наурыз 21:07
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Уылдырық жеу үшін кезекке тұру керек

Сурет
6 876 просмотра


Жақында Атырауда бір тонна бекіре балығы бар браконьерлік байданың ұсталғандығы туралы хабарланған болатын. «АЖ» тілшісі бағалы конфискаттың жайы не болатындығы туралы анықтады.

- Сол күні бүкіл балық бізге түсті, салмағы 1089 келі болды. Қазір ол біз жалға алған «Амангелді» ӨК өнеркәсіптік  тоңазытқыштарында мұздатылған күйде сақтаулы, - дейді «Жайық-Атырау бекіре зауыты» РМҚК директоры Ғилман СӘРСЕМАЛИЕВ. Осы балық зауытын Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті бекіре тұқымдас балықтарды табиғи мекендеу ортасынан алып қою, сатып алу, олардың уылдырығын және өнімінің басқа да түрлерін өңдеу және экспорттауды жүзеге асыратын мемлекеттік монополист етіп тағайындаған болатын. 

Қолданыстағы нормалар бойынша, тіршілік етуге қабілетті түрлері табиғи мекендеу ортасына жіберілуі тиіс, тіршілік етуге қабілетті еместері, технологтардың айтуынша, өлілері тергеу жүргізіліп жатқан кезде зауытқа тапсырылады. Заңсыз ауланған өнімдер соттан кейін мемлекет кірісіне беріледі.


Балық өнімдері мен уылдырықтың сақталу мерзімі: мұздатылған балық 7 айдан, салқын ысталған балық – 1,5 айдан, консервантсыз уылдырық (шикілей) 2,5 айдан көп сақталмайды.

- Жақында ауланған балықтың сапасы қандай?

- Жақсы. Балықтардың барлығы жаңадан ауланған, дер кезінде үлгердік, - дейді Сәрсемалиев.

- Рейдте түсірілген бейнежазба мен суреттерде балықтардың ұсақ екені көрініп тұр. Орташа алғанда қандай жаста?

- Иә, бұл сұмдық еді. Арнайы барып көріп, ересек түрлерін санап шықтым. Бірер аналығын көрдім, бірақ онда уылдырықтың болуы мүмкін емес еді. Қортпалар әрі кеткенде 2 жылдық, яғни, өткен жылғы шабақтар. Шоқырлар 3-4 жылдық, жыныстық жетілу үшін оларға әлі де осындай уақыт керек еді. Бекірелер 12 жылдық болу керек. Ал мына балықтарға әрі кеткенде 3-4 жыл болған.

- Қортпа жаратылысынан ұзақ өмір сүреді, оның аналығы қай уақыттан бастап уылдырық шашуға қабілетті?

- Аналығы 16 жыл тіршілік ету керек. Айтып отырмын ғой, бұлар әлі бала, кішкентай шабақтар.

- Осы ауланған балықтардың мысалы бойынша, бекіре тұқымдас балықтардың ара салмағы қандай?

- 60-70 пайызы – бекіре, 20-25 пайызы – шоқыр және 5-6 пайызы қортпа.

- Демек, бүгін Каспийде бекіре көп те, қортпаның популяциясы соншалықты төмендеген бе?

- Солай болып тұр, бірақ ол салыстырмалы түрде әр уақытта аз. Бірақ бір қызығы, бұрын шоқыр көп болатын – 70-80 пайызы соның үлесінде еді, ал бекіре Еділде көбірек болатын. Енді бізде баланс өзгерді.

- Ауланған балықтың нарықтық бағасы, ол қара нарыққа жеткен болса, шамамен 2-2,5 млн теңге болар еді. Арасында сіздердің бағалы өнімді жою туралы хабарламаларыңызды көреміз. Тапшы өнімнің осы партиясы да соның кебін кие ме? Неліктен мен, мәселен, конфискаттың бір бөлігін сатып ала алмаймын?

