Атырау, 29 наурыз 17:05
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Алаң иелері Еуротурнирден құр қалды

3 032 просмотра


5 қарашада қазақстандық премьер-лиганың 33-ші қорытынды турында «Атырау» қостанайлық «Тобылмен» сырт алаңда ойнады. Бұл матчта меймандар айтарлықтай жоспар құрмады. Ал алаң иелеріне 3 ұпай өте қажет болатын.

Ақ-жасылдар екінші лигаға шығып кетеді деп болжанғандығын ескерсек, маусымдық тапсырмаларды мұнайшылар толықтай орындады. Бұлай деуге барлық негіз болған еді. Чемпионат басталғанда бұрынғы ойыншылар алдындағы бережақ үшін командадан ұпайлары алынып тасталды. Содан кейін ол ұзақ уақыт бойына дағдылы жолына түсе алмай, бәсекелестерінің алдында тізе бүгумен болды. Осыдан кейін хорваттық тәлімгер Зоран ВУЛИЧТІҢ отставкаға кетуі қисынды еді. Тек бапкер Сергей ПАВЛОВ келгеннен кейін ойыншылар дүр сілкініп, бірнеше ай ішінде алғашқы сегіздіктің қатарынан орын алды. 

Бірақ Павлов та өзінен бұрынғы бапкер секілді клубта ұзақ тұрмады. Қатарынан бірнеше рет жеңіске жеткеннен кейін команда қайтадан шығу аймағына ығысты. Оның үстіне футболдан Қазақстан кубогының финалында ұтылып қалды. Командаға бапкер Қуаныш ҚАБДОЛОВ уақытша жетекшілік етті. Мұнайлы астана командасының жолы болып, чемпионат аяқталғанша ақ-жасылдар 8-орынға тоқтады. Олардан кейін «Ақтөбе» жайғасқан еді. Бірақ бұл енді маңызды емес. Келесі маусымда «Атырау» қайтадан премьер-лигада ойнайды.

Қостанайдағы ойынға оралсақ. Меймандар жайбарақат еді, осы босаңсуды «Тобыл» ойыншылары пайдаланып қалды, оларға 3 ұпай өте қажет еді: команда павлодарлық «Ертіспен» Еуропа Лигасына соңғы жолдама алу үшін күресті. Матчтың 10-минутында Шавкат САЛОМОВ өз қақпасынан қауіпті сейілтіп, Владимир ДВАЛИШВИЛИГЕ доп берді.  Грузин легионері допты игере алмай, доп ойыншының кеудесінен алаң иелеріне қарай ыршып түсті. Дмитрий МИРОШНИЧЕНКО допты қағып алып, Жасұлан МОЛДАҚАРАЕВҚА, ол өз кезегінде Ника КВЕКВЕСКИРИГЕ жолдады. Ол допты әуелете жүгіріп бара жатқан Мирошниченкоға жеткізді. Қорғаушы допты айып алаңына қарай бағыттап, Алексей ЩЕТКИН әдемілеп құлап, басымен допты қақпаға салды – 1:0.

Мұнайшылардың қимылында олқылықтар көп болды, бұл футболшылар физикалық тұрғыда дайын емес-ау деген ойға жетеледі. Екінші таймда ойын көрінісі өзгермеді: «Тобыл» бастырмалап, «Атырау» қорғаныста болып, әлсін-әлі қарсы шабуыл кезінде қысым жасауға әрекеттенді. Бірақ ақ-жасылдар тарапынан қателіктердің жиі орын алғаны сондай, есеп едәуір алшақтықта ұятқа қалдыратын еді. «Атырау» қақпасына екінші гол орта шептегі қорғаныстың да салғырттығынан орын алды: 60-минутта «Тобыл» қақпашысы қақпадан допты шығарып, Щеткин Артурас ЖУЛПАҒА баспен соғып, ол Дидар ЖАЛМҰҚАНҒА берді. Қорғаушы айтарлықтай қарсылыққа тап болмаған соң, сол жақ қапталдан айып алаңына допты әуелете соқты. Ең әттеген-айы, мұнайшылар допты қағып жіберуге ұмтылмады. Олар Жасұлан Молдақараевқа қақ жарылып жол беріп, оған өздерінен асыра доп соғуға мүмкіндік бергендей болды. Бірақ ол гол сала алмады. Алайда, Артурас Жулпа бір секундтан кейін Андрей ПАСЕЧЕНКОНЫҢ қақпасына доп салды – 2:0.

Матчтың қалған минуттарында «Тобыл» меймандардың қақпасын көп қыспаққа ала қоймады. Ал мұнайшылар жай ғана ойнап шықты. Алаң иелері барын салып, ойында жеңіске жетті. Алайда, Еуропа Лигасына іліге алмады: сол күні басқа матчта «Ертіс» соңғы минуттарда «Шахтердан» жеңісті тартып алып, қостанайлықтарды беделді турнирден құр қалдырды.

Марат ТАКУЛИН

6 қараша 2017, 16:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.