Атырау, 23 қараша 23:29
Таңертең ашық+1, күндіз +3
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 330.22  € 388.07  P 5.60

60 минутта үлгеру керек  

7 қараша 10:52
Болат ҚАЛИЕВ.

Жақында, 3 қазан күні Алматыдан Шымкентке бағыт алған санитарлық авиацияның АН-28 ұшағы апатқа ұшырап, ауыр диагнозы бар босанушы әйелге жәрдем етуге асыққан үш экипаж мүшесі мен екі дәрігер мерт болған еді. Осы оқиғадан кейін біз Республикалық санитарлық авиация орталығының Атырау облыстық бөлімшесінің меңгерушісі Болат ҚАЛИЕВПЕН (суретте) кездесіп, сұхбат алдық.

ҚАНША ҰШАҚ БАР?

Облыстық бөлімше Атырау облыстық ауруханасының базасында орналасқан. Бұл жерде меңгерушіден бөлек диспетчерлер күн-түн демей телефонға жауап беруге міндетті.

- Болат Әнуарұлы, бөлімшеде қанша ұшақ, көлік бар?  

- Қазіргі таңда біздің бөлімшеде 1 еврокоптер ЕС-145 тікұшағы, АН-2 ұшағы және 3 реаномобиль қызмет көрсетеді. ЕС-145 тікұшағы «Казавиаспас» АҚ батыс өңірлік қоғамына тиесілі, бұл әуе көлігі санитарлық авиацияның барлық техникалық талаптарына сай медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал, АН-2 ұшағы «Орлан-2000» ЖШС батыс өңірлік филиалына тиесілі, ол да техникалық талаптарға сай.

- Биыл қанша шақырту түсті?

- Осы жылдың 9 айы бойынша 149 шақыртуға санитарлық авиация көмекке жеткен, соның ішінде 81 шақырту әуе көлігімен, 68 шақырту автокөлікпен орындалған. Барлығы 171 адамға медициналық көмек көрсетілді. Санавиация бойынша көбіне акушерлікке (25 шақырту), жаңа туған сәбилерге (46), түрлі сипаттағы жарақаттар (33), жүрек-қан тамырлары аурулары (34), тыныс алу жүйелері, асқазан-ішек жолдары, т.б. аурулар (35) бойынша қызмет көрсетілді.

Бөлімше меңгерушісінің айтуынша, ұшақ пен тікұшақтың қонуы үшін облыстың ешбір ауданында ұшып-қонуға арналған арнайы аэродромдық алаңқай жоқ. Аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарды айтпағанның өзінде орталықтарда ешқандай жағдай қарастырылмаған. Тағы бір проблема - автокөлік жолдарының жағдайы. Әсіресе, Құрманғазы ауданына апаратын трасса көп қиындық тудырады. Ал, өлім аузында жатқан науқасқа медициналық көмектің дер кезінде көрсетілгені керек.


Eurocopter EC 145 — «Eurocopter» француз-неміс концерні құрастырған көпмақсатты тікұшақ. 2011 жылдың 1 желтоқсанында «Еврокоптер Қазақстан» бірлескен кәсіпорнында құрастырылған екі ЕС-145 тікұшағы таныстырылып, сынақтан өткізілді.




ҚАТЕЛЕСУГЕ БОЛМАЙДЫ

- Ал қазір сіздердің әуе көліктеріңіз қалай ұшып-қонады?

- Тегіс жерлерге. Қазіргідей күзгі, қысқы мезгілде ұшақ енді қона алмайды, көмек тек тікұшақпен көрсетіледі. Сондықтан алыс ауылдарға ең болмағанда диаметрі 10-15 метр болатын алаңдар салынуы тиіс. Бұл - санавиация саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі.

- Ал бұл мәселе бұрын көтерілді ме?

- Иә, әрине, көтерілді және бірнеше жыл қатарынан әкімдікке хат жолдадық, алайда, ешқандай жауап болмады.

- Астана мен Алматыдан дәрігер мамандарды алдыртасыздар ма? Дәрігерлер жетіспеушілігі туралы айтып өттіңіз ғой.

- Дәрігерлер аудандарда жетіспейді. Ал Атырауға республикалық орталықтарда жасалатын оталар бойынша дәрігерлер келіп, осы жерде ота жасайды немесе өздерімен бірге алып кетеді.

- Далада, жол бойында жол көлік апаты орын алды делік. Сіздерге хабар қалай түседі?

- Мақат бағытындағы тас жолда медициналық пункт бар. Ол жерде кезекші медициналық қызметкерлер отырады. Онымен қоса жол бойында жол-патрульдік инспекторлары кезекшілік құрады. Солардан хабарлама келген бойда біздің жақтан дәрігерлер бригадасы – травматологтар, нейрохирургтар, анестезиологтар - жолға шығады. Мәселен, жақында Құрманғазы ауданында бір адамды көлік қағып кетіп, оны аудандық орталық ауруханаға жеткізген. Бізге хабар түскен соң дәрігерлер жолға шығып, жеткен соң түнде ота жасады. Жабық бас-ми жарақатын алған науқасты бірден тасымалдап әкелуге болмайтын болды, сондықтан, сол жерде көмек көрсетіліп, үшінші күні бізді қайта шақыртып, бұл жолы тікұшақпен оны облыс орталығына жеткіздік.