Әңгімеге зауыттың кеңесші заңгері Талап ЖАРЫЛҒАСЫНОВ араласты:

- Бұл үшін тергеу жүргізіп жатқан органдар прокуратураға тез бұзылатын өнім болған заттай айғақтарды өткізуге рұқсат беру туралы өтінішпен шығуы тиіс, ал прокуратура сотқа шығады. Егер сот осындай қаулы шығарса, тауар сатылады, ақша депозитке салынады. Үкім күшіне енген кезде соттан бізге атқару құжаты келеді. Бірқатар ресми процестерден соң тергеу жүргізіп жатқан орган өткізу сомасын өз депозитінен мемлекет кірісіне аударады. Осылай болуы тиіс.

- Неліктен солай болмайды? Неліктен сіздер балық пен уылдырықты жоясыздар?

- Алдыңғы жылдары, шынымен де, жиі жойылды. Біріншіден, ұзақ уақыт бағасы шықпады -  біз 2014 жылы мемлекеттік монополия мәртебесін алдық. Бірақ 2015 жылдың желтоқсанынан бастап қана өткізе бастадық. Баға ұзақ уақыт мақұлданды. Біз негіздеме әзірледік, оны ауыл шаруашылығы министрлігі мен монополияға қарсы орган бекітті. Содан кейін тергеу жүргізіп жатқан органдар өз функцияларын орындамады. Факт бойынша бұл біздің айрықша құзіретіміз емес, біздің жұмысымыз нұсқаунама бойынша заттай айғақтарды қабылдап, олардың түгел сақталуын қамтамасыз ету, ал жарамдылық мерзімі өткен кезде жою. Немесе қайтару – мәселен, адам заңды түрде иеленіп, бірақ сатып алғаны туралы құжаттарын өзімен бірге алуды ұмытып, шекараны кесіп өткен кезде ұсталуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың басым бөлігі әуежайларда және вокзалдарда орын алады. Басқа жағдайда, егер тергеу кезеңінде (ал ол жылдарға созылуы мүмкін) прокуратураға өткізу туралы өтініш берілмесе, ол аяқталар кезде заттай айғақтар мерзімі өткен өнімге айналады да, мұндай өнімдер жойылуы тиіс болады. Әрине, бұл дұрыс емес. Сондықтан біз екі жыл бойы осы мәселеге қатысты органдардың барлығына үнемі хат жолдап, бәріне қозғау салып отырдық. Менде мұндай хаттардың бумасы жатыр. Осы жылдан бастап ахуал қалыпқа келіп, өткізу көлемі едәуір өсті, - дейді кеңесші заңгер.

- Орташа алғанда сіздерге жылына қанша конфискат түседі және ол қандай ара салмақта жойылады/өткізіледі?

- Қазір біз тек 2016 жылдың мәліметтерін ғана көрсете аламыз, ағымдағы жыл әлі қорытындыланған жоқ. Өткен жылы 29 келі уылдырық қабылданды, қалдықтар 21,8 келі болды – бұл қолданысқа жарамсызы, тек заттай айғақтар, олар жойылу үшін істің аяқталуын күтеді, - деді Сәрсемалиев. - 1425 келі балық еті түсті – қалдықтар 494 келі, яғни, 931 келісі өткізілді. Салқын ысталған балықтар – 24 келі, қалдық – 4 келі. Ағымдағы жылы өткізу көрсеткіштері жоғары болуға тиіс. Бірақ бізде әлі шешімі шықпаған бірнеше іс бойынша алдыңғы жылдардағы 1,5 тонна балық сақтаулы.

- Жақсы, ахуал жақсарды, енді заңды саттыққа балықтар көбірек түседі. Сіздер өндірістік балық аулау кооперативтерімен, атап айтқанда, менің білуімше, тек «Амангелді» кооперативімен бірлесіп жұмыс жасайсыздар.

- Неге? Кез келген тұлға сатып ала алады. Осы жерге келіп, өтініш жазады, жеке бас куәлігінің көшірмесін тіркейді. Егер қолда болса, сатамыз, болмаса – түскен кезде телефон арқылы хабарлаймыз. Адамдар біліп, өздері келеді.

- Мұны аз адамдар ғана білетін сияқты ғой. Олар қайдан білген? Мен мысалы білмеймін, басқалар да білмейтін шығар.

