Атырау, 23 сәуір 16:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +21
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Ақ халатты зейнеткерлер

4 911 просмотра


25 мың тұрғыны бар Атырау облысының Исатай ауданында маман дәрігерлердің жетіспеушілігі анық сезіліп тұр.

- Зейнетке шыққаныма 6 жыл болды, бірақ дәрігерлердің жетіспеушілігінен жұмыс істеуге мәжбүрмін, - дейді Жанбай ауылдық амбулаториясының жалпы практика дәрігері Жұпар САЛАМАТОВА. Қазір Жанбай, Нарын (1 мыңға тарта халқы бар – Л.Қ.) тұрғындарын ғана қабылдамаймын, айына бір рет қыстақтарды аралаймын.

Дәл осындай жағдай басқа ауылдарда да бар. Забурын мен Исатай ауылдарына ортақ бір жалпы дәрігер бар. Қамысқала мен Аққыстау округтерінде зейнет жасына шыққандар бас дәрігер міндетін атқарып отырса, аудандағы бір көз дәрігері де зейнет жасында. Жақында аудандық бас дәрігердің орынбасары да зейнетке шығуына байланысты міндетті жұмысын тапсырмақшы.

- Бізге жоғары білімді медицина қызметкерлері жетіспейді. Анестизиолог, реаниматолог, акушер-гинекологтар қажет болып тұр, - дейді Исатай аудандық аурухананың бас дәрігері Бауыржан ТӨЛЕГЕН (суретте).

Бауыржан Төлеген.

- Ауданда гинеколог жоқ болса, жүкті әйелдерді кім және қайда қабылдайды?

- Негізі акушер-гинекологтың міндетін зейнет жасындағы маман бір жыл келісімшартпен атқарған еді. Одан кейін ерлі-зайыпты екі маман биыл ауданға келді, бірі хирург, екіншісі акушер-гинеколог. Олар бірден үш бөлмелі пәтермен қамтамасыз етілді. Өкінішке орай, 20 күннен кейін кетіп қалды. Бүгінде ауданда 300-ден астам жүкті әйел бар. Босануға жақын жүкті әйелдерді 5-7 күн бұрын Атыраудағы облыстық, болмаса қалалық перзентханаға жібереміз. Осы жылы жолда немесе үйде босанып қалу фактысы болған жоқ. Босануға шамалы сағат қалған үш әйелді дәрігерлердің қатысуымен аудандағы перзентханаға босандырып алуымызға тура келді.

- Ауданда ана мен бала өлімі болды ма?

- Өткен жылы 7 сәби шетінесе, ал биыл үш бала көз жұмды. Олар да облыстық ауруханада қайтыс болды. Туа біткен жүрек ақауы бар сәбилердің аналарына алдын ала ескерткенімізбен олар босануға шешім қабылдап жатады. Ал ана өлімі тіркелген жоқ.

- Дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін қалай шешпексіздер?

- Біз дәрігерлерді қосымша оқыту арқылы кадр мәселесін шешуге ұмтылудамыз. Мәселен, бір дәрігер қазір қосымша көз дәрігері мамандығына оқып жатыр. Аудандық аурухана есебінен бір маманды резидентураға оқытып жатырмыз, ол эндоскопист маманы болып келмекші. Осыған дейін жүкті әйелдер УЗИ-ге түсу үшін Атырауға баратын, енді оған бір маманды дайындаудамыз. Ал Нарын және Забурын халқының саны 2 мыңға жетпегендіктен жалпы дәрігерді екі ауылға біреуін ұстап отыруымызға тура келіп отыр. Оңтүстік Қазақстан облысынан төрт жалпы дәрігер келеді деп келісіп келдік. Олар келісімшартқа сәйкес бес жыл жұмыс жасауы тиіс. Медицина қызметкерлері пәтермен қамтамасыз етіледі, бұл жергілікті әкімдіктің міндетінде. Бұдан бөлек Алматы, Астана, Ақтөбе медициналық оқу орындары студенттерімен кездесу ұйымдастырып жатырмыз. Келуге тілек білдірушілер аз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

13 қараша 2017, 16:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.