- Жедел түрде медициналық қызмет көрсету үшін осы бір ұшақ пен бір тікұшақ жеткілікті ме? Кез келген уақытта қолдана аласыздар ма?

- Тек күндіз ғана ұшуға болады. Түнде көмекке тек реаномобильдер ғана барады. Тағы бір тікұшақтың резервте тұрғаны жақсы. Жазда бір жағдай болды, тікұшақ Құрманғазы ауданына кеткен еді, бұл кезде ұшақ ұшпай тұрған, ақау шыққан болатын. Миялыдан шақырту түсті. Біз сол кезде Ақтөбедегі әріптестерімізге хабарласып, көмек сұрадық. Олар келіп, сол жерде ота жасап, қайта ұшып кетті. Біз де көмегімізді ұсынамыз, мәселен, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына жол-көлік апатына ұшып барған жағдай болды. Тірі қалған, бірақ бас-ми жарақатын алған екі баланы алып, осы жерге әкеліп, ота жасалды. Осылайша сәбилердің өмірін құтқарып қалдық.

Атырау облыстық санитарлық авиация бөлімшесі облыстың әр жерінен түскен шақыртуларды қабылдап, реттейді. Келген құжаттар Астанаға жолданады, олар жедел түскен ақпаратты қарастырып, қорытынды шығарады. Ұшуға ресми түрде рұқсат берілгеннен кейін ұшқыштарға хабар беріледі, бұл кезде бригада дайын отырады,  шақырту түскеннен кейінгі 60 минуттың ішінде олар әуе көлігімен ұшып кетеді.

Әртүрлі бейім бойынша 51 маманнан тұратын дәрігерлер кестесі алдын ала құрылады. Кесте бойынша кезекші дәрігерлер тәулігіне 24 сағат бойы дайын отыруы керек.


Ан-2 - «Кукурузник» - кеңестік жеңіл көп мақсатты ұшақ. АН-2 ауыл шаруашылығы, спорт, көлік, жолаушылар ұшағы ретінде қолданылады және көптеген елдердің әскери-әуе күштерінде бар. Көптеген ұшақтар 40 жылдың үстінде ұшқан, ұшу сағаты 20 мыңнан астам уақытты құраған. АН-2 КСРО, Польшада құрастырылған, қазір Қытайда шығарылады. Барлығы 18 мыңнан астам АН-2 ұшағы құрастырылған. Әлемнің 26 еліне экспортталған. АН-3 ұшағы шыққанға дейін әлемдегі ең үлкен бір қозғалтқышты биплан болып есептелді. 60 жылдан бері құрастырылып келе жатқан әлемдегі жалғыз ұшақ ретінде Гиннес рекордтар кітабына енгізілген.

БИЛЕТ БАҒАСЫ ҚЫМБАТ

- Бізде алыс ауылдарға әуе көлігі қанша уақыт ұшады?

- Егер тек тасымалдау болса, шамамен 2 сағаттай уақыт кетеді, 40 минуттан әрі-бері 80 минут және жарты сағат тиеу барысына жұмсалады.

- Тікұшақ пен ұшақтың ұшуы қанша тұрады? Және олар қай бюджеттен қаржыландырылады?

- Кепілдендірілген тегін медициналық көмектің аясында санитарлық авиация мен жедел жәрдем көмегі қажет болған жағдайда шұғыл тасымалдау құны әуе көлігінде сағатпен есептеледі – бір сағат ұшудың құны 902 000 теңге, автокөлікпен көмек көрсету құны – 126 464 теңге.

Біз әуежайға арнайы барып, еврокоптер тікұшағы мен АН-2 ұшағын көзімізбен көріп қайтқан едік.

«Казавиаспас» АҚ батыс өңірлік қоғамының инженері Әсет ӘЛІБЕКОВ еврокоптердің 2014 жылы Астанадағы «Казинжиниринг» зауытында құрастырылғанын айтты. Қазіргі кезде 450 сағат ұшқан тікұшаққа кезекті жөндеу 2018 жылы жасалмақ. 2 ұшқышпен басқарылатын тікұшақтың жанармай багы 680 кг отынға арналған. Оған қосымша 170 кг тағы бір бак бар. 100 шақырымға 220 кг отын жағады. Мәселен, қашықтығы 270 шақырым болатын Атырау – Миялы – Атырау бағытында осы қосымша бак пайдаланылады.

Ал, АН-2 ұшағы 1965 жылы Польша зауытында құрастырылған. 2016 жылы Ақтөбедегі зауыттан толық жөндеуден өткен. Сол кезден бері 37 сағат ұшқан.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор


Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

872 рет қаралдыБасты бет

Тақырып бойынша жаңалықтар

Сара Оразова: Дәрі-дәрмек бағалары бақылауға алынады  472 рет қаралды

Қария мен өзен  1112 рет қаралды

Хайп, Атырау  1664 рет қаралды

Қолыңызға газет ұстағаныңызға көп болды ма?  1121 рет қаралды

Басты бет

1 2 3 4 5