- Алдыңғы жылдары біз хабарландыру бердік, сіздің газетіңізге де. Қазір оған қажеттілік жоқ, ал егер қажеттілік болмаса, ақша жоюдың не қажеті бар? Көлем көп емес, кезекте тұрғандар да жеткілікті. Шынымен де, балықтардың басым бөлігі «Амангелді» ӨК-на кетеді. Олар уылдырық алмайды, өйткені мамандар ретінде, қолдан жасалған уылдырықтың сапалық шартқа сай келмейтінін түсінеді.

- Маман еместер бұған қарамайтын сияқты ғой? «Сіздердің уылдырықтарыңыз қандай жаман еді» деп, ешкім кері әкеліп тастамаған шығар?

- Жоқ, әзірге, құдайға шүкір, - деп, Сәрсемалиев иығынан асыра «түкіріп», үстелді соғып қойды. – Соттан атқару құжатын алғаннан кейін біз заттай айғақтардың үлгілерін (егер сақталу мерзімі мүмкіндік берсе) өз есебімізден зертханаға талдау жасауға жібереміз. Тек оның нәтижелері бойынша ғана саттыққа шығарамыз. Егер қолдануға жарамсыз екендігі анықталса, жойылады.

Балық зауытының кеңесші заңгерінің айтуынша, директор Сәрсемалиев браконьерлік жолмен табылған өнімдерді жою көлемін азайту үшін көп жұмыс атқарған. Сәрсемалиевтің өзі ихтиолог әрі балық өнімдерінің технологы ретінде осы жүйеге қарсы.

- Неліктен мен қолдан жасалған уылдырықтың сатылуына қарсымын? Өйткені, онда микробтар толы. Зауыттың уылдырығы емес қой, ал біз болсақ оны сатамыз.


- Ал шикі уылдырық болса?

- Шикі уылдырық сапасын тез жоғалтады. Түсінесіз бе, бұл үшін микробиология жасайтын зертхана, барлық стандартқа сай келетін цех керек. Технология бойынша уылдырық тек тірі балықтан өндірілетіні маңызды, «алаңда» бұл талап сақтала ма, кім білсін. Балық етіне қатысты жеңілдеу, бірақ мерзімі мен тасымалдау талаптары бұзылған жағдайда да өңделмейді. Немесе бәрі мұзда сақталуы тиіс. Браконьерлерде мұз бен технологиялар қайдан болсын? Олардың қолдарында таза су болмаса, уылдырықты өзен суына жууы мүмкін. Немесе бізге мұздатылған балықты әкелуі мүмкін. Біз оның қашан ауланғанын, қандай жағдайда мұздатылғанын білмейміз ғой...

Сәрсемалиевтің айтуынша, Ресейде, мәселен, конфискатты өткізуге тыйым салынған.

- Бұл нағыз айла-тәсіл ғой. Егер әр адам, соның ішінде, браконьер бізден көлем сатып алса, кейін осы құжаттармен заңсыз өнімнің тоннасын алып өтсе, ешкім ештеңе дәлелдей алмайды. Ресейде осы түсінік тұрғысында браконьерлік жолмен ауланған балық пен уылдырық бірден жойылады. 

- Құжаттарды қайтадан пайдалану қаупін төмендеткіңіз келе ме?

- Төмендеп жатыр. Сондықтан біз бір ірі серіктеспен жұмыс істейміз: «Амангелді» ӨК алып сатумен айналыспайды, өнім өндіреді. Бұл шеңбер неғұрлым аз болса, заңсыз әкетілімді болдырмау үшін бақылау жасау анағұрлым оңай болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

«АЖ» анықтамасы: Өнім қауіпсіздігі туралы қорытынды болған жағдайда, өткізу үшін сот органдарының іс жүргізу шешімі шығарылған заңсыз ауланған және тәркіленген бекіре тұқымдас балықтар мен уылдырықтың (1 келісінің) 2015 жылы ҚР АШМ бұйрығымен бекітілген бағасы: Мұздатылған бекіре тұқымдас балық (қортпа, бекіре, шоқыр, кертік) – 1 555,8 теңге; салқын ысталған бекіре балығы – 5 290,7 теңге; қортпа уылдырығы – 164 181 теңге; бекіре уылдырығы – 140 661,5 теңге; шоқыр уылдырығы – 56 695,9 теңге.

14 қараша 2017, 10:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.